Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Түркияда демалғысы келетіндер, ойлансын

Түркияда демалғысы келетіндер, ойлансын

Бірақ ойлантатын өзгерістер де бар.
Фото: ЖИ
Толыққанды туристік маусымның басталуы, әдетте бірінші мамыр мерекелерімен байланыстырылатын. Енді іс жүзінде ол мамырдың соңына – Құрбан айт мейрамына қарай шегерілуі мүмкін.
Нарық ойыншылары абайлап мойындайды: сәуір және мамырдың үлкен бөлігі қонақүйлер мелдектей толатын "алтын күнтізбеден" түсіп қалатын түрі бар. Сондықтан Жерорта теңізі туроператорлары мен қонақүйлер қауымдастығының (AKTOB) президенті Қаған Кавалоглу мемлекеттен қосымша қолдау шараларын сұрап отыр. Ол Үкіметке пандемия кезіндегідей, кем дегенде екі айға туризм саласына арналған ҚҚС салығын төмендетуді ұсынды, деп жазды Turizm Ajansi басылымы.
"Әрбір сатылмаған бөлме мен өтпеген авиабилет – бұл тікелей шығын. Таяу Шығыстағы соғыстың салдары наурыздан мамырға дейінгі кезеңді қамтыды және ол жоғарғы туристік маусымға да қауіп төндіріп тұр", – деп ескертті Қаған Кавалоглу.
Туризмде бұл жай ғана жіберіп алған пайданы емес, тікелей шығындарды білдіреді. Мысалы, өнеркәсіптік өндірісте компаниялар уақытылы сата алмай, қойманы толтырған өнімін нарықтағы ахуал жақсарғанда өткізіп жібере алады. Ал қонақүйдегі бүгінгі бос нөмірді немесе ұшақтағы бос орынды ертең сату мүмкін емес.
Мазасыздық географиясы: Лондонан Тегеранға дейін
Мәселелердің келесі парасы – сұраныс географиясы. AKTOB басшысының алаңдаушылығы негізсіз емес: Таяу Шығыстағы соғыс өртінің жалыны, тіпті "түтіні" де түрік жағажайларына жетпегенімен, консервативтік сақ еуропалықтар ол аймаққа жақын орналасқан елдерге барудан үркітіп, аяқ тартып отыр.
Қаған Кавалоглу Түркияға туристерді негізгі "жеткізушілердің" бірі – Ұлыбританияда брондау санының азайғанын, керісінше, бұрын сатып алынған туржолдамалардан бас тартулар басталғанын хабарлады. Туристердің екінші басты қайнары саналатын Германияның тұрғындары 2026 жылғы туристік маусымның басында бұл бағытта демалысты брондауға деген қызығушылығының төмендегенін көрсетіп отыр.
Бір кездері арқыраған өзен тасқынындай болған Ресей туристерінің ағыны бүгінде айтарлықтай саябырлап қалды және түркиялық виллалар мен курорттар үшін кепілдендірілген клиент болудан қалды. Яғни, ішінара іркіліс емес, бірден бірнеше бағытты қамтыған "синхронды салқындау" байқалады.
Бұл көңілсіз картинадағы бөлек штрих – Таяу Шығыс туристері. АҚШ пен Израилдің соққысынан Ирандағы ахуал шиеленіскеннен кейін көрші елдерден келушілердің легі іс жүзінде тоқтапты. Жыл сайын миллиондаған туристін аттандырып келген Иран мен Ирак бұл думанды уақытша тыйды. Туроператорлар бүгінде оларға жолдама сатумен емес, қаржысын кері қайтарумен айналысып жатқандарына шағымданады.
