Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Наурыз нақыштары

Наурыз нақыштары


Салдама
Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің «Наурызнама» атты еңбегінде салмада жайлы айтылады.
«Ол күні қожаларға оқытатұғын, Наурызға арналған кітап болады. Наурыз жайын ұқтыратұғын ол кітаптың атын «Салдама» дейді. Ол күнде тілі орамды, сөзге шешен шалдардың батасы болады. Қожа кітап оқығанда, шалдар бата қылғанда, жұрт жылап, шулап: «Әмин!» деп отырады. Сонан соң олардың айтқаны айтқандай келіп халық, жұрт ілгері басып, малы да өсіп, басы да өсіп берекелі болады. Мал сойып, Наурызнама қылуға шамасы келмейтін кедейлер жалғыз қой сойса да, наурыз күні бір қазан көжеге салып: «Ауылға татырамыз!» деп, басын сақтап қояды», – деген жолдар бар.
Наурызкөк
Наурызкөк кей деректерде нәуірзек деп те аталады. Наурыз айында ұшып келетін көктем құсы. Көк бояуы басым шағын ғана қаракөк құс. Осы құсты шығыс халықтары ерекше құрметтейді. Оны алғаш көргендер «Наурызкөгім, келдің бе?» деп шақырады. Наурызкөкті ешкім үркітпейді, оны киелі құс қатарына қосады.
Алтынкүрек
Қыстың соңғы қарын ұшырып әкететін желді қазақ «алтын күрек» деп атайды. Осы уақытта егіншілер «Көктен жаудыр, жерден өндір!» деп тілек тілеп, егіске дайындықты бастайды.
Алтын күрек – оңтүстіктен үзбей соғып,қыстың соңғы қарын күрт ерітетін жылы жел. Ал алтын күрек әлемі деген – сол желдің әлемі, мекені.
Наурызнама
Бұл жайында Мәшһүр Жүсіп Көппев: «Сәті мырза алдырған түлкілерінің ішінде бір қара түлкісі бар, наурызнаманың үстіне келіп қалыпты. Қара түлкі алғанына бір қуанып, «наурызнама қылдырамын» деп Едігенің келгеніне екі қуанып: «Бұл наурызнама Баяудікі болды. Мен ұрғашының наурызнамасына ортақтаспаймын!», –деп басы Едігенің өзіне түйе бастатқан тоғыз, онан кейінгісіне: біріне – түйе, біріне – ат, жүз кісіден бір кісіні құр қоймай, ең аяғы атшыларға дейін бір-бір матадан үлестіріп: «Міне, менің наурызым!» деп сый қылыпты», – деген мәлімет қалдырған.
Наурызшешек
Наурыз айында өсетін жапырақты, түрлі-түсті гүлді, қауашақты әсем өсімдік нарызшешек аталады. Ел арасында оны бәйшешекпен шатыстыратындар бар. Ұқсастығы екеуі де көктем жаршысы. Бәйшешек ақ түсті, табиғи өсімдік. Наурызшешек түсі көбіне күлгін, сары немесе ақ болады. Әсемдік үшін үйде өсірілген. Майының дәрілік қасиеті бар. Қазақ елінің таулы аймақтарында оның бірнеше түрі өседі. Наурызшешек «Қызыл кітапқа» енген сирек кездесетін бағалы өсімдік қатарына жатады.
Наурызша
Наурыз айында ашық күндері қолдан ойғандай ерекше ою-өрнекті әрі жұп-жұқа қиыршық қар түседі. Ол күн көзіне шағылысып, шашырап, жылтылдап құбылады. Анықтап қарағанда басқа қар қиыршықтарындай емес, жеңіл де үлпілдек болады. Мұны халық «наурызша» деп атаған. Мереке күні қар жауып тұру жақсы ырым деп саналған. Бізге жеткен қазақ аңыздарында қыздың сұлулығы Наурыздың ақ қарына теңестеріледі.
Әз
Наурыз сөзімен бірге қолданылатын әз сөзін көпшілік біле бермейтін ескі ұғым.
