Жарылыс қасіретінің тарихи сабақтары
Семей ядролық сынақ полигонының жабылғанына – 35 жыл

Семей ядролық полигоны – ХХ ғасырдағы ең ауыр экологиялық әрі гуманитарлықапаттардың бірі. Бұл ең сынақтар қазақ жұртына қасіреттің қалың қамытын кигізді. Сайын сахарада қырық жыл бойы жүздеген ядролық жарылыс жасалып, оның зардабы миллиондаған адамға әсер етті. Салдарынан қоршаған орта ластанып, халық радиацияның залал ықпалына ұшырады.
Қазақстан халқы ядролық сынақтарға қарсы күрес жүргізіп, өз наразылығын ашық білдірді. Халықтың белсенділігі мен тәуелсіздікке ұмтылысының нәтижесінде 1991 жылғы 29 тамызда Семей ядролық полигоны біржола жабылды. Полигон жабылғаннан кейін Қазақстан әлемдегі жетекшіжарылыс арсеналдан өз еркімен бас тартып, ядролық қарусыздану саясатын таңдады. Бұл қадам еліміздің бейбітшілік пен халықаралық қауіпсіздікке қосқан маңызды үлесі ретінде бағаланды.
ГЕОСАЯСИ ТЕКЕТІРЕС ЖӘНЕ ҚАЗАҚ ДАЛАСЫНЫҢ «ТАҢДАЛУЫ»
Екінші дүниежүзілік соғыстың соңғы нүктесін Хиросима мен Нагасакиге тасталған атом бомбасы қойғаны баршаға белгілі. Бұл қадам әлем жұртының қаперіне ядролық дәуірдің қуаттылығын қаттатты. Бұл туралы тарихшы Гүлбағида Мейірханқызы былай дейді.
«1945 жылғы 16 шілдеде АҚШ Нью-Мексико штатында әлемдегі алғашқы ядролық сынақты өткізгеннен кейін Кеңес Одағы да әскери-стратегиялық тепе-теңдікті қамтамасыз ету мақсатында өзінің атом бағдарламасын жедел дамытуға кірісті. Бұл жобаны И.В.Сталин мен Л.П. Берия бақылап, ғылыми жетекшілігін И.В. Курчатов атқарды. 1947 жылы КСРО үкіметінің шешімімен Қазақстан аумағында Семей ядролық сынақ полигоны құрылды. Кейін бұл полигонда жүздеген ядролық сынақ жүргізіліп, өңір халқы мен қоршаған ортаға ауыр зардап келтірді».
Айтуынша, бұл аса маңызды стратегиялық объектіні орналастыру үшін Мәскеу тарапынан Қазақстан аумағынан 18 миллион гектар немесе 18,5 мың шаршы шақырым жер бөлінген. Бұл орасан зор аумақ қазіргі Абай облысының, Қарқаралы, Баянауыл және Май аудандарының шекараларына дейін созылған.
e-history.kz сайты тақырып аясында ақпараттық құпиялық пен жабық саясаттың шымылдығы артында мынадай басты факторлар назарға алынып, аймақтың географиялық және геологиялық ерекшеліктері ескерілгенін айтады.
Жер асты жарылыстарына қолайлы таулы қатпарлардың болуы, басқару орталығы – Курчатов қаласын салуға инфрақұрылымдық қолайлылыққа да қарайды. Өкініштісі, Мәскеудің есебінде бұл жерлерде «халықтың сирек орналасуы» және онда негізінен тек жергілікті қазақтардың тұруы да есептелген. Осылайша, еліміздің ең шұрайлы, тарихи құнды өңірі алып әскери зертханаға айналаған. Полигонның инфрақұрылымы Курчатов қаласын, реакторлар кешенін және бірнеше негізгі сынақ алаңдарын қамтыды. Олар: «Балапан», «Сары-Өзен», «Г» және «Ш» деп аталатын арнайы аймақтары еді.
ОЙРАНДАТҚАН «ОТТЫ ДОП»
«pubs.usgs.gov» – Халықаралық зерттеуі материалдарына үңілсек, «жаға ұстатар» жайтқа кез боламыз.
Семей ядролық полигонының алғашқы жарылыстары және оның қалай басталғаны туралы естеліктер – сол кезеңдегі зерттеуші ғалымдардың, көзбен көрген жергілікті тұрғындар мен тарихшылардың еңбектерінде сақталған. Полигон зардабын алғашқы күннен бастап ғылыми тұрғыда зерттеп, халықтың мұңын жоқтаған көрнекті қазақстандық ғалым, медицина ғылымдарының докторы, профессор Бақия Атшабаровтың және полигон маңында тұрған қарапайым куәгерлердің естеліктері негізінде құрастырылған пікір-дерек берілген.
«1949 жылғы алғашқы жарылыс уақытында Мәскеу билігі жергілікті халыққа радиацияның, атом зардабының не екенін мүлдем түсіндірген жоқ. Әскерилер үшін қазақ даласы тек сынақ алаңы, ал ондағы халық «тірі эксперименттің» объектісі ғана болды.
Біз кейін арнайы медициналық экспедициямен барып, зерттеу жүргізгенде сұмдық жайттарға тап болдық. Халыққа ешқандай қорғаныш құралдары берілмеген, тіпті алғашқы жылдары жарылыс болатыны да ескертілмеген. Инфрақұрылымы толық дайын, радиацияны өлшейтін құралдары бар әскерилер мен ғалымдар И.Курчатов, Л.Берия тағы басқа арнайы тасадан, қауіпсіз бункерлерден бақылап тұрғанда, таяу маңдағы сирек ауылдардың қазақтары далада ештеңеден бейхабар жүрді. Сынақтан соң ауаға тараған радиоактивті заттар мен қолдан жасалған жел айдаған ащы түтін бірден елді мекендерді басты. Адамдар радиацияның сұмдық дозасын алғашқы секундтарда-ақ қабылдады. Бұл емдеу емес, тек Мәскеуге құпия мәлімет жинау үшін жасалған жабық зерттеулердің басы еді», – дейді зерттеуде.
«Әлі есімде. 1949 жылдың 29 тамызында таңғы сағат жетіде кенеттен жер сілкінгендей болды. Терезелер сықырлап, сыртқа шыққанымызда, аспаннан алып үлкен отты шарды көрдік.
Балалықпен не болғанын бағамдай алар емеспін. Тіпті үлкендер де абдырап қалды. Әжем: «Астафыралла» деп мені етегімен көлегейлей берді. Алғашында ешкім ештеңе білмепті. Бертін келе 1950 жылдардың басында жарылыс қалыпты жағдайға айнала бастады. Салдарынан қаншама ауылдас, туыстарымыз жазылмайтын дертке ұшырап, мүгедек балалар дүниеге көптеп келді», – деген сол күндердің куәгері Айбек Берікбаев.
Семйедің ащы шындығын дәлелдеген мақалалар мен зерттеу еңбектерінен полигон маңындағы ауыл тұрғыны, ядролық сынақтардың куәгері пікіріне ден қойдық.
«Бізді әскери адамдар киізбен жауып қоятын. Бірақ оның радиациядан қорғамайтынын кейін ғана түсіндік», – деген Мендібай Өмірханов.
«Саңырауқұлақ тәрізді алып бұлттарды көрдік. Ол өте қорқынышты болатын. Сол көрініс әлі күнге дейін есімде», – деген естелік қалдырған полигон маңында өскен тұрғын Галина Торношенко.
Полигонды жабудан кейінгі залалсыздандыру жұмыстарына қатысқан мамандар радиоактивті аймақтарды топырақпен көміп, қоршаулар орнатқанын және қауіпті жабдықтарды бетон қоймаларға орналастырғанын хабарлаған. Бұл жұмыстар бірнеше кезеңмен жүргізілген. Осы залалсыздандыру жұмыстарына атсалысып, денсаулықтарына қауіп төнген ел тұрғындары жеткілікті.
Семей полигонының тарихи рөлі, ядролық сынақтардың кезеңдері, халық денсаулығына және табиғатқа әсері ғылыми тұрғыдан талданған Н.Тоқтағанов пен А.Садықованың «Семей полигонының тарихи маңызы және ядролық сынақ нәтижесінің кезеңі мен сипаты» атты мақаласында төмендегідей жолдар бар.
