Қырық жыл сақталған құнды мұра
Әдеттегідей, көңілім қош, қолым бос уақытта ермегім кітап оқу. Жуырда «Меломан» кітап дүкендерінің бірінен Ғабиден балам бірнеше жаңа кітаптар әкеліп беріп, бір қуанышқа бөлеген еді. Ішінде Алматыдағы «Отбасы» баспа үйінен 2023 жылы шыққан С.Керімбай, Ә.Нәбидің «Өзбекәлі және мәдени майдан» атты кітабы да бар екен.Мен бұл кітапты алып, бұрын оқысам да, қарап, парақтап отырып, 20-бетіндегі: «Өзбекәлі Жәнібек 1956 жылы ауданнан көтеріліп, Шымкент облысының комсомол ұйымына бірінші хатшы болып келді. Қазақ жастарына идеал табу деген проблема бұл кезде шегіне жетіп тұрған. Осыдан жиырма жыл бұрын қамыстай қаулап шыққан Алаш арыстарын Сталин баудай қырған. Репрессиядан аман қалған сол кездегі атқамінер қазақтың бәрі алаштықтарды ұмытпаған. Олар жайлы шағын жиындарда сыбырлап қана сөйлесетін. Сол кезде ұмыт бола бастаған қазақтың бір арда азаматын ұлықтауды қолға алды. Ол – Ғани Мұратбаев» деп басталатын «Ғани Мұратбаев феномені» деген мақаланы тағы да бір қызыға оқып, «Ғанидың қамқорлығын көрген және бір қайраткер – Нұртас Оңдасынов. Ол да Ғанидың «тұтқынына» түскенде он бес жаста, ал Ғани он жетіден енді асқан» деген жерге келгенде ойланып қалдым.
Өйткені, осыдан сәл ғана бұрын жеке кітапханамда сақталған Нұртас Оңдасыновтың осыдан қырық жыл бұрын өз қолымен жазған қысқаша өмірбаянын, жеке суретін және сол кездегі Ғани Мұратбаевтың музейінің ғылыми қызметкері Қанай Сәрсеновке жазған жауап хатын көріп, бұл менде қайдан жүр деп таңқалғанмын. Сонымен бірге қасына Қызылорда облысына тарайтын аудандық «Тұран – Қазалы» газетінің 2012 жылғы 21 қыркүйектегі №81 (878) санын бірге тігіп қойыппын. Газеттің бірінші бетінің басында «Ғани Мұратбаевқа – 110 жыл» деген шақырумен берілген екі беттік материалдардың 1-бетінде «Жастар жетекшісіне жаңаша көзқарас» деген тақырыппен Ғани Мұратбаевтың мемориалдық музейінің директоры Қанай Сәрсеновтің мақаласы басылыпты. Онда 1919-1920 жылдары Түркістан Коммунистік Жастар Одағының Орталық басшы органдарында жауапты қызмет атқарумен қатар Ғани №14 жетім балалар үйінің директоры болып істеген. Өзінің досы Әбдікәрім Ақбаев екеуі тағдыр тәлкегіне түсіп, жастайынан жетім қалған балаларды көшеден жинап, интернатқа орналастырған. Ғани көшеден жинап, пана беріп, білім жолына бағыштаған балалардың ішінде кейін қазақ халқының мақтанышына айналған тұлғалар аз болмаған. Есімі алты Алашқа аян Бейсенбай Кенжебаев, Өтебай Тұрманжанов, Нұртас Оңдасынов, тағы басқалары азып-тозып жүріп, Ғани секілді қамқор ағасына жолықпағанда олардың кейінгі өмірі қалай боларын кім білген. Ағаның аялы алақанын ұмытпаған олар «Бізді адам еткен Ғани» деуден танбаған.
1985 жылы Ғани музейінде аға ғылыми қызметкер болып жүрген кезінде республикалық «Зерде» журналында Бейбіт Сапаралиннің Ғани аға туралы Нұртас Оңдасыновпен сұхбатын оқыдым. Кейін Нұртас ағамыздың Ғани Мұратбаев туралы естелігін алдырттым, - деп жазылған екен.
