Жалағаш ауданы, М. Шәменов ауылының «Батыр аналары» мен «Асыл ана» әжелер ансамблі ортақ істе белсенділік танытты
Жалағаш ауданы, М.Шәменов ауылдық округіндегі №133 референдум учаскесінде еңсесін тіктеген М.Шәменов елді мекеніндегі жұртшылық саяси науқанды ерекше көңіл-күймен қарсы алды.

Әсіресе, таңдауын жасап, ел ісіне атсалысуға асыққан бір топ алтын құрсақты батыр аналар көрген көзді сүйсіндірді. Батыр ана Бисен Кішкенбаева мен Айткүл Бегалиева отбасымен бірге келіп, дауыс беріп, өз таңдауын жасады.

Сондай-ақ, жиырма жылдан астам тарихы бар «Асыл ана» әжелер ансамблі де өз таңдауларын жасап, маңызды шараға атсалысты.
«Ел ертеңі үшін жасалған әр істе тек бірлік керек» деген ақжаулық иелері ізгі тілектерін жаудырып қоя берді.
«Біз жас емеспіз, бірақ қазақ халқының ертеңі үшін, тәуелсіз еліміздің мәңгілік болуы үшін әрбіріміздің қосар үлесіміз бар екенін білеміз. Референдумның маңыздылығын ескергендіктен, барлығымыз бірге дауыс беруге келдік. Мақсат, абырой ортақ болса, кез келген белесті бағындыруға болады. Бұл жолда тек қана сәттілік тілейміз» дейді алтын құрсақты батыр аналар.
Иә, төл өнерді дәріптеп, қазақы салт-дәстүрімізді насихаттап жүрген «Асыл ана» әжелер ансамбілінің аудандағы алар орны ерекше. Әсіресе мәдениет саласының көш ілгері болуына үлкен үлесін қосты.
Қазіргі таңда 14 алтын құрсақты ана, батыр аналардың осы жолдағы жұмысын жандандырып, өнерді өрге сүйреп келеді.














