Аймақ басшысы әйел-аналармен кездесті
Халықаралық әйелдер күні қарсаңында «Анаға тағзым» орталығында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев әйел-аналармен кездесті. «Сыйынар ем, Ана деген тәңірге» тақырыбындағы басқосуға еңбек ардагерлері, түрлі сала мамандары мен БАҚ өкілдері қатысты.Аймақ басшысы жиналған қауымды көктемнің шұғылалы мерекесімен құттықтап, қыз-келіншектердің еліміздің, Сыр өңірінің дамуына қосқан сүбелі үлесін атап өтті.
«Мемлекет басшымыз Қасым-Жомарт Кемелұлы «Ананың аялы алақаны мен шексіз мейірімі әр үйге жылылық береді. Салт-дәстүріміз бен ана тіліміздің бүгінгі күнге жетуі де, ең алдымен, аналардың арқасы. Өмірдің мәні де, тіршіліктің сәні де – сіздер!» – деген болатын. Өткен тарихымызға қарасақ, ел басына күн туғанда асыл аналарымыз бен аяулы аруларымыз қиындыққа мойымай, ұлт тағдырына араласты. Бала тәрбиесін ұлт тәрбиесі деп қараған дана халқымыз болашақ ұрпақты дүниеге әкеліп, бағып-қағып, қияға қанат қақтыратын аналарды ардақтай да, аялай да білген.Бүгінде отбасы институтын, көпбалалы аналарды, кәсіпкер әйелдерді қолдау, гендерлік теңдікті қамтамасыз ету мемлекеттік саясаттың аса маңызды басымдығына айналды. Аймағымызда аналарды әлеуметтік қолдау бағытындағы жұмыстар нәтижелі іске асырылуда.Сіздер тәуелсіз еліміздің дамуына зор үлес қосып, әрқашан парасаттың, мейірім пен ізгіліктің ұйытқысы болып келесіздер. Көктем мерекесі көңілдеріңізге шаттық сыйласын!» – деді Н.Нәлібаев.
Басқосуда облыстық әйелдер кеңесінің төрайымы Райкүл Байназарова аймақта «Келешек мектептерінің», басқа да білім ордаларының салынуы, қосымша білім беретін мекемелердің ашылуы ана мен балаға жасалған қамқорлықтың нағыз үлгісі екенін атап өтті. Қармақшы аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Гүлжаухар Раева «Руханият орталықтарының» ұлттық құндылықтарды сақтап, ұрпақ сабақтастығын жалғастырудағы қызметіне тоқталды. Ал Жаңақорған ауданы «Қыркеңсе» дәрігерлік амбулаториясының аға дәрігері Жазира Мәлікова өзі қызмет ететін саладағы, әсіресе ауылдағы медициналық мекемелердің жабдықталуындағы жетістіктерді айтты.
Жиынға қатысушылар облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Бүгінде өңір халқының саны 845 135 болса, оның 419 819-ы, яғни 49,6%-ы – әйелдер, 185 мың қыз-келіншек қалалық жерде, 230 мыңнан астамы ауылда тұрады. Мемлекеттің жүйелі қолдауының арқасында қыз-келіншектердің экономикадағы, саясат пен қоғамдық қызметтегі рөлі жыл өткен сайын артып келеді.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі











