Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Демография – дәулетіміз десек те, жаңылдық па жағдай мен есепте...

Демография – дәулетіміз десек те, жаңылдық па жағдай мен есепте...

Қазақ дүниетанымында отбасы мен бауыр ұғымы – туыстық байланыс қана емес, бүкіл қоғамның іргетасы, адамның рухани тірегі мен қорғаны. «Отан отбасынан басталады» деген қағида қазақ өмірінің тұғырлы темірқазығы. Көпбалалы отбасы феномені сөз болғанда, «Бір қозы туса, бір түп жусан артық шығады» деген қазақ өсімінің алтын діңгегіне арқау бабалар сөзі ойға оралады. Мұндай отбасыларға қолдау көрсету еліміздің әлеуметтік саясатындағы басты басымдықтардың бірі.
Дегенмен «бұйырғаны болар» деп бала болашағын байыптамаудағы бейжайлық пен салқын салғырттық салдары кейде өз сызын тигізуде. Қазақ қоғамында неге әлі тақырып актуалды? Қайтпек керек? Сараптадық.
Бесік жыры үзілмеген береке
Көпбалалы болу – демографиялық көрсеткіш қана емес, мыңдаған жылдар бойы аман қалудың стратегиясы және байлықтың өлшемі болған процесс. Адамзат пайда болған кезден бастап-ақ «көп балалы болу» өмір сүрудің басты кепілі саналған. Өлім-жітім өте жоғары болған ерте заманда ру-тайпаның жойылып кетпеуі үшін әйелдерге көп бала тууы қажеттілігі туындаған.
Алғашқы адамдардың Венера мүсіншелерін құнарлылық, өсімталдықтың символына балауы көпбалалылықты қасиетті санаудың алғашқы белгісі.
Адамдар аңшылықтан егіншілік пен мал шаруашылығына көшкенде көпбалалылықтың мәні мүлдем өзгерді. Егін егу, мал бағу үшін бала — дайын жұмыс күші саналады. Меншік ұғымы шыққан соң, жинаған мал-мүлкін қалдыратын мұрагерлер болуы маңызды саналды.
Ал көшпелі қазақ қоғамындағы түсінік терең.
Қазақ дүниетанымында «көпбалалы болу» ұғымы ұрпақ жалғастығы, жерін қорғау қажеттілігінен туындаған. Қарттық шақта ата-анасына қарайтын, әулеттің отын өшірмейтін ұрпақтың көп болуы — болашаққа деген сенімділік саналған.
Ежелгі Мысыр, Рим, Қытайда билеушілерге әскер мен салық төлеушілер керек болды. Сондықтан көп бала туған отбасыларды қолдау туралы алғашқы заңдар мен ережелер сол кезде-ақ пайда болады.
Демографиялық теорияларға назар аударсақ, XVIII-XIX ғасырларда Томас Мальтус сияқты ғалымдар халық санының өсуі мен ресурстардың арақатынасын зерттей бастағанда, «көпбалалылық» ғылыми термин ретінде талқыға түседі.
Ежелгі заманда бала санының көп болуы байлықтың белгісі болса, өнеркәсіп төңкерісінен кейін бұл кедейлікпен байланыстырылады. Алайда қазақ халқы үшін бұл әлі де «ырыс-береке» нышаны.
Туыстық иерархия мен жауапкершілік төл танымда әбден жүйеленген. Туыстық ұғымдар адамның дүниедегі басты байлығы бауыры екендігін ұғындырып, бұл байланыс материалдық құндылықтардан жоғары тұратынын және адамның ішкі рухани тепе-теңдігін қамтамасыз етеді.
Бэби бум кезеңі
Сан ғасырлар бойы тінін үзбеген тағылым Кеңес дәуіріндегі «Батыр ана» институтын өрістетіп, бүгінде жаңа мазмұнға ие болды.
Дәстүр бір болғанымен, мазмұн бөлек. Өткен ғасырда көпбалалы болу ауыл шаруашылығы мен дәстүрлі тұрмыс қажеттілігінен туындаса, қазіргі таңда саналы таңдау мен ұлтжандылықтың көрінісінде сипат алған.
«Қазақстанның соңғы жылдардағы демографиялық серпілісі, әсіресе «бэби-бум» кезеңін өткізуде. Бұл біздің Орталық Азия өңіріндегі көшбасшылық орнымызды айқындауға ықпалдасады», – дейді болашақ әлеуметтанушы Нұр Бекасыл.
