Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Радио және жасанды интеллект: жаңа кезеңнің басталуы

Радио және жасанды интеллект: жаңа кезеңнің басталуы

Бүгінде жасанды интеллект мәтін жазып, сурет сала алуымен қатар, радио эфирін де жүргізе алатын деңгейге жетті. Әлемнің кейбір елінде виртуалды жүргізушілер эфирге шығып үлгерді. Ал Қазақстанда қазақ тілін меңгерген ұлттық жасанды интеллект модельдері әзірленіп жатыр. Ендеше қазақ тілінде еркін сөйлейтін виртуалды радио жүргізушілердің пайда болуы қаншалықты жақын?
Соңғы жылдары жасанды интеллект технологиялары қарқынды дамып, қоғам өмірінің барлық саласына ене бастады. Ол мәтін жазып, аудио өңдеп, бейнеролик дайындап, адамның дауысын да дәл қайталай алады. Осы өзгерістер медиа индустриясын да айналып өткен жоқ. Әсіресе радио саласында жасанды интеллектті қолдануға деген қызығушылық артып келеді.
Радио – ақпаратты жедел жеткізетін әрі аудиториямен ерекше байланыс орната алатын бұқаралық ақпарат құралдарының бірі. Ғасырдан астам тарихы бар медиа түрі технологиялық өзгерістерге бейімделіп, бүгінгі күнге дейін өз маңызын жоғалтқан жоқ. Керісінше, цифрлық платформалардың дамуы радионың мүмкіндіктерін кеңейтті. Ендігі кезекте радио индустриясы жасанды интеллектпен жаңа кезеңге қадам басып отыр.
Қазір жасанды интеллект жаңалық мәтіндерін дайындауға, аудио материалдарды өңдеуге, эфирлік сценарийлер құруға, подкасттар жасауға және дауыс синтезіне белсенді қолданылуда. Медиа өндірісін жылдамдатып, кейбір техникалық процесті автоматтандыруға мүмкіндік береді.
Әлемдегі алғашқы виртуалды жүргізушілер
«Kazinform» ақпарат арнасының жариялаған мақаласында: «Бірнеше жыл бұрын эфир жүргізетін жасанды интеллект туралы айту ғылыми фантастикаға ұқсайтын. Алайда аңыз-әңгіме бүгінде шындыққа айналды.
Мәселен, Австралияда радиостанциялардың бірінде жүргізушінің дауысы мен сөйлеу мәнері жасанды интеллект көмегімен өңделіп, эфирде виртуалды жүргізуші пайдаланылған. Бір қызығы, көптеген тыңдарман, оның адам емес екенін байқамаған. Тәжірибе қазіргі технологиялардың адам дауысын, интонациясын және сөйлеу ерекшелігін жоғары дәлдікпен қайталай алатынын көрсетті» делінген.
Соңғы уақыттары әлемдік медиа нарығында мұндай жобалардың саны артып келеді. Сарапшылардың пікірінше, болашақта жаңалықтарды оқу, музыкалық бағдарламаларды жүргізу және жарнамалық хабарламаларды дыбыстау сияқты процестердің бір бөлігі жасанды интеллект көмегімен жүзеге асуы мүмкін.
Алайда журналист мамандығы жойылады деген сөз емес. Керісінше, технология журналистердің жұмысын жеңілдетіп, олардың шығармашылық міндеттерге көбірек көңіл бөлуіне мүмкіндік береді.
Ал қазақ тілінде сөйлейтін виртуалды жүргізуші жасауға Қазақстан дайын ба? деген сауал санада қылаң берері сөзсіз. Ендеше төрткүл дүние жасанды интеллект дәуіріне қадам басқан тұста Қазақстан да бұл бағыттағы жұмыстарды күшейтіп келеді.
Бүгінде елімізде қазақ тілін меңгерген ұлттық тілдік модельдер әзірленуде. Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігіне қарасты мекемелердің мәліметінше, қазіргі уақытта KazLLM және AlemLLM атты ірі тілдік модельдер жасалған.
KazLLM құрамында шамамен 148 миллиард токен және 70 миллиард параметр бар. AlemLLM құрамында 1,3 триллион токен және 247 миллиард параметр қамтылған. Модельдердің негізгі ерекшелігі қазақ тіліндегі мәтіндерді түсіну, талдау және генерациялау қабілеті.
Сонымен қатар қазақ тіліндегі деректер қорын қалыптастыру, ұлттық мәтіндік корпустарды дамыту және жасанды интеллект жүйелерін қазақ тіліне бейімдеу жұмыстары жүргізілуде. Қазақ тілінде жұмыс істейтін сөйлеуді тану (Speech-to-Text) және мәтінді дыбысқа айналдыру (Text-to-Speech) технологияларын жетілдіру бағытында да жобалар іске асырылуда.