"Наурыздың ортасына қарай, яғни, шиеленіс басталғаннан кейін небәрі үш апта өткенде, шығыс және оңтүстік-шығыстағы көрші елдерден сапарлар толығымен тоқтады. Иран мен Ирак бұрын Түркияға саяхаттайтындар үшін маңызды нарықтар болды, ал соңғы апталарда біз тек қабылданған депозиттерді кері оралтумен айналысудамыз", – деді германиялық Deutsche Welle-ге сұхбатында Ayanis Tour компаниясының сату және маркетинг бөлімінің басшысы Онур Тунчдемир.
Түркияның TÜIK статистикалық басқармасының мәліметінше, Иран мен Ирак бұрын Түркияға туристердің үлкен ағынын жолдайтын: жылына Түркияға 3,3 миллионға дейін ирандықтар саяхаттайтын. Енді бұл ағын іс жүзінде жоққа жуықтадыү
Дегенмен қауымдастық басшысы Қаған Кавалоглу сырттай сабырлылық сақтап отыр: Анталия биыл 17 миллион туристті қабылдайды деген меже күн тәртібінен алынбапты. Басқа мәселе, екі апталық бітім бейбітшілікке ұласпаса, Таяу Шығыстағы қақтығыс созылып кетсе, толыққанды маусымның ашылуы Құрбан айтқа қарай (Түркияда 2026 жылғы 27 мамыр – 30 мамыр аралығында), яғни, мамырдың соңына таман шегерілуі мүмкін.
Туроператорлар сұраныстың ары қарай да төмен болатынын болжап, қымбаттаған ұшу шығындарын өтеу үшін қонақүйлерге бағаны төмендетуге мәжбүр бола бастады, деп жазды Profi.Travel. Туроператорлардың дерегінше, осы туристік маусымда Түркияда татымды жеңілдіктер мен арнайы ұсыныстар жасалады, бұл авиабилеттер құнының қымбаттауын өтеуге көмектеседі.
"Түркия бойынша біз қазірдің өзінде арнайы ұсыныстардың басталып жатқанын көріп отырмыз. Қазірше түріктің танымал қонақүйлерінің көбі сақтық танытып, біразы артын бағып отыр. Бірақ меніңше, маусым жақындаған сайын жеңілдіктер де көбейе береді", – деді Express Day бизнес-форумында "Русский Экспресс" туроператорының басшысы Тарас Кобищанов.
Бағаның төмендегені, жеңілдіктер басталғаны туралы басқа да туроператорлар мен қонақүйлер хабарлай бастады.
Жанбағыс режимі: "лакшәриден" "тойханаға" дейін
Нарықтың субъективті сезімдерін статистика растап отыр. 2026 жылдың ақпанында қонақүйлердің толу деңгейінің төмендеуі тіркелді, деп хабарлайды түрік порталы Turizmguncel. ТР Мәдениет және туризм министрлігі жариялаған ресми мәліметтерге сәйкес, биылғы ақпан айында бүкіл Түркия бойынша қонақүйлер небары 26,01%-ға ғана толды. Салыстырсақ, 2025 жылдың ақпанында бұл көрсеткіш 30,27%-ға жеткен.
Жалпы, 2026 жылдың екі айлық кезеңінде толу деңгейі 28,64%-ды құрады. 2025 жылдың ұқсас кезеңінде қонақүйлердің толуы 31,69%-дан асқан еді. Бұл жерде әрбір төрт каютасының біреуі ғана бос емес алып бес жұлдызды лайнерді көз алдыңызға елестетіп көріңізші.
Сонымен қатар төмендеу іс жүзінде Түркияның барлық дерлік туристік орталығы мен қонақүйлердің барлық санатында тіркелді. Ақпан айында бес жұлдызды қонақүйлердің толуы 27,51%-ды, төрт жұлдыздыда – 29,35%-ды, ал, үш жұлдызды қонақүйлерде – 27,98%-ды құрады. Негізгі туристік аймақтар бойынша толу көрсеткіштері келесідей: Ыстамбұлда – 40,05%, Анталияда – 23,68%, Измирде – 21,61%, Муглада – 14,72%.