«Бэби-бум» – белгілі бір уақыт аралығында туу көрсеткішінің күрт және ерекше жоғарылауы құбылысы. Ұғымның шығу тарихына көз жүгіртсек, бұл термин көбіне Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі кезеңге қатысты айтылағанын ұғынамыз. Себебі оралған жауынгерлердің үйленуі, отбасылардың қайта қауышуы және болашаққа деген сенімнің артуы нәтижесінде АҚШ, Еуропа және КСРО елдерінде бала туу саны рекордтық деңгейге жеткен.
«Бэби-бумның басты себептері – экономикалық өсу. Халықтың табысы артып, тұрмыс деңгейі жақсарғанда адамдар көп балалы болудан қорықпайды. Соғыс немесе пандемия сияқты үлкен дағдарыстар аяқталған соң халықтың психологиялық тұрғыдан жеңілдейді.
Қазақстанда да соңғы жылдары туу көрсеткішінің айтарлықтай артқан. 2000 –жылдардың басы 90 – жылдардағы демографиялық тоқыраудан кейінгі алғашқы өсім, 2020–2022 жылдардағы пандемия кезіндегі және одан кейінгі күрт өсім анықталған.
2021 жылы Қазақстанда 446 мыңнан астам сәби дүниеге келіп, рекордтық көрсеткіш түзілді», – дейді Н.Бекасыл.
«Бэби-бум» – мемлекет үшін қуанышты жағдай болғанымен, белгілі бір қиындықтар да әкелетінін айтты ол. «Алдымен инфрақұрылымға салмақ түсіреді. Балабақшалар мен мектептердегі орын тапшылығы туындайды. Перзентханалар мен емханаларға түсетін жүктемелер артады. Маңыздысы, болашақтағы еңбек нарығы. 20-25 жылдан кейін жұмыс іздеушілер санының күрт өседі. Қызықты дерек, «Бэби-бумерлер» ұрпағы қазіргі таңда әлемдік экономика мен саясаттағы ең ықпалды топтардың бірі болып саналады, өйткені саны жағынан өте көп және олардың зейнетке шығуы мемлекеттердің әлеуметтік жүйесіне үлкен әсер етуде», – дейді.
Адамгершілік пен әлеуметтенудің шыңдалатын ортасы
«Он төрт бала өмірге келген отбасының оныншы перзентімін. Әкем совхозда жауапты жұмыс істесе де, материалдық қиындықтар болатын. Анам бала босанады да, ұзамай жұмысқа қосылып кетеді. Сонда ата-анамның «жоқ» дегенді айтып міндетсігенін, не ашуын бізден алғанын байқамаппын», – деп сөз бастаған Гүлжәмила Қайырбаева бауырлардың көп болуын қиындыққа емес, қуанышқа балайды.
«Көпбалалы шаңырақ – бұл нағыз адамгершілік пен әлеуметтенудің шыңдалатын ортасы. Мұндай отбасында өскен бала жастайынан бөлісуді, жауапкершілікті сезінуді және өзара көмек көрсетуді үйренеді. Үлкенінің кішісіне қарап бой түзеуі, кішісінің аға-әпкесіне иек артуы – ұлттық тәрбиенің алтын арқауы. Айтайын дегенім, мен отбасылы болғанда ешқандай қиналған жоқпын. Келген жұртымды жатырқамай сыйлау, балаларды күтіп-бағу кішкентайымнан отбасымнан алған тәрбиемнен қалыптасты», – дейді.
Социологтардың пайымынша, көпбалалы отбасылардан шыққан азаматтар қоғамда бейімделгіш, ұжыммен жұмыс істеуге икемді және қиындыққа төзімді болып келеді.
Бауыр емес, бәсеке
Бұл пікірмен көпбалалы отбасында дүниеге келген Нұржан Биназар келіспейді. Он бір бауыры бар жігіт мұндай үйдегі ұл-қыздар бір-біріне жанашыр, бауыр емес, бәсекелестер екенін айтады.
«Сан мен сапа деген түсініктің адамдарға да қатысы бар. Шүкір, бауырымыз бүтін, басымыз аман. Ата-анам қолынан келгенінше дұрыс тәрбие беріп, адам болып кетуімізге ықпалдасты. Бірақ 14 адам тұратын үйде жайлылық, қалыпты жағдай, алға жылжу деген ұғымға сыймайтын жағдай.