«Бұл КСРО-дағы тұңғыш атом бомбасы – РДC – арнайы реактивті қозғалтқыш плутоний зарядының жер бетіндегі 38 метр биіктіктегі жарылысы еді. Жарылыстан кейін қолқаны атар түтін мен өртең иісі жан-жаққа тарап, таяу маңдағы ауылдардың тұрғындары жарты аспанды алып кеткен от-жалынға таңырқай қарап тұрды. Ешкім бұл құбылыстың өздері мен ұрпақтарының өмірін тас-талқан ететін қасірет екенін сезген де жоқ. Далада тірі жан қалмады: жанталасқан тышқандар мен кесірткелердің өлі денесі күлге айналды. Бұл тек бастамасы ғана болатын. Алда әлі 40 жылға созылған ядролық мазақ күтіп тұрған еді».
М.Жәнібеков, Ә.Оспанова, Р.Мұхамеджанованың «Семей ядролық полигоны: библиографиялық шолуында Семей полигонындағы негізгі сынақтардың салыстырмалы кестесі берілген.
Сынақтардың ішіндегі ең жойқындарының бірі – 1953 жылғы 12 тамыздағы алғашқы сутегі бомбасының жарылысы. Оның қуаты 480 килотоннаға жетіп, жарылыстан кейін радиусы ондаған километр болатын жерде дала шөптері бірнеше күн бойы көгілдір сәуле шығарып тұрған.
Ал 1955 жылдың 22 қарашасында академик А.Сахаровтың жобасымен жасалған РДC-37 термоядролық заряды жарылғанда, соққы толқыны бүкіл Қазақстан мен Ресейдің көршілес аймақтарын дірілдеткен. 1963 жылғы Мәскеу келісімінен кейін сынақтар жер астына көшірілгенімен, қауіп сейілген жоқ. Дегелең тауының астында жасалған 340 жарылыс тауды қиыршық тас үйіндісіне айналдырды. Әрбір үшінші жарылыстан кейін жер астынан радиоактивті инертті газдар сыртқа шығып жатады.
Ең сорақысы 1989 жылдың 12 ақпанында орындалады. Қуаты 70 килотоннадан асатын заряд жарылғанда, жер бетінде үлкен саңылаулар пайда болып, екі тәулік бойы улы газ бөлінеді. Радиоактивті бұлт 30 мыңнан астам адам тұратын Шаған қаласы мен маңайдағы ауылдарды бүркеп, радиациялық фон табиғи деңгейден 200 есе яғни 3000-4000 микрорентгенге дейін асып кетеді.
Ғылымдар Семей полигонында әуеде және жер бетінде сынақтан өткізілген ядролық зарядтардың жалпы қуаты 1945 жылы Хиросимаға тасталған атом бомбасының қуатынан 2,5 мың есе көп болғанын алға тартады. Бұл – қазақ жерінде мыңдаған Хиросима қасіреті қайталанды деген сөз.
ГУМАНИТАРЛЫҚ ЖӘНЕ ЭКОЛОГИЯЛЫҚ АПАТТЫҢ АЩЫ ШЫНДЫҒЫ
Семей ядролық полигоны – ХХ ғасырдағы ең ауыр экологиялық әрі гуманитарлық апаттардың бірі. Ең сорақысы – Мәскеу билігі жергілікті халыққа радиацияның зияны туралы тіс жарып ештеңе айтпаған. Тек 1953 жылдан бастап қана жарылыс алдында адамдар мен малды уақытша көшіру немесе орлар мен кепелерге жасыру туралы ескертулер беріле бастаған. Алайда, сынақ біткен соң халық радиациямен уланған өз үйлеріне қайта оралып, құдықтан су ішіп, мал етін жей береді.
Бұл сұмдықтың алғашқы шын да жүйелі деректерін Қазақ КСР Ғылым академиясының кең ауқымды медициналық-экологиялық зерттеулері ашып берді. Бұл ғылыми экспедицияларды атақты профессор Б.Атшабаров басқарады. Ғалымдар радиацияның адам ағзасына ықпал ету механизмін, әсіресе иондаушы радиацияның гендік кодты дауасыз өзгерістерге соқтыратынын анықтады. Зерттеулердің нәтижесі қорқынышты еді. Онкологиялық аурулардың күрт өскен.
Сынақтар басталғалы бері өкпе мен сүт бездерінің рагы, лимфогемобластоз және басқа де қатерлі ісік патологиялары үш есе өскен.
