Азаттықтың айбозы немесе Тайлақ батыр туралы не білеміз?
XVIII ғасыр қазақ халқының тарихында ерекшелігімен маңызды. Себебі осы ғасырдың бірінші жартысында ел басына қара бұлт төніп, жан-жақтан жау анталаған тұста халқымыздың тағдыры қыл үстінде болған тұрды.Шығыстан жоңғарлар, солтүстік-батыстан қалмақтар және әлсін-әлсін башқұрттардың қазақ жеріне ентелей кіріп, ұйымдастырған жорықтары уақыт өте келе жеріміздің тұтастығы мен елдігімізге үлкен қауіп төндірді. Тап осы кезде сыртқы жаулардың өз әрекеттерін үдетуінің бірнеше себебі бар. Солардың бірі әрі негізгісі сол тұстағы қазақ қоғамындағы ішкі саяси жағдаймен байланысты еді. Бұл тұста дәстүрлі көшпелі мемлекеттігіміздің өз дамуындағы дағдарыстық үрдістерге ұшырай бастаған. Қазақтың мемлекеттік жүйесінің орталықсыздануы елде алауыздықтың, билікке талас пен осы бағыттағы қарама-қайшылықтардың өршуіне әкелді. «Бөлінгенді бөрі жейді» демекші, кең байтақ жерімізге көз алартып қарап отырған жауға мұндай жағдай қолайлы болғаны түсінікті.
Осындай ел басына күн туған шақта жан-жақтан жойқын жорықтарымен жұрттың берекетін кетірген жауға тойтарыс беруде негізгі ауыртпалық әр аумақтағы сұлтандар, батырлар мен билерге түсті. Қазақ жерінің әр тұсындағы рулар мен тайпалардың өкілдерінен құралған жасақтарды ұйымдастырып, басқарып жауға тойтарыс бере қарсы тұрған сол тұстағы батырлардың есімі тарихтан өшпестей орын алды. Қазақ батырларының ел тағдырындағы қиын сәтте көбеюі заңдылық әрі қажеттілік еді. Төл тарихтағы батырлар феномені әлі де терең зерттеулерді талап ететін үлкен мәселе. Бізге мәлімі дәстүрлі қазақ ортасындағы батырлар бұл көшпелі қоғамның даму ерекшеліктерімен байланысты қалыптасқан институт.
Ерлігімен ел аузындағы Бөгенбай, Қабанбай, Наурызбай, Олжабай, Есет, Райымбектер қатарындағы қазақ халқының азаттық соғысында ерекше барылық істерімен із қалдырған тұлғалардың бірі – Тайлақ батыр.
Тайлақ Мәтіұлы 1693-1741 жылдар аралығында өмір сүрген. Ол туралы деректер батыр, мерген, қолбасшы және мемлекет қайраткері екендігін ұғындырады.
Тайлақ батырдың ел басына күн туған шақтағы ерлік істерін алға тартуымызға болады. Қазақ халқының басына түскен зобалаңдардың ең үлкені және сұмдығы – жоңғарлардың тұтқиылдан жасаған жорықтары нәтижесінде халықтың «Ақтабан шұбырынды Алқакөл сұлама» зобалаңына ұшырауы Міне, осы уақытта билік тізгінін отырған хан-сұлтандар елдің басын біріктіре алмаған шақта, батырлар жерді жаудан азат етуде өлшеусіз ерлік танытты. Тайлақ батыр солардың бірі де, бірегейі болды.
Тарихта болған үрдістерге қатысты жазбаша деректердің тапшылығына байланысты оларды қарастырғанда, зерттеушілер көбіне ауызекі деректерге жүгінуге мәжбүр. Бұл ахуалды Тайлақ батырды танып-білу ісіне де қатысты айтуымызға болады. Зерттеушілер, ақын, жазушыларымыздың азды-көпті мәліметтері мен уақыт елегінен өткен ауызекі мәдениетінде сақталған деректер бұл тұлғаны сипаттауға мүмкіндік береді. Қазақстан Ұлттық энциклопедиясында Тайлақ батыр кіші жүздің Жетіруының Телеу тайпасынан шыққаны айтылады. Әбілхайыр ханмен үзеңгілес, құрдас әрі ақылшы-кеңесшісі болғаны көрсетіледі.