Әсіресе қазақ тіліне тән ә, ө, ү, ұ, қ, ғ, ң, һ дыбыстарын дұрыс айту, үндестік заңын сақтау және табиғи интонацияны қалыптастыру мәселелеріне ерекше көңіл бөлінуде. Аталған шаралар келешекте қазақ тілінде еркін сөйлейтін виртуалды радио жүргізушілерді жасауға мүмкіндік береді.
Қазақ радиосының келешегі
Жалпы жасанды интеллект радио жүргізушіні алмастыра ала ма? деген көкейкесті сұраққа әрине нақты әрі біржақты жауап беру қиын. Себебі оның артықшылықтары аз емес. Яғни тәулік бойы жұмыс істей алады. Үлкен көлемдегі ақпаратты жылдам өңдейді. Мәтінді қатесіз оқиды және техникалық тапсырмаларды қысқа уақыт ішінде орындайды. Дегенмен радио тек ақпарат тарату құралы ғана емес, ол ауқымды әрі қуатты эмоция, сенім және аудиториямен тікелей жанды байланыс. Тыңдарман үшін жүргізушінің өмірлік тәжірибесі, әзіл-қалжыңы, пікір білдіруі және шынайы эмоциясы маңызды рөл атқарады.
Кейінгі кезде бірқатар сарапшы жасанды интеллект журналистер мен радио жүргізушілерді толық алмастырмайды деген пікірде. Дей тұрғанмен керісінше, ол көмекші құрал ретінде қолданылып, контент өндіру процесін жеңілдететіндігін естен шығармаған абзал.
Алдағы уақытта эфирде адам жүргізуші мен жасанды интеллект қатар жұмыс істеуі әбден мүмкін. Бірі шығармашылық міндеттерді атқарса, екіншісі техникалық процестерді автоматтандырады.
Төтенше жағдай кезіндегі жаңа мүмкіндікті қалай қолданамыз? Жасанды интеллекттің радио саласындағы ең маңызды бағыттарының бірі – төтенше жағдайлар кезінде ақпарат тарату.
Соңғы жылдары әлемнің түкпір-түкпірінде табиғи апаттар мен төтенше жағдайлар жиілеп кетті. Жер сілкінісі, су тасқыны, орман өрті немесе басқа да төтенше жағдайлар кезінде интернет пен мобильді байланыс уақытша істен шығуы мүмкін. Осындай сәттерде радио халыққа ақпарат жеткізудің ең қолжетімді әрі сенімді құралдарының бірі болып қала береді.
Болашақта жасанды интеллект жүйелері төтенше жағдай туралы мәліметтерді автоматты түрде өңдеп, шұғыл хабарламаларды радио эфирі арқылы халыққа жылдам тарата алады. Мұндай қадам ақпараттың жедел жетуіне ықпал етіп, адам өмірін сақтауға көмегі тиюі ықтимал. Сондықтан жасанды интеллект пен радионың үйлесуі тек медиа саласының дамуына емес, қоғамдық қауіпсіздік үшін де маңызды.
Қазір қазақ тілінде толыққанды эфир жүргізетін виртуалды радио жүргізуші жоқ. Десек те Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан цифрлық жобалар, ұлттық тілдік модельдердің дамуы және қазақ тіліндегі жасанды интеллектке деген мемлекеттік қолдау оң бағыттағы мүмкіндіктердің артып келе жатқанын көрсетеді.
Қазақ тілінде еркін сөйлейтін виртуалды жүргізушілердің эфирге шығуы уақыт мәселесі. Бірақ олардың басты мақсаты адамды алмастыру емес, радио мамандарының жұмысын жеңілдету, контент сапасын арттыру және жаңа пайдалы жобалар ұсыну болмақ.
Ертең эфирден естілген дауыс адамның дауысы ма, әлде алгоритмнің жұмысы ма, оны ажырату қиындай түсері хақ. Алайда қандай технология келсе де, радионың басты құндылығы өзгермейді. Ол тыңдарманмен байланыс, сенім және шынайылық.
Сондықтан болашақ радио адам мен жасанды интеллекттің бәсекесінде емес, олардың тиімді серіктестігінде қалыптасады. Ал қазақ тілінде сөйлейтін виртуалды жүргізушілердің эфирге шығуы Қазақстан медиасының цифрлық дамуының келесі кезеңдерінің бірі бололады деген үмітіміз жоқ емес.
Арқабай ЖАНСАЯ,
Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер
академиясының 4-курс студенті
09 маусым 2026 ж. 52 0

Күлкі мен ойға толы кеш

09 маусым 2026 ж. 50

Төрт ауылға-тұрақты жылу

09 маусым 2026 ж. 46

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Маусым 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930