Жағдай демографиялық трагедияны ушықтырған. Радиациялық сәулеленудің ықпалына ұшыраған Семей және Павлодар облыстарында тәндік және естік кемшіліктері бар, генетикалық мутацияға ұшыраған сәбилер дүниеге ерекше көп келе бастаған.
Зерттеудер психологиялық соққының да артқанын анықтаған. Кейбір елді мекендерде суицид деңгейінің жоғары болуы тіркелген. Мамандар мұны радиацияның адамның орталық жүйке жүйесіне тигізген тікелей әсерімен байланыстырады.
Топырақ пен судың улануы – әлем экологтарының «жанайқайы».
Аталмыш кезеңде радиоактивті жауын 304 мың шаршы шақырым жерге жайылып, радионуклидтер: темір, мыс, магний сынды ауыр металдар топыраққа сіңуі жердің құнарлығын жойып, дәнді дақылдар арқылы адам организміне түсіп отырған.
Сарапшылардың айтуынша, полигон зардабы мен радиацияның қалдықтары әлі ұзақ жылға дейін созылуы мүмкін. Дереккөздерге сүйенсек, бұрынғы Семей облысының тұтас аумағы уланып, 1,2 миллионнан 1,5 миллионға дейін азамат бұл қасіретті өз тәнімен сезінуде.
ҚОЗҒАЛЫС СЕРПІНІ НЕМЕСЕ ХАЛЫҚТЫҚ ҚАРСЫЛЫҚ
Атом тозағына қарсы халықтың үнсіз наразылығы ұзақ жылдар бойы іште бұлығып жатты. Тек 1980 жылдардың соңындағы жариялылық кезеңінде ғана бұл мәселе ашық айтыла бастады. Оған қозғау салған 1989 жылғы 12 ақпандағы Шаған қаласын улаған әскерилердің кезекті жауапсыздығы еді. Бұл жайтты естіген Қазақстан Компартиясы Семей облыстық комитетінің бірінші хатшысы Кешірім Бозтаев Мәскеуге, КОКП Орталық Комитетіне сынақты дереу тоқтатуды және халыққа көмек көрсетуді талап еткен құпия шифрограмма жолдайды. Бұл – ресми деңгейде жасалған алғашқы батыл қадам еді.
Сең қозғалып, 1989 жылдың 25 ақпанында белгілі қоғам қайраткері, ақын Олжас Сүлейменов Қазақстан орталық телевизиясы арқылы тікелей эфирге шығып, Семей полигонындағы сынақтарды дереу тоқтатуды талап етіп, жұртшылықты антиядролық қозғалыс құруға шақырады. Осылайша, 28 ақпанда Қазақстан тарихындағы тұңғыш бұқаралық қоғамдық ұйым – «Невада-Семей» антиядролық қозғалысы өмірге келді. Қозғалыстың алғашқы үлкен митингісі Семей облысының Абай ауданы Қарауыл ауылында өтіп, оған мыңдаған адам қатысады.
Халық бірауыздан «Ядролық қаруға жол жоқ!», «Сынақтар тоқтатылсын!» деп ұрандатады. Бұл қозғалыс лезде халықаралық сипатқа ие болып, АҚШ-тың Невада, Францияның Муруроа, Жаңа Жердегі сынақ алаңдарының құрбандарын біріктіреді. «Невада-Семей» қозғалысының бұқаралық ақпарат құралдарында радиация зардаптары туралы ашық пікірталас қалыптастырады. Халықтың біріккен күші билікке ықпал ете алатынын дәлелдеп, ұлттық сананы оятады. Нәтижесінде 1989 жылы Мәскеу жоспарлаған 18 ядролық сынақтың саны 7-ге дейін азайтылады. Наразылық толқыны Қарағанды шахтерлері мен Павлодар, Алматы жұртшылығы тарапынан кең қолдау тауып, 1989 жылдың 19 қазанында Семей топырағында ең соңғы ядролық жарылыс жасалды. Одан кейін халықтық мораторий жарияланып, кез келген жаңа сынақ жаппай ереуілге ұласатыны Мәскеуге ескертілді.
ТАРИХИ ШЕШІМ: ӘЛЕМДІК МОЙЫНДАУ
Кеңес Одағы ыдыраудың алдында тұрған өтпелі кезеңде Семей полигонын жабу сол қасіреттің зардабын тартып отырған Қазақстан жұрты үшін оңайға түскен жоқ.