Саяхатшылардың отелде орташа қону ұзақтығының шамамен екі күнді ғана құрауы ерекше назар аудартады. Бұл енді толыққанды демалыс емес, қысқа мерзімді түнеу. ТР Туризм министрлігінің мәліметінше, 2026 жылғы ақпанда қонақтардың қонақүйлерде орташа болу ұзақтығы 2,02 күнге дейін құлдырады. Бұл ретте шетелдік туристердің орташа болу мерзімі 2,45 күнді, жергілікті тұрғындардың түсуі – 1,80 күнді құрады.
Осындай "тар жол, тайғақ кешті" кезеңде қонақүйлер кез келген табыс көзін іздеп, тіпті "тойхана" форматында жұмыс істеуге көшті. Мысалы, инфрақұрылымын: нөмірлерді, мейрамханаларын, бассейндерді, залдарды және басқасын жергілікті тұрғындардың той-томалағына, тимбилдинг, іскерлік, басқа жиын-шараларына, отбасылық мерекелеріне және басқа да форматтарға ұсыну үрдісі белең алды. Ондаған жылдар бойы all inclusive жүйесіндегі тоқшылықтың және браслеті жоқ кездейсоқ адамдардың кіруіне жол бермейтін қауіпсіздіктің символы болған индустрия қазіргі күрделі жағдайға бейімделу режиміне ауысты.
2026 жылдың қаңтар-ақпан айлары аралығында түрік қонақүйлеріндегі түнеген адам саны 22 миллион 472 мыңды құрады. Оның тек 9 млн 123 мыңы шетел азаматтары. Басым бөлігі – 13 миллион 472 мыңы жергілікті тұрғындар. Аймақтық тұрғыда Ыстамбұл көш бастады, онда ең көп түнеу саны – 3 млн 21 мың қонақ тіркелді.
Баға дуэлі: демпинг vs "қауіпсіз айлақ"
Дегенмен, дәл осы тоқырау саяхатшылар үшін тамаша мүмкіндіктер, жақсы жаңалықтар әкеледі. 2026 жылдың мамыр айы "тарихи баға төңкерісі"н дайындап жатыр, деп мәлім етті "Турпром" порталы. Өйткені туризм шежіресінде тұңғыш рет мәртебелі Түркия қарапайым Мысырдан екі есе арзан болатын түрі бар.
Себебі белгілі: Түркияда маусымның басында сұраныс нашарлау, әрі теңіздері де салқын. Қыстан қоңсыз шыққан қонақүйлер бос қалған нөмірлерін аз да болса толтыру үшін бағаны түсіруге (демпинг) мәжбүр.
"2026 жылғы мамырда "нарықтық төңкеріс" болады: туризм тарихында алғаш рет Түркия Мысырдан екі есе арзандайды. Неге? Туристерді бағаға қатысты дағдылы түсініктерді бұзатын бұрын-соңды болмаған жағдай күтіп тұр. Travelata сервисінің мәліметінше, мамырда, әсіресе айдың екінші жартысында, Түркияға 2 адамға арналған стандартты тур Мысырдағы ұқсас демалыстан айтарлықтай арзан болады. Бұл бұрын мүмкін болмаған тарихи сәт: қымбаттау әрі мәртебелі Түркия баға жағынан мысырлық масс-маркетке жол береді", – деп жазды портал.
Шын ба? Мысырға (Хургада, Шарм-әл-Шейх) 13 мамырдан бастап 3 жұлдызды қонақүйге, екі адамға арналған турдың ең төменгі бағасы 95–100 мың рубльден (шамамен 615 000 теңгеден) басталады және одан арзандайтын түрі жоқ. Дәл осы кезде Түркияға (Анталия, Кемер, Сиде) дәл осы күннен бастап үш жұлдызды қонақүйлерде "барлығы қосылған" жүйесімен екі адамға 72–73 мың рубльден (шамамен 449 мың теңге) басталатын ұсыныстарды табуға болады.
Мамырдың 20-сына қарай айырмашылық бұдан да күшейе түседі: Түркия – 60 мың рубльден басталады, Египет – 100 мың рублден жоғары (халықаралық туроператор РФ валютасында көрсетеді). Бұл іс жүзінде нені білдіреді? Мысырда тек қарапайым үш жұлдызды қонақүй нөмірі тиетін 450–500 мың теңгеге Түркияда аумағы жақсы, анимациясы мен тамағы тамаша 4 жұлдыз деңгейіндегі қонақүйді таңдауға болады.