Көп балалы болған жақсы. Бірақ әр баланың тұлғалық дамуына уақыт, жағдай қажет. Осынша баласы бар ана үнемі шаршап жүреді, денсаулығын күтуге де уақыт таппайды. Басында «балаларды қалай жеткіземін?», «не тамақ ішеді?», «киімді қайдан алып беремін» деген сияқты ойлар тұрады. Өзге балалар сынды жіті назарды сезінбеген бала ата-анасы кімді жақсы көрді, кімге сәл «бүйрегі бұрды», соны іштей қызғана бастайды. Онсыз да жаңа киім кимеген, өзінің ойыншығы болмаған «травмасы» бар баланың бірте-бірте көзқарасы ұлғайып, бір-біріне жанашыр жақын емес, жат адамдарға айнала бастайды. Өз ойым, әрі кетсе 4 баладан артық бауыр санаға салмақ салады. Олардың қалаған армандарын орындап, өздері ұнатқан үйірмелерге қатысу, қатысса да өзге қалаларға жарысқа бару мүмкіндігі мейлінше аз болады», – дейді.
Үй салу үшін бала туады
Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі сайты таратқан соңғы жылдардағы мәліметтерге зер салдық. Олар елімізде көпбалалы отбасылар тарапынан немесе оларға байланысты туындаған негізгі жағдайлар әлеуметтік жағдайдың оңай еместігін ұғындыруда.
Ақмола облысы, Атбасар ауданы ауданында көпбалалы отбасының үйінде өрт шығып, 3 бала қаза тапқанын алаш жұрты әлі ұмыта қойған жоқ.
2024 жылы Орал қаласында ата-анасы жоқ кезде төрт бөлмелі үй өртеніп, көпбалалы отбасы баспанасыз қалған. Сол жылы Солтүстік Қазақстан облысында да көпбалалы отбасы тұратын үйде өрт болып, кіші балалар қауіпке ұшыраған.
Алматы облысы Талғар ауданында да көпбалалы отбасының үйі толық жанып кеткен.
Мұндай оқиғаларда көбіне электр қысқа тұйықталуы, пештің дұрыс қолданылмауы немесе балалардың жалғыз қалдырылуы себеп болатынын айтады мамандар
Анықталған келесі жағдай – балаларды қараусыз қалдыру және антисанитариямен байланысты.
Көпбалалы аналар жәрдемақыны ішіп-жеуге жұмсап, балаларын аш және лас жерлерде ұстаған жағдайлар тіркелген.
Қазақстан үшін балалардың терезеден құлауы – өте жиі мәселе. 2024 жылы аталмыш министрлік мәліметінше, ел бойынша осындай 223 жағдай тіркеліп, 25 бала қайтыс болған.
Бұл санаттағы отбасыларда балаларды қараусыз қалдырғаны үшін әлеуметтік қызметтер отбасыдан алған.
Балалар құқықтары жөніндегі уәкіл және төтенше жағдайлар департаменті қаржылық қиындық пен уақыт тапшылығы салдарынан мұндай қайғылы оқиғалар жиі қайталанатынын келтіріп отыр.
Қазақстандағы негізгі статистикалық орган – Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросының stat.gov.kz порталы көпбалалы отбасылар саны 540–600 мыңға жуықтағанын айтады.
Көп балалар үшін төленетін жәрдемақы көлемі жыл сайын белгілі деңгейде ұлғайып отырады. Соған қарамай, материалдық және қаржылық қиындықтар кездесетінмен «Батыр ана» Нұрғайша Үркімбай бөлісті.
«Мемлекетке ешкімнің өкпесі жоқ. Мәселе азық-түлік, киім-кешек, оқу құралдары, медициналық қызметтерге жұмсалатын шығындардың жоғарылығында.
Тұрғын үй мәселесіне де бірте-бірте назар аударылып келеді.
Көпбалалы үйдің шығын да көп болады. Ата-ананың жеке өмірі мен демалысы өте аз. Көбіне аналардың өздерін жалғыз сезінуі, қолдаудың жетіспеушілігі байқалады», – деді.
«Көп балалы ананың бірі менмін. Бірақ әже, аналарымыз оннан аса құрсақ көтергенде, бар болсын, жоқ болсын, ешкімге ештеңе міндет қылмады.