Чернобыль апатынан кейін Мәскеуден полигон аумағын Талдықорған облысының есебінен кеңейту туралы бұйрық келген. Алайда, қазақстандық басшылық бұл құжатқа қол қоюдан бас тартып, халықтық наразылықтар мен митингілер ұйымдастыру арқылы Мәскеудің жоспарын іске асырмайды. 1989 жылы 30 мамырда Н. Назарбаев КСРО Жоғарғы Кеңесінің отырысында сөз сөйлеп, әскерилердің «ядролық сынақтар адам денсаулығына зиянсыз» деген өтірігін әшкерелеп, терең халықаралық талдау жүргізуді талап етеді. КГБ органдары да Мәскеуге Қазақстанда 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасынан да бетер жаппай көтеріліс басталып кетуі мүмкін екенін жеткізді. Осылайша халықтың қалауы мен саяси жігердің тоғысуымен тарихи сәт туды. 1991 жылдың 29 тамызында Қазақ КСР Президенті Н.Ә.Назарбаев Мәскеудің, КСРО әскери басшылығының келісімінсіз «Семей ядролық полигонын жабу туралы» Жарлыққа қол қояды.
Тіпті сол күні өткен Парламент сессиясында кейбір депутаттар Мәскеуден өтемақы алу үшін «тағы бірнеше жарылыс жасауға рұқсат берейік» дегеніне қарамастан, мемлекет басшысы өз жауапкершілігімен полигонның жұмысын біржолата тоқтатады. Бұл шешімнің әлемдік тарихи маңызы зор еді. Себебі Қазақстан өз еркімен әлемдегі төртінші ядролық арсеналдан бас тартқан ел болды.
1992 жылдың мамыр айында полигон базасында Курчатов қаласындағы Ұлттық ядролық орталық құрылады. Семейдің жабылуынан кейін Ресейдің, АҚШ-тың және Францияның полигондарында сынақтарға мораторий жарияланады. 2009 жылы Қазақстанның бастамасымен, 26 мемлекет: Жапония, Беларусь, Бразилия сынды елдер қолдауымен БҰҰ Бас Ассамблеясы 29 тамызды – Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық күн деп жариялады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің мәлімдемесінде бұл батыл әрекеттің әлем тарихындағы жарқын бет ретінде мәңгі қалатынын және жаһандық қауіпсіздікке қосылған зор үлес екенін нақтылаған.
СЕМЕЙДЕН – БИКИНИГЕ ДЕЙІН: ОРТАҚ ҚАСІРЕТТІҢ ІЗІ
Тарихқа үңілсек, Семей полигоны сияқты ядролық сынақтардың ауыр зардаптары басқа елдерде де болған.
Ядролық сынақтардың ең ауыр зардабы адам денсаулығына тиді. Полигонға жақын орналасқан ауылдардың тұрғындары қатерлі ісік, жүрек-қан тамырлары аурулары, қан аурулары және жүйке жүйесінің бұзылуы сияқты дерттерге жиі шалдықты. Сонымен қатар, көптеген балалар туа біткен кемістіктермен дүниеге келді. Зерттеулер тұрғындардың едәуір бөлігі өздерінің денсаулық мәселелерін ядролық сынақтардың салдары деп есептейтінін көрсетеді.
Семей полигоны табиғатқа да үлкен зиян келтірді. Жер, су және ауа радиоактивті заттармен ластанып, экожүйеге орасан нұқсан келген. Кейбір аймақтарда радиацияның іздері әлі күнге дейін сақталған. Бұл жағдай ауыл шаруашылығы мен халықтың тұрмыс-тіршілігіне ұзақ уақыт әсер етті.
Қатерлі ісік әсіресе лейкемия, қалқанша безі обыры, туа біткен ақаулар, генетикалық аурулар, иммундық жүйенің әлсіреуі, анемия және созылмалы аурулардың өсуі байқалды. Семей өңірінде нәрестелердің туа біткен ақаулары мен өлім-жітім көрсеткіші айтарлықтай жоғары болды. Радиацияның әсері ұрпақтар арасында жалғасуда.
Германияның Радиациялық қорғаныс федералдық басқармасы Бернд Гроше Семей полигонын «төмен дозалы сәулеленудің адам денсаулығына әсерін зерттеудегі ең маңызды аймақтардың бірі» деп сипаттайды. Оның пікірінше, Семейдегі деректер радиацияның қатерлі ісік пен басқа да ауруларға ұзақ мерзімді ықпалын түсінуге мүмкіндік береді.
Топырақ пен су көздері радиоактивті изотоптармен ластанды. Кейбір аумақтар мысалы, Ground Zero және Балқапан көлі әлі күнге дейін қауіпті болып қалуы мүмкін. Жануарлар дүниесі мен өсімдіктер әлемі өзгеріске ұшыраған.
Бұл сынақтар ядролық қарудың қаупін, радиациялық ластанудың ұзақ мерзімді салдарын және бейбіт тұрғындардың құқықтарын бұзудың жарқын мысалы болды. Ол ядролық соғыстың немесе жаңа сынақтардың қандай апат әкелетінін көрсеткен.
«Сайын даламыз ядролық жарылыстардан қалтырап бітті, сондықтан да онда ары қарай үнсіз қалу мүмкін емес. 40 жыл ішінде бұл арада мыңдаған Хиросималар жарылды. Біз келешекті қауіппен күтудеміз...» деген жолдар бар 6 тамыз 1989 жылы «Невада-Семей» қозғалысының КСРО және АҚШ Президенттеріне жолдаған Үндеуінде.
1946–1958 жылдары АҚШ Бикини және Эниветок атоллдарында ондаған ядролық сынақ өткізді. Радиациялық ластану салдарынан тұрғындар көшірілген. Ал кейбір аралдар әлі күнге дейін толық қауіпсіз деп саналмайды. Рунит аралында радиоактивті қалдықтарды сақтау күмбезі орналасқан.
1951–1992 жылдары АҚШ мұнда 900-ден астам ядролық сынақ жүргізген. Атмосфералық жарылыстардан кейін радиациялық бұлттар үлкен аумақтарға тараған. Кейбір сынақтардан кейін жұмысшылар радиацияға ұшыраған жағдайлар тіркелген.
Франция 1960–1990 жылдары Муруроа және Фангатауфа атоллы осы аймақтарында көптеген ядролық сынақтар өткізген. Кейін қоршаған орта мен халық денсаулығына әсері туралы даулар мен зерттеулер жүргізілді.
Француздар алғашқы ядролық қаруын Алжир шөлінде сынаған. Кейін радиациялық ластану мен жергілікті халыққа әсері жөнінде мәселелер көтерілген.
Лоп-Нор – атмосфералық және жерасты сынақтары жүргізілген, олардың қоршаған орта мен халыққа ықпалы туралы зерттеулер бар қытайдың негізгі ядролық сынақ полигоны.
Бұл жерлер – ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен адамзаттың ортақ трагедиясының символдары. Оларды географиялық жағынан бөлек болса да, тарихи, адамдық және экологиялық тұрғыдан біртұтас қасірет біріктіреді. Айырмашылығы да орасан. 1949 жылдан – 1989 жылға дейін Семей ядролық сынақ полигонында Кеңес Одағы 450-ден астам ядролық сынақ өткізген. Бұл сынақтардың басым бөлігі ашық ауада жүргізілуі болды. Сынақтар халық тығыз орналасқан аймақтарға жақын жүргізіліп, шамамен 1,5 миллион адам радиация әсеріне ұшыраған. Кеңес Одағы жергілікті халықты жеткілікті деңгейде қорғамаған.
Полигонның аумағы шамамен 18,5 мың шаршы шақырымды алып жатқанын ескерсек, ал оның зардабы миллиондаған адамның өміріне әсер еткен. Жоғарыдағы дереккөздер Семей полигоны — әлемдегі ядролық сынақтардың шамамен төрттен бір бөлігі өткен орын деген тұжырымды жан-жақты растайды.
Қатерлі ісіктерді зерттеу жөніндегі халықаралық агенттік Аусреле Кесминене мен әріптестері бұрын жиналған эпидемиологиялық деректерді жаңа биологиялық материалдармен байланыстыру қажет екенін атап өткен. Олар Семей халқының денсаулығына әсерді толық бағалау үшін ұзақ мерзімді зерттеулерді жалғастыруды ұсынады.
