«ӘЛЕМДІ ҒЫЛЫМ ҚҰТҚАРАДЫ - VI» САЛТАНАТТЫ ШАРАСЫ ӨТТІ
Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінде 12-сәуір Ғылым қызметкерлерінің күніне арналған салтанатты шара өтті. Ғылымсыз, жаңа технологиялар енгізбестен экономикада және әлеуметтік салада табысқа жету мүмкін емес. Сондықтан ғылымның дамуына саналы ғұмырын арнаған және барлық күш-жігерін жұмсайтын адамдар қашанда құрметке лайық.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, ғылым нақты экономикаға қызмет етіп, ел игілігіне бағытталуы тиіс. Ал Үкімет тарапынан ғылымды дамыту, жас ғалымдарды қолдау және ғылыми жетістіктерді өндіріске енгізу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
Осы бағытта Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті де ғылым мен білімді ұштастыра отырып, өңірдің және елдің ғылыми әлеуетін арттыруға зор үлес қосып келеді. Ғалымның еңбегі – инемен құдық қазғандай - қиын да қызықты, ол еңбек - барлық заманда да қоғамның сый-құрметіне ие. 504 ғалыми қызметкерден жасақталған профессор-оқытушылар құрамы бар Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінде жүзге жуық докторант, 588 магистрант және 11 мыңға жуық студент білім алады.
Сырбойылық ғалымдар түрлі бағыттағы ғылыми жобаларды жүзеге асырып қана қоймай, жас ізденушілер буынын қалыптастырып, Сыр өңірінің инновациялық дамуына зор үлес қосып келеді. Жас ғалымдарға берілетін гранттық қаржылай қолдау көлемінің жыл сайын артуда. Қазіргі таңда ғылым көкжиегін дамыту үшін инжинирингтік парк құрылысы жүріп жатыр. Ғылыми-технологиялық нысанда археология және «физика-химиялық талдау әдістері» инженерлік бейінді зертханасы, жасанды интеллект және академиялық басымдық орталықтары, роботехника, жерді қашықтан зондтау, IT зертханалары орналасады. Сонымен қатар 90 орындық дәрісхана, 140 орындық конференц зал және компьютерлік аудиториялар да қарастырылған. Ғылыми орталық ғимараты жыл соңында падалануға беріледі деп күтіліп отыр.
Салтанатты шарада ғылыми жобаларын жоғары деңгейде жүзеге асырып, іргелі әрі қолданбалы зерттеулермен жүйелі түрде айналысып жүрген бірқатар ғалымдар мен білім алушылар марапатталды.