Халық нанымы мен сенімі бойынша наурыздың алғашқы үш күні ішінде жер-көкті жарып ерекше бір гуілді дыбыс өтеді. Оны жан-жануарлар ішінде жұмақтан шыққан қой ғана және қой арқылы қойшы ғана сезеді деседі. Сол күні барлық табиғат, жаратылыс, тіршілік, өсімдік пен адам бойына ерекше сезім, қуат, қасиет бітеді. Бұл күндері тырнақ, шаш алса халық әлгіндей асыл қасиеттер қиылып кетіп, адам сал ауруға ұшырайды деп ырымдаған. Жер-көк, жан-жануар әз өткен соң ғана қуат алады деп түсінген халық «әз болмай, мәз болмайды» деп қанатты қағида қалдырған.
Саумалық
Наурыз айында жаңа жыл еніп, жер бусанып, күн күркіреп, жаңбыр жауып, көк дүркірегенде ауыл адамдары далаға шығып саумалық айтып, қуанышты көңілмен жақсы тілек тілейді.
Саумалық, саумалық,
Наурызымның көк құсы
Ұйқыдан көзін ашты ма?
Саумалық, саумалық,
Самарқанның көк тасы
Жібіді ме, көрдің бе?
Саумалық, саумалық,
Ескі жыл кетіп, жаңа жыл келді,
Ескі жыл есіркей кет,
Жаңа жыл жарылқай кел, – деп бір ескі ыдысты сындырып, жамандық кетсін деп ырым жасайды.
Мұхаррам
Мұхаррамның араб тіліндегі бүгінгі баламасы – «тыйым салынған» сөзі. Ертеде Шығыс елдері Наурызды «мұхаррам» деп атаған. Оның мәнісі: осы қасиетті айда табиғатты ластауға, тәртіпсіздікке, ұрлыққа, ғайбат сөзге, ішімдікке тағы басқа жағымсыз істерге тыйым салынған. Демек, мұсылман елінде Наурыз әдептілік, адамгершілік, пәктік сияқты асыл қасиеттерді дарытатын, дамытатын, ұлықтайтын күн есебінде де ерекшеленген. Наурыз – пәктік, адалдық күні қателік кешіріледі. Көңіл кірі өшіріледі. Жолсыздыққа тыйым болады. Ақ тілек – сыйың болады. Әр үйде береке болады. Ойын, сауық, мереке болады.
Наурыздың көк тасы
Жұртышылық арасында «Наурыздың көк тасы», «Самарқанның көк тасы еріген күн» деген ұғым бар. Тіркестің пайда болуы тарихына орай бірнеше нұсқа бар.
Әйгілі астроном Ұлықбек обсерваториясындағы көк тасқа дәл 22-наурыз күні күн сәулесі түсетін болған. Сол сәуледен түскен жылу тасты жібітеді-мыс десе, екіншісі, бұл күні әр адам қателігі болса кешірім сұрауға және ол кешірім беруге тиіс. Кешірмесе «бұл күні Самарқанның көк тасы да жібиді, сен тастан қаттысың ба?» деп тоқтатады екен. Үшінші, ертеде Наурыз күнінде өз қатесін түсініп, кешірім сұраған қылмыскерлер мен жазаға ұшырағандарға да кешірім жасалатын болған. Осыдан әз Наурыздың қасиеті мен шапағаты ізгілік пен жақсылыққа бастайтын ерекше күн екенін аңғаруға болады.
Наурыз жұмбақ
Халықымыздың табиғатқа, аспан әлеміне, ауа райына, жерге, күн мен түнге байланысты айтылатын жұмбақтар осындай атпен аталған. Онда ақындар, қыз-жігіттер осы тақырыптарға ғана тән құбылыстарды жұмбақпен өлеңдетіп айтысатын болған.
Мысалы:
– Ұшқара Айдай туып,
Күндей батар,
Туғанда Шабансары таң сонда атар.
Аспаннан жұлдыз тарап,
Шолпан туып,
Таң райы
Күнменен манауратар.
Шығыстан Үркер туса егінді ор,
Батса көктен егісті егетін бол.
Қырық күн, қырық түн сол Үркер көктен безіп,
Жоғалып қараңғыда шегеді жол...
Мұндай жұмбақтар жастарды табиғат тылсымын біліп, үйренуге жетелейді.
Наурыз көже