Хиросима университетіндегі Масахару Хоши бастаған жапон ғалымдары Семей маңындағы халықтың сәулелену дозаларын қайта есептеп, кейбір ауыл тұрғындарының атмосфералық сынақтардан едәуір радиациялық әсер алғанын көрсеткен. Бұл зерттеулер тұрғындардың нақты сәулелену деңгейін бағалауда маңызды рөл атқарады.
АҚШ Ұлттық зерттеу кеңесінің сарапшысы Тина Карлсен Семейдегі денсаулыққа әсерлер жақсы зерттеле бастағанымен, полигон аумағының толық ластану деңгейі әлі де жеткілікті сипатталмағанын және қосымша зерттеулер қажет екенін жазады.
Ғалымдардың ортақ тұжырымы бойынша, Семей полигонының әсері тек өткен ғасырдың мәселесі емес. Оның салдары халық денсаулығында, қоршаған ортада және келесі ұрпақтарды зерттеуде әлі күнге дейін ғылыми маңызын жоғалтқан жоқ.
ҰЛТТЫҚ ЖАД ПЕН БЕЙБІТШІЛІК САБАҚТАРЫ
Осыдан 35 жыл бұрын, 29 тамызда Қазақстанда ядролық қару-жарақтан бас тарту туралы теңдессіз тарихи шешім қабылданып, антиядролық қозғалыстың көшбасшыларының бірі әлем елдеріне үлгі болды. Біріккен Ұлттар Ұйымының қаулысымен 29 тамыз Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күні деп жарияланды.
«Бұл өскелең ұрпақтың жарқын келешегі мен мемлекетіміздің баянды болашағы жолында жасалған шешуші қадам болды. Сонымен қатар әлемнің әр түкпіріндегі сынақ алаңдарының жабылуына жол ашқан батыл бастамаға айналды.
Тәуелсіздікті ядролық қарусыздану және жойқын қаруды таратпау жөніндегі бейбіт ұстаныммен қарсы алуымыз әлем тарихында жарқын бет ретінде мәңгі қалатынына күмәнім жоқ», – деп Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, Семей қасіреті – тек өткен тарихтың парағы емес, бүгін мен келешек ұрпақтың санасында тұруы тиіс қасиетті сабақ.
Тәуелсіздік жылдарында бұл тақырыпта көптеген зерттеулер жарық көрді. Соның ішінде жазушы, ғалым Медеу Сәрсекенің 1989 жылдан бастап ядролық полигонды жабу жолындағы күрестің бел ортасында жүріп жазған «Семей қасіреті» атты танымдық-деректі еңбегі ұлттық әдебиет пен тарихтың алтын қорына қосылды. Сондай-ақ, тарих ғылымдарының докторы Ерлан Сыдықовтың «Тарих söile» YouTube жобасында атап өткеніндей, бұл полигон – адамзатқа жіберілген үлкен ескерту. Оның басты сабағы – бейбітшіліктің қадірін білу және ядролық қарудың жойқын қаупінен әлемді қорғау.
Бүгінде Жапонияның Хиросима қаласы мен Қазақстанның Семей өңірі арасындағы халықаралық ынтымақтастық, радиология мен медицина ғылымы саласындағы бірлескен зерттеулер әлі де жалғасуда. Қазақстан ғалымдарының бұл бағыттағы тәжірибесі бүкіл әлем үшін бірегей құндылыққа ие болып отыр. Ашаршылық, сталиндік қуғын-сүргін және Екінші дүниежүзілік соғыс трагедияларымен қатар, Семей ядролық сынақ полигонының зардабы да біздің ұлттық жадымыздың ажырамас бөлшегі. Полигонның жабылуы – адамзаттың ядролық қарудың қаупінен бас тартудағы маңызды қадам болып, Қазақстанның бейбітшілік пен адам өмірінің құндылығын жоғары қоятынын дәлелдеді. Бүгінгі ұрпақ бұл тарихты еске алып, ядролық қарусыз әлем үшін күресті жалғастыруы керек. Қазіргі таңда Қазақстан антиядролық қозғалыстың әлемдік аренасында мығым ұстанымын айқын көрсетіп, бейбітшіліктің туын жоғары ұстап келеді. Өткеннің қателігін қайталамау, болашақ ұрпақтың амандығын сақтау және бейбіт әлем құру – Семей тарихынан алатын ең басты және маңызды қорытындымыз болмақ.
Дайындаған Алтын ҚОСБАРМАҚОВА