Оқысаң ойың оянар дегендей, сонан кейін барып, бұл қолжазбалардың сыры есіме енді түскендей болды. Кезінде Қанай Сәрсенов аудандық партия комитетіне де келіп, бірінші хатшы Елеу Көшербаевтың қабылдауында болып, тарихшы ретінде Қазалының тарихы, Ғани Мұратбаевтың өмірі, оның есімін мәңгі қалдыруға байланысты өзінің пікірлерін, ұсыныстарын айтып жүрген болатын.
Бұл мәселелер аудан басшысының бақылауында болып, көптеген жұмыстар жүргізілгені есімде. Мен ол кезде ұйымдастыру бөлімінде қызмет жасайтынмын. Сол жылдардан бастап Қанай Сәрсенов аға деп хабарласып тұрды. Кезінде ол өзі баспадан 2004 жылы шыққан «Атамекен», 2009 жылы шыққан, «Қазалым – қара шаңырағым», атты кітаптарын қолтаңбаларын жазып сыйлаған болатын. Өзінің шығармашылық жұмыстары жайлы да талай ақыл-кеңесімізді бергенбіз. Бұл құжаттар сол жылдардың белгісі ретінде менің жеке мұрағаттарымда сақталып қалған екен.
Сондықтан мен мемлекет және қоғам қайраткері Нұртас Дәндібайұлы Оңдасыновтың өз қолымен жазып жіберген, қырық жыл бойы сақталған жеке суреті мен қысқаша өмірбаянын және Қанай Сәрсеновке жіберген естелік жауап хатының төмендегі көшірмелерін мерзімді баспасөз беттерінде жариялап, сонан кейін түпнұсқаларын Қазалы қаласындағы Ғани Мұратбаевтың мемориалдық мұражайына сақтауға тапсыруды жөн көрдім.
Қысқаша өмірбаян
Мен, Нұртас Дәндібайұлы Оңдасынов, 1904 жылдың 26 октябрінде Түркістан ауданындағы «Үшқайың» ауылында кедей шаруасында дүниеге келіппін. Туған анам Жұмагүл менің 3-4 жасымда дүние салыпты. Мен екінші анам – Дәрігүлдің қолында тәрбиелендім. Ол, топырағы торқа болғыр, жақсы кісі еді, сондықтан мен туған ана мен өгей ананың айырмашылығын білмей өстім.
Бір күні анам бір таба нан пісіріп, оның үстіне сомдық күміс ақша салып, оларды орап, менің қолымнан жетектеп ауыл молдасына алып барды. «Мынау біздің кенжеміз. Біз қартайдық. Үйде хат танитын ешкім жоқ. Баланың сүйегі біздікі, еті Сіздікі, оған құран оқуын үйретіңіз, - деп өтінішін білдірді. Бұл жағдай осы уақытқа дейін менің өмірімдегі алғаш күрделі оқиға ретінде жадымда сақталып келеді. Екі жылда хат танып, қисса сияқты кітаптарды оқуды үйрендім. Сол кезде алған білімім пенсияға шыққаннан кейін қазақ тіліне енген араб-парсы сөздерінің түсіндірме сөздіктерін жазуға нақтылы көмегін тигізді.
Бірінші жаһангерлік соғысы жүріп жатты. Қалың бұқараның ауыр халы күн сайын нашарлана түсті. Оның үстіне 1916 жылдың 25 июніндегі патша жарлығына сәйкес бұратана халықтардың жұмысқа жарайтын азаматтары майданда,ы қара жұмысқа алынды. Байлардың, төрелердің балалары үйлерінде қалды. Барлық қиындық жүгінің салмағы кедейлердің мойнына түсті. Біз де кебенегін киген Көбелек деген ағамызды қиыр жолға шығарып, жылап-сықтап қала бердік.
1917 жылы бір тамшы жауын болмай, қатты құрғақшылық болды. Жылына екі рет таситын Сырдарияның суы сағасынан шықпай қалды. Қанша елді, оның миллиондаған бас малын асырап келген егістіктері, майса шабындықтары, байтақ жайылымдары шөлге айналды. Қыс аса қатты болды. Осылар сияқты жағымсыз құбылыстардың салдарынан тұрақты суармалы жері жоқ қазақтар адам айтқысыз жұтқа ұшырады, қара шыбындай қырылды. Біздің әкеміз де бірнеше бала-немерелерімен сол жұттың құрбаны болды. Бұл сұмдық қара жыл «Ақтабан шұбырындыдай» қазақ халқының есінде «Жылан жылы», - деп аталып қалды.
Жаппай ашаршылықтан тірі қалғандар жан-жаққа босып кетті. Біз де Ташкент тарапына қарай көшіп бардық. Бір мезгіл «Келес» деген жерде аштарға жәрдем пунктінде тамақтанып, әліміз келгенше мақта теріп, қыста байлардың қорасын тазалап, бос уақытта күнде болып жатқан тойынан қосымша нәр алып, өлімнен аман қалдық.
Өзінің сәулесін мол шашып көктем де келді, жылындық. Жүн заводына, одан кейін Ташкент темір жолының қыш заводына қара жұмысшы болып орналастық.
Ташкентте жетім балаларға арналған мектептер ашылыпты деген ұзын құлақ хабары бізге де жетті. Мен 1920 жылдың август айында солардың бірі - 14-ші интернатқа барып, оқуға түстім.
Кейін білдік бұл интернаттарды Ғани Мұратбаев бастаған сол кездегі зиялы жастардың күшімен ұйымдастырылған екен. Бізге интернатта орыс тілінен тұңғыш сабақты Ғани ағай берді. Ол қасиетті Лениннің ат-жөнінің дұрыс жазуды үйретті.
Мен 1921 жылы апрель айында интернат жанында Ғани Мұратбаев ұйымдастырған Комсомол ұясында мүшелікке қабылдандым. Коммунистік партия қатарында 1926 жылдан берімін. Міне, содан бері аттай 60 жыл өтті.
1927 жылы Ташкенттегі Қазақ орман шаруашылығы техникумын тамамдап, 1930 жылға дейін орман және су шаруашылықтары салаларында өз мамандығым бойынша қызмет атқардым.
1930-1934 жылдар арасында Ташкенттегі Ортаазиялық су инженерлері институтында оқыдым, одан практикалық қызметке ауыстырылдым. 1934-1938 жылдары Қазақстанда қайтадан орман шаруашылығында басшы жұмыста болдым.
1938 жылдың февраль айында Совет жұмысына алынып, Шығыс Қазақстан облыстық Советтер атқару комитетін басқаруға Семейге бардым. Онда Қазақстан КП облыстық комитетінің бюро мүшесі, Қазақ ССР Жоғарғы Советінің депутаты, Қазақстан КП ІІ съезіне делегат болып сайландым.
Сол жылғы июль айында Қазақстан КП ОК Бюро мүшелігіне өтіп, Қазақ ССР Жоғарғы Советінің бірінші сессиясында Қазақ ССР Үкіметінің Төрағасы болып тағайындалдым. Бұл қызметті 1951 жылдың октябрь айына дейін атқардым.
1951-1953 жылдары КПСС ОК жанындағы Жоғарғы партия мектебінде оқыдым, одан елге қайттым.
1954 жылдың мартында Қазақ ССР Жоғарғы Советі Президиумының Төрағалығына сайландым. Қалың бұқараға жақынырақ жерге сұранып, бұл қызметтен босандым.
Кейінгі 7 жылым Гурьевте өтті. Оның 2 жылы облыстық Советтер атқару комитетінің төрағалық, 5 жылы Қазақстан КП облыстық комитетінің бірінші хатшылық қызметінде өтті. Содан аман-есен партия және халық алдында есебімді беріп, 1962 жылы пенсияға шықтым.
Сүйтіп, 25 жылдай өмірім совет-партия қызметіне жұмсады. Шүкір, Партия мен халық сеніміне бөлендім. 25 жыл (1938-1963) Қазақ ССР Жоғарғы Советінің, 18 жыл (1940-1958) СССР Жоғарғы Советінің депутаты, СССР Ұлттар Советі Председателінің орынбасары (1946-1950), СССР Жоғарғы Советі Президиумы Председателінің орынбасары (1954-1958) болдым.
