Айыппұл 86 мың теңге: маусымнан бастап шиналармен жүруге тыйым салынды
Қазақстанда 1 маусымнан бастап шегелі қысқы шиналарды пайдалануға қатысты маусымдық шектеу күшіне енді.
Фото: www.istockphoto.com1 маусымнан бастап кейбір шиналармен жүруге тыйым салынды. Талапты елемеген жүргізушілерге 86,5 мың теңгеге дейін айыппұл салынуы мүмкін, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Маусым, шілде және тамыз айларында көліктерге шипы бар қысқы дөңгелек тағуға болмайды. Бұл талап техникалық регламентте көрсетілген. Ол жол жабынын бүлдірмеу және қозғалыс қауіпсіздігін сақтау үшін енгізілген. Себебі ыстық әрі құрғақ асфальтта шиптардың қыс мезгіліндегідей тиімділігі болмайды.
Ал шипы жоқ қысқы шиналарды немесе төрт маусымға арналған дөңгелектерді қолдануға тыйым жоқ. Соған қарамастан мамандар көлікті маусымға сай резеңкеге уақытында ауыстырған дұрыс екенін айтады.
Шектеуді бұзған жүргізушілер әкімшілік жауапкершілікке тартылады: алғаш рет анықталса, 5 АЕК көлемінде айыппұл салынады. 2026 жылғы мөлшермен бұл 21,6 мың теңге бір жыл ішінде қайта тіркелсе, 20 АЕК немесе 86,5 мың теңге айыппұл қарастырылған.
Айыппұл Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 590-бабы 5-бөлігі бойынша, техникалық талаптарға сай келмейтін көлікті пайдаланғаны үшін салынады.











