25 градус аяз болады: Қазақстанда 8 наурыз мерекесі қарсаңында ауа райы қандай болады
Синоптиктердің болжамы белгілі болды

Фото: istockphoto.com

Фото: istockphoto.com
«Қазгидромет» РМК алдағы мерекелік демалыс күндеріне арналған ауа райы болжамын жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Синоптиктердің мәліметінше, мерекелік демалыс күндері қарсаңында Қазақстан аумағында наурыз айына тән құбылмалы ауа райы күтіледі. Циклон мен атмосфералық фронттардың әсерінен еліміздің көптеген өңірлерінде жаңбыр және қар түрінде жауын-шашын болады.
«Солтүстік пен солтүстік-батыста кей уақыттарда қатты жауын-шашын (жаңбыр, қар), ал еліміздің оңтүстігінде қатты жаңбыр күтіледі. Республика бойынша желдің күшеюі, көктайғақ, тұман болжанады, солтүстік өңірлерде жаяу бұрқасын, ал оңтүстікте найзағай болуы мүмкін.Соңғы күндері байқалған ауа температурасының едәуір жоғарылауынан кейін, болжамды кезеңнің соңына қарай еліміздің батысы мен солтүстік-батысына қайтадан арктикалық суық ауа массалары таралады. Соның әсерінен түнгі уақытта батыста ауа температурасы 5-15 градус аязға дейін, ал солтүстік-батыс пен шеткі солтүстікте 15-25 градус аязға дейін төмендейді. Ал еліміздің оңтүстігі мен шығысында, керісінше, ауа температурасы одан әрі жоғарылап, көктемнің жылы лебі сезіледі», – делінген «Қазгидромет» болжамында.
11 наурыздан бастап ауа температурасының төмендеуі елдің орталығы мен шығысында да күтіледі.