Қоғам тарапынан «неге көп бала туасыңдар?» деген сын жиі естіледі. Өзіме ұнайды. Мамандығым бойынша жұмыс істеу балаларыма қарауда қиындық тудыратындықтан, жеке кәсіппен айналысуыма тура келді. Ешкімнен көмек күтпедім. Өзім ізденіп, мемлекеттік бағдарламаларға қатысып, қайтарымсыз, төмен проценттік несиелер алдым. Әлі төлеп жатырымын. Жергілікті әкімшілік қолдауымен 3 мамандықты қосымша меңгердім. Қиындық кездеспей тұрмайды. Бірақ үлесімді алу үшін ұмтыламын. Байқағаным, бала тудым дегенді мемлекетке міндет қылып, масылдық түсінік қалыптастырған келіншектерді көп кездестіремін. Қимылдаған құр қалмайды. Ізденген адамға мүмкіндік мол. Бала – өзіңдікі. Оны өсіріп-жетілдіру де сенің міндетің», – дейді Айша Ілескен.
Жақында анасына «бала тумай-ақ қой» деп жылаған жасөспірім жазбасы көптің назарын аударды. Психолог Айгүл Жұбаназарова көп балалы болу үлкен балалардың жеке өмірі шектелуі мүмкіндігін айтады.
«Бұл мәселе көбіне «парентификация» яғни баланың ата-ана рөлін ерте иеленуі ұғымымен тікелей байланысты. Көпбалалы отбасыларда ата-ананың уақыты мен энергиясы жетіспегендіктен, үлкен балалар автоматты түрде «көмекші» рөліне өтеді.
Бала достарымен қыдыру, хобби сынды өз қалауын бауырларының қажеттілігі үшін құрбан етуге қалыптасады. Бұл оның өз өміріне деген бақылауды жоғалтуына әкеледі.
Олардың көбіне жеке бөлмесі, тіпті жеке заттары болмайды. Жасөспірім шақта адамға өзімен-өзі болу, өз ойларын қорыту үшін оңашалану өте маңызды. Жеке кеңістіктің шектелуі баланың ішкі мазасыздығын арттырып, агрессияға немесе тұйықталуға алып келеді.
Мұндай тұңғыштар «ересек бала» синдромына шалдығып, балалық шағы ерте аяқталады. Себебі оған «сен үлкенсің», «сен үлгі болуың керек», «сен шыдауың керек» деген талаптар жиі қойылады. Нәтижесінде, бала өз сезімдерін жасырып, үнемі біреудің көңілінен шығуға тырысатын «перфекционистке» айналады.
Ата-ананың назары тең бөлінбеген жағдайда, бала өзін «ұмытылған» немесе тек «функция атқарушы» ретінде сезінеді. Салдарынан ересек өмірде басқа адамдарға тым тәуелді болуға немесе, керісінше, ешкімге сенбейтін тым тәуелсіз гипер-жауапты мінез қалыптастыруға әсер етеді.
Бұл көпбалалы болу дұрыс емес дегенді білдірмейді. Тек психолог ретінде ата-аналарға балалардың рөлін шатастырмауға кеңес берер едім. Үлкен бала – ата-ананың көмекшісі емес, ол да қамқорлық пен жеке өмірге құқылы бала екенін ұмытпау маңызды», – дейді ол.
«Үй салу үшін бала туады», – дейді Камшат Омарбайқызы. Бізбен әңгімесінде өз білетін көпбалалы отбасының бірі салынып жатқан баспаналарына кіру үшін бала көтрегендерін естігенін айтып берді.
Жаһандық дағдарыс қалқаны
Әлемдік демографиялық карта құбылып тұрған шақта, Қазақстанның бұл бағыттағы орны мен тарихы ерекше маңызға ие.
Көпбалалы болу – жаһандық дағдарыстың қалқаны. Бұл тараптағы біздің бағыт туралы саясаттанушы Абай Ұлықпанұлынан сұрадық.
«Әлемдік картаға көз жүгіртсек, дамыған Еуропа елдері мен Шығыс Азия алпауыттары Жапония, Оңтүстік Корея «ұлттың қартаюы» атты қауіпті құбылыспен бетпе-бет келіп отыр. Туу көрсеткішінің күрт төмендеуі жұмыс күшінің тапшылығы және экономикалық тоқырауға әкеп соқтыруда. Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстандағы көпбалалы отбасылар санының артуы – мемлекеттің экономикалық және еңбек ресурстарының болашақтағы кепілі», – дейді.
Заң мен таным тұрғысынан Қазақстан заңнамасына сәйкес, көпбалалы отбасы деп бірге тұратын төрт және одан да көп кәмелетке толмаған балалары, соның ішінде 23 жасқа дейінгі студенттері бар шаңырақтарды айтады.
Кеңес өкіметі тұсында бала туу көрсеткіші жоғаруның объективті себептерін тарихшы Гүлбағида Мейірханқызы жеткізді.
«1944 жылы «Батыр ана» атағы мен арнайы ордендер енгізілді. Мемлекет көпбалалы аналарды марапаттап қана қоймай, оларға баспана мен жәрдемақы жағынан басымдық берген.
Халықтың басым бөлігі ауылдық жерде тұрды. Ауыл шаруашылығына негізделген өмір салтында бала – қосымша жұмыс күші әрі болашақ тірек саналды. Ол кезде отбасын жоспарлау мәдениеті дамымаған және «көп бала – көл-көсір қуаныш» деген түсінік бекем болды», – дейді.
Туу көрсеткіші бойынша әлемдік рейтингте Нигер, Чад, Сомали сияқты африкалық елдер алда. Бала санының өсу қарқыны мен бала туу коэффициенті бойынша Қазақстан дамыған және дамушы елдердің көбін артқа тастап, алғашқы отыздыққа нық енген.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2021-2022 жылдары Қазақстанда туу рекорды жаңарып, жылына 450 мыңнан астам сәби дүниеге келген.
Reuters, UN, OECD сияқты халықаралық ұйымдардың материалдары әлемде «демографиялық қыс» орнаған елдер барын келтірген. Бұл – ұлттың қартаюы, яғни халық санында қарттар үлесінің жастардан асып түсуін көрсетіп отыр.
Жапонияда туу көрсеткіші тым төмендегендіктен, мектептер жабылып, қарттар үйі көбейген. Жұмыс күшінің жетіспеушілігі экономикаға үлкен соққы болуда.
Оңтүстік Кореяда әлемдегі ең төменгі туу коэффициенті орын алған. Бұл – ұлт ретінде жойылып кету қаупін тудыратын критикалық деңгей. Еуропа Италия, Германия елдерінде халық саны тек мигранттар есебінен сақталуда. Экономикалық стагнация орын алып, жұмыс істейтін адамдар тапшылығы сезіліп, ұлттық код пен мәдениеттің шайылуы байқалған.
Жәрдемақы мен жеңілдік
Қазақстанда «көпбалалы отбасы» ұғымы заңдарда және әлеуметтік төлемдерде қолданылады.
Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ережелеріне сәйкес, 4 немесе одан көп бірге тұратын баласы бар отбасы көпбалалы болып есептеледі. Балалардың ішінде туған, асырап алынған, қамқорлыққа алынған балалар болуы мүмкін. Кей жағдайда күндізгі бөлімде оқитын 18–23 жас аралығындағы балалар да есепке алынады.
Көпбалалы отбасыларға мемлекет жәрдемақы, тұрғын үй бойынша жеңілдіктер, әлеуметтік көмек, кейбір салық және білім беру жеңілдіктерін ұсына алады.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәліметі бойынша 2026 жылдың басынан бастап көпбалалы отбасылар мен наградталған аналарға шамамен 114 миллиард теңге төленгені көрсетілген. 2026 жылғы ережелерді де түсіндіріп бере аламын.
Көпбалалы отбасыларға мемлекет тарапынан жәрдемақы, салық жеңілдіктері, тұрғын үй кезегі сияқты қолдаулар бар. Бірақ көптеген отбасылар бұл көмектердің жеткіліксіздігін жасырмайды. Әсіресе тұрғын үй және жоғары сапалы білім мәселесі өткір.
Көпбалалы отбасыға берілетін мемлекеттік жәрдемақыға 4 және одан да көп бірге тұратын кәмелетке толмаған немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі бөлімде оқитын студент балалары бар отбасылар табысына қарамастан үміткер бола алады.
Салалық министрлік мәліметінше, мұндай отбасыларға төленетін жәрдемақы мөлшері 2026 жылы мынадай көлемде белгіленген. 4 баласы бар отбасыларға 16,03 айлық есептік көрсеткіш – 69 330 теңге, 5 балаға 20,04 айлық есептік көрсеткіш – 86 673 теңге, 6 балаға 24,05 айлық есептік көрсеткіш – 104 017 теңге, 7 балаға – 28,06 айлық есептік көрсеткіш –121 360 теңге, 8 және одан да көп баласы бар отбасылардағы әр балаға 4 айлық есептік көрсеткіш – 17 300 теңге белгіленген.
Наградталған анаға ай сайын берілетін жәрдемақы тағайындалған.
«Күміс алқа» алқасымен наградталған аналарға 6,40 айлық есептік көрсеткіш – 27 680 теңге, «Алтын алқа» алқасымен наградталған немесе бұрын «Батыр Ана» атағын алған, І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған аналарға 7,40 айлық есептік көрсеткіш немесе 32 005 теңге беріледі.
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап балалы отбасыларға тағайындалатын мемлекеттік жәрдемақылардың мөлшері 10 процентке ұлғайған.
Қызығы сол, әлемдегі барлық мемлекет бірдей «балалар жәрдемақысын» бермейді. Мәселен, АҚШ – дамыған елдердің ішінде бала туғанда немесе көп балалы болғанда мемлекет тарапынан тікелей ай сайынғы ақшалай жәрдемақы төлемейтін санаулы елдердің бірі. Мұнда көбіне салықтық жеңілдіктер қолданылады. Ақшалай қолдауды тек табысы аз отбасылар белгілі бір шарттармен алады.
Африканың және Азияның Сомали, Оңтүстік Судан, Ауғанстан сынды кедей елдерінде, мемлекеттік бюджеттің тапшылығына байланысты, ешқандай жәрдемақы төленбейді. Мұндай елдерде бала саны отбасының жеке жауапкершілігі болып саналады.
Ең көп жәрдемақы төлейтін мемлекеттер тізімінің басында әлеуметтік жүйесі мықты Еуропа елдері мен мұнайлы араб мемлекеттері тұр. Люксембургте әр балаға ай сайын шамамен 300-400 еуро беріледі. Германия мемлекетінде әр балаға айына шамамен 250 еуро төленеді. Бала саны көп болған сайын бұл сома да қомақты бола түседі.
Швеция, Норвегия, Дания – тек ақшалай емес, сонымен қатар тегін балабақша, мектеп және ата-аналарға ұзақ мерзімді ақылы демалыс беру бойынша әлемдік лидерлер.
Біріккен араб әмірліктері мен Кувейтте тек өз азаматтарына арналған өте үлкен жеңілдіктер бар. Бала туылғанда берілетін «сүйінші» мен бала 18-ге толғанша жиналатын арнайы қорлардың сомасы ондаған мың долларға жетуі мүмкін.
Деректерге көз жүгіртсек, кейбір елдер демографиялық жағдай, экономикалық дағдарысқа байланысты төлемдерді шектей бастаған.
Соңғы жылдары енгізілген өзгерістерге сәйкес, бір реттік жәрдемақыны тек тұңғыш балаға ғана толық төлеуді алғашқылардың бірі болып Өзбекстан қолға алған. Көршілес елдегі заң бойынша 2024 жылдан бастап екінші балаға тек әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға ғана берілсе, үшінші және одан кейінгі балаларға бұл төлем мүлдем тоқтатылған. Бұл бюджетті үнемдеу және халық санының тым жылдам өсуін реттеу мақсатында жасалған қадам.
Нидерландыда соңғы жылдары бала күтіміне байланысты жәрдемақы жүйесінде үлкен дау туындап, мемлекет көптеген отбасылардан ақшаны қайтаруды талап еткен. Бұл үкіметтің отставкаға кетуіне дейін апарған.
Бұл жағдайлар көп балалы аналарға төленетін ақшаның көлемі елдің байлығына ғана емес, оның демографиялық саясатына байланысты өрбитінін көрсетіп отыр.
Көпбалалы отбасы – ұлттың стратегиялық қазынасы, мемлекетіміздің іргетасын бекемдейтін басты күш, стратегиялық байлық. Батыс елдері «баласыз өмір сүру» идеологиясымен күресіп жатқанда, қазақ даласында бесіктің тербелгені – ұлттық қауіпсіздіктің ең сенімді кепіліне балануда. Біз үшін көпбалалы болу – тек әлеуметтік мәртебе емес, дамудың формуласы екендігін ұғындырды.
Мемлекет басшысы атап өткендей, әрбір бала – елдің ең басты байлығы. Көпбалалы отбасыларға көрсетілетін құрмет пен қолдау – болашаққа салынған ең тиімді инвестиция.
Камила МАҚҰЛБЕК
28 мамыр 2026 ж. 63 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031