"Түркияда мамыр айында, әсіресе бірінші жартысында, теңіз әлі де көптеген туристердің жайлы шомылуына жарамайды, салқын (су температурасы шамамен +19…+21°C). Ауа жылы, бірақ жағажай демалысы үшін маусым енді ғана басталып жатыр. Қонақүйлер үшін нөмірлер қорын толтыру өте маңызды, сондықтан олар бағаны белсенді түрде түсіріп, туроператорларға өте тиімді келісімшарттар ұсынуға мәжбүр", – деді Турпромның басшысы Александр Гордиец.
Мысырда жағдай мүлдем басқаша. Онда теңіз жып-жылы, ауа райы болжамды, тұрақты, оның үстіне Иранның айналасындағы қарулы қақтығыс адамзаттың жүрегін май ішкендей еткен мазасыз жағдайда Африкадағы, басқа құрлықтағы Египет жағажай демалысы үшін ең қолжетімді әрі қауіпсіз ұсынысқа айналды.
Туристер лек-лекпен ағылуда, мысалы, Дубайға бара алмаған қазақстандықтар, шетелдіктер басқа бағыттардан жолдамасын Мысырға ауыстырды. Қонақүйлер шектен тыс толған, авиабилеттер тез сатылып жатыр, соған дәніккен, әрі құныққан жергілікті қонақүйлер бағаны тарихи рекордтарға дейін көтеріп жіберді.
Осы кезде туроператорлар таяу күндерге "ыстық турларды" да сата бастады. Түркияға екі адамға 6 түнге "барлығы қосылған" жүйесімен шамамен 295 мың теңгеден (48 мың рубль) бастап, демалуға болады екен: бұл 15 сәуірге арналған, Аланиядағы үш жұлдызды нұсқа (Travelata мәліметтері бойынша). Жайлылықты қалайтындар үшін де ұсыныстар бар: "бюджеттік" бес жұлдызды қонақүйлер дәл сол күнге екі адамға шамамен 440 мың теңгеден басталады.
Нәтижесінде парадокс туындайды: неғұрлым "қымбат" Түркия уақытша бюджеттік бағытқа айналса, Мысыр бағасы бойынша премиумға шықты. Бірақ мұндай қайшылық ұзаққа созылмасы даусыз. Жағдай қалыпқа келген бойда, баға үйреншікті жүйесіне оралады, дейді туроператорлар. Олар дәл қазір жеңілдіктер ұсынғанымен, туристік маусым қызған шақта Түркиядағы бағаның қатты төмендеуін күтудің қажеті жоқ екенін ескертті.
Түрік қонақүйлерінің иелері де орта мерзімді перспективаға екпін түсіріп, "БАӘ мен Қатардағы туризм 5 жыл ішінде қалпына келмейді, сондықтан туристер олардың орнына Анталияға келеді" деп есептейді.
Турагенттік иесі Ондер Санчарбарлаз батыл болжам жасады: демалыс үшін бұрын Парсы шығанағы елдеріндегі (БАӘ, Катар, Оман) қымбатырақ, бірақ қазіргі қауіпті бағыттарды қарастырған туристердің бір бөлігі түрік курорттарына бет бұруы мүмкін. Оның бағалауынша, алдағы 5 жылда Германия-Австрия-Швейцария аймағынан Түркияға келетін ағын қазіргі 7 миллионнан 10 миллион адамға дейін өседі.
Бұл, әрине, тек болжам, бірақ ол бос сөз емес, Түркияның нақты артықшылықтарына негізделген: жылдар бойы қалыптасқан инфрақұрылым, жоғары сегменттегі қонақүйлердегі жоғары сервис және Еуропаға географиялық жақындық туристерді магниттей тарта береді.
12 сәуір 2026 ж. 127 0

Кене кіші деме...

11 сәуір 2026 ж. 127

СӘУЛЕТ ПЕН САПА

11 сәуір 2026 ж. 136

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
27282930