Сол дереккөздерге сүйеніп жазылған еңбектерде Тайлақ батыр әуелгі ұрыстарда өзінің әкесі Мәті би, туыстары Шом батырлармен бірге жүріп соғыс өнеріне машықтанғаны айтылады. Ол өз заманында асқан батыр, әскери өнерді жетік меңгерген және ұрыс айла тәсілдерін шебер ұйымдастырушы, қолбасшы ретінде көзге түскен тұлға болғанына көз жеткіземіз. Сол деректер қазақ-қалмақ арасындағы шайқастарға Тайлақ батыр мен оның ағасы Дербіс батыр қатысқанын, сондай-ақ Саңырық батырдың, оның інісі Сары мерген және ағасы Дәнен есімді батырлар да болғанын айтуға мүмкіндік береді.
Тайлақ батырдың біз әңгімелеп отырған кезеңге қатысты ел көлемінде қаралатын тұлға екенін, онын халқы үшін атқарған іс-әрекеттері ауқымды болғанын қазақ зиялыларының еңбектерінен көруге болады.
М.Тынышбаевтың «Қазақ халқының тарихы», І.Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясы, Ә.Кекілбаевтің «Үркер» романы, Ә.Әлімжановтың «Жазушы», С.Байдәулетовтің «Алтын киімді ханзада ұранды қарт қазақтар», С.Қойшыбаевтың «Тұлпар» кітабында жазылған.
Тайлақтың тарихи бейнесі кәсіби зерттеушілердің де назарынан тыс қалмаған. Тақырыпты отандық ғылымдармен қатар, филология ғылымдардың докторы, профессор Б.Сағындықұлы Тайлақ батырдың тегі мен ұрпақтары туралы зерттеу жүргізген. Ресей, кеңестік зерттеушілері ХVIII ғасырдағы қазақ тарихы бойынша ірі зерттеуші М.Вяткин «Очерки по истории Казахской ССР» аталатын еңбегінде орыс дереккөздеріне сүйене отырып, сол кездегі қазақтардың сыртқы жауларға қарсы шайқастары туралы айтқан. Еңбекте: «Басқыншылықпен келген қалмақтарға тойтарыс беруді қарапайым халық ішінен шыққан батырлар ұйымдастырады. Атап айтсақ, кіші жүздегі Тайлақ, ұлы жүздегі Саңырық және орта жүздегі Бөгенбай батырлар ұйымдастырып шықты. Олар 1727 – 1729 жылдары қазақ-қалмақ шайқастарында жеңіске жетіп, жауға тойтарыс берді», – деп нақты тарихи дерек негізінде атап көрсеткен. Қазақстан тарихына қатысты «Телеуге» арналған шежірелік басылымның VI томында Тайлақ батыр туралы мол мәлімет Т.Омарбеков, Б.Кәрібаев жазбаларында берілген. Маңызды деректер архивтік материалдардан терілген Қазақстандық ғалым Я.Басиннің құжаттар жинағында орын алған. Одан кейін батырдың тұлғалық бейнесін аша түсетін бірқатар мақала да жарық көрген. Осы және басқа да деректерге сүйене отырып жазылған еңбектердің арқасында Тайлақ батырдың өмірі мен іс-әрекеттері жөнінде азды-көпті тұжырымдама жасай аламыз.
Тағы бір айта кетерлігі, Тайлақ батырдың атына кейбір қазақ руларының арасындағы талас бар. Барлық руларда әр кездерде Тайлақ деген батырлар болған. Кез-келген қазақтың ата-тегін тексеріп қалсаңыз бір емес бірнеше айбынды батырлар шығатыны анық. Оның ішінде аттастар да көп болған. Халық жаңа туған балаларына ырыммен даңқты есімдерді қойып отырған. Дегенмен Тайлақ туралы дәлелді тұжырымдарды белгілі ғалым, профессор Б.Сағындықұлы 2019 жылы «Айқын» газетінде жарияланған мақаласында нақты келтірген.