26 жыл – Қазақстан КП (1938-1964) ОК және 14 жыл (1938-1951, 1954-1955) оның Бюро мүшесі, КПСС ХVIII, XXII, XXIII съездерінің, XVIII Конференциясының делегаты, 13 жыл (1939-1952) КПСС Орталық Тексеру Комиссиясының мүшесі.
Сүйікті Отаным мені үш рет Ленин орденімен, екі рет Еңбек Қызыл Ту орденімен, көптеген медальдармен, Құрмет грамоталарымен наградтады.
Пенсияға шыққаннан бері ғылыми-әдеби жұмыспен шұғылданудамын. ІІІ томдық «Арабша-қазақша түсіндірме», ІІІ томдық «Парсыша-қазақша түсіндірме сөздіктерінің» қолжазбалары аяқталды, 30 шамалы әдеби-ғылыми мақалалар газет-журнал беттерінде жарық көрді. Әлі де еңбек үстіндемін.
Осымен қатар, елдің қоғамдық өміріне қадары-хал қатынасып тұрамын. Қазір КПСС ОК жанындағы Марксизм-Ленинизм Институты жанындағы Қарт Коммунистер Тарихи-әдеби бірлестігінің бюро мүшесімін және оның Қазақ секциясының төрағасымын.
Н. ОҢДАСЫНОВ
Москва қаласы.
20 ноябрь 1986 жыл.
Жауап хаты
нижан! Хатыңды алдым. Сенің атың «Ғани» болғаны мені қатты қуантты, Ғани ағайдың ардақты есімін қайта еске түсірді (P.S. Қанай дегенді Ғани деп оқыған болу керек. Автор: Ш.А.).
Ғани Мұратбаев айрықша жаратылған жан еді ғой, шіркін! Ол өзінің өте қысқа өмірінде Отанына көп еңбек сіңіргені тарихтан белгілі, бірақ маңдайымызға сыймай, дүниеден ерте өтті, берерінің көбі өзімен бірге кетті.
Ғанидың замандастары Совет Үкіметін нығайтуға, оны дұшпандарынан қорғауға еш нәрсесін аяған жоқ, Ағайдай күресті. Бұл қасиетті дәстүрді ары қарай жалғастыра білу ендігі ұрпақтың қадірлі міндеті.
Біз жақында ғана демалыстан оралдық. Енді, Ғанижан, сенің өтініштерің жөнінде:
1. Ғани ағай туралы менің «Шығыс жастарының жетекшісі» деген мақалам қысқартылып, «Л.Ж.»-тың 29 октябрьдегі санында басылды, сол газетті Сіздерге жолдаймын.
2. Жас кездегі түскен суреттерді Ғани ағайдың өмір тарихын зерттеуші журналист алып кетіп еді, әлі қайтарған жоқ. Музейге 1939 бірінші Ленин орденін алғандағы түскен суретімді, қысқаша өмірбаянымды, пенсияда жүріп жазған еңбектерімнің қолда барын жіберіп отырмын. Маған еш нәрсенің керегі жоқ. Менің үлесім сүйікті Ағаның музейінің кәдесіне асса, мен үшін ол үлкен бақыт!
3. Ғани ағайдың мен білетін шәкірттерінің дүниеде бары: Арыстанов Жүсіпбек (оны өздеріңіз білесіздер), профессор Кенжебаев Бейсенбай Алматы, Төлебаев көшесі, 114 үй, 3 пәтерде, республикалық пенсионер Ахметов Райымбек Шымкент, К.Маркс көшесі, 6 үй, 13 пәтерде тұрады.
Ғанидың атына музей ұйымдастыру – үлкен адамгершілік, оның ардақты есімі туыс халқымен бірге мәңгі өмір сүре беру нышаны. Ол үшін Ағайдың жерлестеріне сансыз рақмет!
Аталық сәлеммен Н. ОҢДАСЫНОВ.
Москва қаласы.
20.11.86.
Аудандық «Қазалы» газеті үшін дайындаған
Шамша АЙТУҒАНОВ,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, Қазалы ауданының Құрметті азаматы.
Астана қаласы.













