Мұнай бағасының өсуіне байланысты Қазақстанда жалақыны да көтеру қарастырылмақ
Фото: Рexels Вице-премьер Қанат Бозымбаев әлемдік мұнай бағасының өсуі Қазақстанда жалақыны индексациялауға қосымша мүмкіндік беретінін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Вице-премьердің айтуынша, мұнай-газ секторындағы табыстың артуы республикалық және жергілікті бюджеттердің кірісіне оң әсер етеді. Алайда түсімнің басым бөлігі Ұлттық қорға бағытталады.
"Мұнай-газ компанияларының табысы айтарлықтай өседі. Бірақ оның негізгі бөлігі Ұлттық қорға жинақталады. Бұл “голланд дертіне” жол бермеу үшін жасалған", – деді Бозымбаев.
Голланд ауруы – елге мұнай немесе газдан көп табыс түскенде, басқа салалар бәсеңдеп, экономика шикізатқа тәуелді болып кететін жағдай.
Сондай-ақ ол кейбір компаниялар экспорттық кедендік баж төлейтінін еске салды. Бұл төлем мұнай бағасына тәуелді болғандықтан, баға өскен сайын бюджет кірісі де артады. Вице-премьердің сөзінше, қосымша табыс халықтың табысына да әсер етуі мүмкін.
"Компаниялар көбірек табыс табады, сәйкесінше жалақыны көтеруі мүмкін. Салық түсімдері де артады. Осылайша жалақыны индексациялау туралы шешім қабылдауға мүмкіндік пайда болады", – деді ол.
Сонымен қатар Бозымбаев мұнай бағасының өсуіне ұзақ мерзімді сенім артудың әлі ерте екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл көрсеткіш геосаяси жағдайға тікелей байланысты.
"Әзірге нақты қорытынды жасауға ерте. Таяу Шығыстағы жағдайды бақылап отырмыз. Егер жағдай тұрақталса, мұнай бағасы қайта төмендеуі мүмкін", – деді ол.
Ол сондай-ақ бірқатар елдердің стратегиялық мұнай қорларын нарыққа шығаруы бағаның тұрақтануына әсер етіп жатқанын айтты. Дегенмен, егер мұнай бағасы жоғары деңгейде сақталса, қосымша кірістер бюджетке түсуін жалғастырады.