Ержүрек ердің негізгі өмірлік кезеңдері қағаз бетіне түсіп, оған қызығушылық танытқан ортаға мәлім. Бұл тұлғаның 1726 жылы Ордабасы құрылтайына қатысып, 1727 жылы Бұланты және 1729 жылы Аңырақай шайқастарында Кіші жүз жасағын басқарып, атақты қолбасшылардың бірі ретінде танылғандығы жөнінде мәліметтер оқырманға жеткізіліп жатыр. Бұл деректі дәйектер қазақ елі қалмақ қырғынынан кейін екі жыл уақыт өткенде есін жиып, басқыншыларға қарсы тұрғандығын нақтылайды. Осы үрдіске негіз болған ең алғашқы жауға қарсы берілген тойтарыс соққыны Кіші жүз Тайлақ батыр мен Ұлы жүз Ошақты руынан шыққан Саңырық батыр әкелгені жөнінде айтады. Сол зерттеу мақалалар Саңырық батыр Тайлақ батырға жиен болып келетіні көрсетеді. Бірге Бұланты-Білеуті өзендерінің ортасында қалмақтың қалың қолын ойсырата талқандағанын да келтіреді. Бұдан біз Тайлақ батырдың ел тағдырының болашағына қатысты ең шешуші, күрделі, стратегиялық сәттердің оң шешілуіне өзінің қомақты үлесін қосқанын ұғынамыз. Осындай абыройға ие бола бастағанына қарамастан, Тайлақ батыр әр кезде ел тағдырын ойлаған, даңқ пен бақталастықтан өзін аулақ ұстайтын тұлға болған. Мысалы, Ә.Әлімжановтың «Жазушы» романында Бұлантыда басқосу тұсында Бөгенбай батырға Саңырық пен Тайлақтың зор қошемет көрсеткенін суреттейді. Бұл тарихи роман көркем шығарма болса да, аталған көрініс көңіл аударарлық жайт. Кездесуден кейін Тайлақ пен Саңырық бірауыздан Бөгенбайды орталарынан бас батыр етіп сайлағанын айтады автор.
Зерттеушілердің пікірі бойынша, Тайлақ батыр – Әбілхайырханның бірге өскен құрдасы, үзеңгілес жолдасы, досы әрі ақылшы кеңесшісі болған. 1726 жылы Ордабасыда өткен үш жүздің игі жақсылары бас қосқан алқалы жиында Тайлақ батыр кіші жүз жасақтарының қолбасшысы болып сайланады. Ұлы жүз қолының бас сардары болып Саңырық батыр, Орта жүз қолының бас сардары болып Қанжығалы Бөгенбай батыр бекітіледі. Осы жиында бүкіл Қазақ әскеріне бас қолбасшылыққа кіші жүз ханы Әбілхайыр сайланады. Демек, бұл тұрғыда біз Тайлақ батыр – 1729 жылы қазақ халқына ұлы жеңіс әкелген «Аңырақай» шайқасында қазақ әскерін басқарған үш бас сардардың бірі болып, мемлекеттік деңгейдегі әскери тұлға ретінде қалғанын аңғарамыз. Сонымен бірге, осы шешуші шайқастарда ол өзін әскери әдістерді жан-жақты меңгерген стратег ретінде де көрсете білген.
Ә.Кекілбаевтың «Үркер» романында Тайлақ батыр жас кезінен Әбілхайыр сұлтанмен бірге өскені, бірге шыңдалып, дос болғаны, той-туманда да, жорықтарда да қатар тұрғаны көрсетілген. Осы жерде сол тұста хан-сұлтандармен көші бір болған Тайлақ батыр шыққан Телеу руына сәл көңіл бөлсек, бұл ру сол заманның сенімі бойынша «Телеу болмай тілеуің болмас», «Телеудің ақ дегені бата, қара дегені қарғыс» деп құрмет көрсетілетін ру болғанын байқаймыз. Осы тұрғыда, кіші жүздің ханы Әбілхайыр Төлеңгіт ұстамағаны, жігіттер ержүрек, батыл Телеулермен қосылып көшіп-қонып жүргені де кездейсоқ нәрсе болмас. Мұның өзі Тайлақ батырдың бала кезінен оның көп нәрсеге деген көзқарасы елдік және мемлекеттік тұрғыда қалыптасуына әсерін тигізгені әбден мүмкін болғанын айтуымызға болады.
Тайлақ батыр бүгінгі таңда қолбасшы және мемлекеттік тұрғыдағы қайраткер ретінде танылып отыр. Оның сол кездегі басқа да қазақ батырлары және қайраткерлерімен бірге атқарған істері қазақ елінің қилы және шешуші сәттерінде мемлекеттілікті сақтауға септігін тигізгені сөзсіз. Дегенмен Тайлақ батырды тұлға ретінде тани білу одан әрі жан-жақты және терең зерттеулерді талап етеді. Осы бағыттағы ізденістер өз жалғасын табуы қажет.
Әсет ТАСМАҒАМБЕТОВ,
тарих ғылымдарының докторы,
Батыс Қазақстан инновациялық – технологиялық университеті
Білім және менеджмент институтының қауымдастырылған профессоры