Жеті түрлі азықтық заттан тұратын, Наурыз кезінде жасалатын тағам – наурыз көже. Жеті деген сан аптаның жеті күнін бейнелейді, бұл санның мағынасы терең. 7 санға байланысты әдет-ғұрыптар бар. Наурыз мерекесін тойлау кезінде ақсақалға наурыз көжеге толы жеті кесе ұсынылады. Наурыз кезінде әр адам өз үйіне 7 қонақты шақырып, өзі-де 7 үйге жолығады. Ғалымдар оған жеті түрлі азық қосу бертін келе пайда болғанын айтады. Себебі наурыз көженің екінші атауы «ұлыс көже». Ертеде қыстан қысылып шыққан қауым өз үйлерінде бар астық, азығын әкеліп қосып, ортақ тамақ дайындап, тілек тілескен. Сол кезеңнен бері бұл астың қадірі ерекше.
Қазіргі нутрициологтар наурыз көже жоғары биологиялық құндылығы бар тағам, барлық ингредиент бір-бірімен үйлесімді жұмыс істейді. Әсіресе көктемде гиповитаминоздан сақтану үшін өте ұсынылады.
Көрісу
Наурыз мерекесі 14 наурыздан басталып, «Амал» деп аталады, осы мейрамның дәстүрлі элменті — «Көрісу». Қыс бойы қарлы боран, жолдың қиындығымен бір-бірін көрмей, алыста жүрген туыс-туған, көрші-қолаң, ағайын-жұрт көктем келгенде қауышады. Көп жерде Амал мерекесі немесе Амал күні деп те аталады. «Амал келді — жыл келді» деген сөз осыдан шыққан — көктемнің, жаңа жылдың басталуы.
Көрісу кезінде жастар таңертең ерте тұрып, жасы үлкендерге барып сәлем береді. Бір-біріне қол алысып, құшақтасып амандасады. «Жасың құтты болсын!», «Бір жасыңмен!», «Жылың құтты болсын!», «Аман-есен көрістік!» сынды тілектер тілесіп, өкпе-реніш, араздықты ұмытып, татуласады — бір-бірін кешіреді.
Құс қанаты
«Құс қанаты» – бұл наурыздың соңғы күндерінде, жыл құстары қайтып келгенде болатын табиғи құбылыс. Осы уақытта ауа райы тұрақсыз болады: қар жауады, суық жел соғады. Мұнда құс қанаты туған жерге оралуға деген ұмтылысты білдіреді. Олардың жылдам ұшуы ауа райына әсер етіп, қарды, суық желді және тұрақсыз атмосфераны тудыруы мүмкін деп саналады.
Наурыз айтыс
Наурыз айтыс — Наурыз мерекесіне арналған ақындар айтысы, қазақтың сөз өнерінің ең қызықты, мерекелік түрінің бірі. Ертедегі Наурыз айтыстарда негізінен көктемнің келуі, жаңару, құт-береке, малдың көбеюі, жердің құнарлылығы, елдің бірлігі, жақсылық тілеу сияқты тақырыптар айтылған. Наурыз — жыл басы, сондықтан айтыс қыс пен жаздың, қар мен көктемнің символдық тартысына ұқсас болған, әзіл-қалжың, мадақтау, бата беру, халықтың тұрмысы мен әдет-ғұрпы қозғалған.
Махмұд Қашқаридың «Диуани лұғат ат-түрік» жинағында XI ғасырдағы «Қыс пен Жаздың айтысы» деген наурыз айтыстың ең көне үлгісі сақталған.
Наурыз бата
Қазақ халқының Наурыз мерекесіне арналған ерекше бата түрі, яғни адал ниетпен, шынайы жүректен шыққан ізгі тілек, құттықтау және құт-береке тілеу. Наурызда жасы үлкендер кішілерге бата береді.
Жастар "Наурыз батасын беріңіз!" деп сұрайды, таң шапағында немесе дастарқан басында жиналып алады.
Бата дастарханда, Наурыз көже ішкенде, той-жиында, өнер көрсеткендерге немесе бүкіл елге, ауылға беріледі.
Наурыз батасының мағынасы малдың көбеюі, егіннің шығуы, береке, бірлік, денсаулық, бақыт тілеу.Қысқы қиындықтан кейінгі жаңару, татулық, өкпе-назды ұмыту.
Кейде "уыз бата" деп аталады — өте қасиетті, құтты саналады.
Алтын ҚОСБАРМАҚОВА
23 наурыз 2026 ж. 85 0

Екі облыста жол ашылды

23 наурыз 2026 ж. 86

Наурыз нақыштары

23 наурыз 2026 ж. 86

Төл мереке тойланды

23 наурыз 2026 ж. 101

Наурыз бата

23 наурыз 2026 ж. 100

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031