Талапкерлер смарт-көзілдірік үшін ҰБТ-дан шеттетілді
Фото:depositphotos.com10 мамырда басталған негізгі ҰБТ-2026 кезеңінен бері тестілеу шамамен 139 мың рет тапсырылды. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады Tengri Edu.
Талапкерлердің басым бөлігі - 71 пайызы емтиханды қазақ тілінде тапсырды, 29 пайызы орыс тілін таңдады. Тағы 259 адам тестілеуден ағылшын тілінде өтті. ҰБТ-ға ерекше білім беру қажеттіліктері бар 392 талапкер қатысты. Олар үшін тестілеу кезінде арнайы жағдайлар қарастырылған.
Ереже бұзу деректері
ҰБТ өткізілген үш апта ішінде 283 ереже бұзу дерегі анықталды.
"Смартфон, смарт-көзілдірік, микроқұлаққап, шпаргалка және басқа да тыйым салынған заттарды алып өтпек болғаны үшін 168 талапкер тестілеуден шеттетілді. Тағы 115 адам тестілеу кезінде ереже бұзғаны үшін аудиториядан шығарылып, олардың нәтижелері жойылды. Бөгде тұлғалардың кіру деректері тіркелген жоқ", - деп хабарлады ведомство.
ҰБТ аяқталғаннан кейін тестілеудің бейнежазбалары 31 қазанға дейін тексеріледі. Егер мамандар тыйым салынған заттарды пайдалану немесе басқа да ереже бұзылғанын анықтаса, тестілеу нәтижелері күшін жояды.
140 балл
Министрліктің мәліметінше, ҰБТ-ның үшінші аптасының қорытындысы бойынша абитуриенттердің 67 пайызы шекті балды жинай алды. Бес пән бойынша орташа көрсеткіш 65 балды құрады. Павлодар облысынан Әсет Альтаир ең жоғары 140 балды иеленді.
Тест мазмұнына қатысты апелляцияға ҰБТ аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде өтінім беруге болады. Техникалық ақаулар бойынша өтініштер емтихан кезінде қабылданады. Нәтижелері бар сертификаттар апелляциялар қаралғаннан кейін жеке кабинеттерде қолжетімді болады.
ҰБТ-ға қатысу үшін 240 мыңға жуық абитуриент өтінім берді. Тестілеуді екі рет тапсыру мүмкіндігін ескергенде, өтініштер саны 446 мыңнан асты.












