Қатарды құр көбейткеннің қатарынан атанба...
Елді қорғау – ерге сын. Әскери қызметін өтеу – бұл әр азаматтың маңызды міндеті. Азаматтың қалыптасу, шыңдалу жолында ширықтаратын үлкен өмір мектебі. Ықылымнан туған жерін, елін қорғаудан ешқашан тайсалмаған ұлттың бүгінгі ұландарының ел қорғауға ұмтылмауының себебі неде? Салдары қандай? Сараптадық.«Аташка» пен «балашка»
Әскердегі әлімжеттік қазір әлеуметті толғандырған әлек.
Келеңсіздікті Кеңес Одағы кезеңінен басталады деген пікірді кейінгі жылдары көпшілік көтеріп келеді.
«Дедовщина» тарихы КСРО армиясынан басталғаны туралы дерек негізсіз емес. Ресейдің белгілі интернет басылымы «russian7.ru» КСРО кезіндегі әлімжеттіктің шығу тегі 1960–1980 жылдар, 1967 жылғы мерзім қысқартуы, иерархия күшеюі, қылмыстық элементтердің енуі, офицерлердің жауапкершілігінің әлсіреуінен тарағандығын нақтылайтын мәлімет таратқан.
Жариялымда «дедовщина» 1967 жылғы әскери қызмет мерзімінің қысқаруынан кейін күшейгені келтірілген. Бұл қаулы «ескілер» мен «жаңалар» арасындағы қақтығысты тудыруға себепші болған. Мақалада халық саны кеміген демографиялық дағдарыс салдарынан қылмыстылығы бар адамдарды шақыру қылмыстық субмәдениетті енгізгенін, офицерлер оны «тәртіп сақтау құралы» ретінде елемеген әрі қолданғаны жазылған.
Википедияда қылмыстық элементтердің енуі түрмедегі дәстүрлерді армияға әкелгендігі көрсетілгені, 1980 жылға қарай армиядағы тәртіп номиналды болып, офицерлердің бақылауы әлсірегені айтылады.
Қазақстанда «дедовщина» КСРО мұрасы ретінде сақталғаны белгілі. 1990 жылдардағы экономикалық дағдарыс, төмен жалақы және тәртіптің әлсіреуі оны жалғастырған. Бұл қазақстандық БАҚ-та да жиі талқыланған.
«The Village» мақаласы 1990 жылдарда «дедовщина» нормаға саналғанын, экономикалық дағдарыс оны күшейткендігі келтірілген.
Жабық коллективтегі үстемдік амалдары, үнсіздік мәдениеті және «айналымды әскер заңы» деп қабылдау түсінігі орныққаны жоғарыдағы және өзге де тақырып туралы мақалалардан белгілі болып отыр.
Жөнсіз «жүйе» әлі де жалғасуда. Соңғы жылдары бұл бағыттағы профилактикалық шаралар күшейтілгеніне қарамай, мәселе шешілмеген.
Журналист, әскери сарапшы Амангелді Құрметұлы көп жылдан бері Қазақстан әскеріндегі әлімжеттік мәселесін ашық алаңдарда көтеріп келеді. Ол салдардың заңдық аспектілерін, қорғану әдістерін және жою жолдарын жүйелі түрде қарастырудың нақты мысалдарын келтіруде. Еліміздің жетекші басылымдары мен «Azattyq радиосына» берген сұхбаттарында өз көзқарасарын нақты мысалдармен көрсеткен.
Замануи қондырғылар: камералар мен бақылау шаралары тек көзге көрінетін зорлықты тежей алағанымен, жасырын жүзеге асатын қысымды тойтаруға қауқарсыз.
«Мұның артында бүкіл қазармаға таратылатын әңгіме, «лох», «черт», «тоқылдақ» деген сияқты жаргон сөздермен моральдық тұрғыда қорлау болады. Ал ол сарбаз аса қатты психологиялық қысымға ұшырап жатуы мүмкін», – дейді.
Қорқатын емес, қорған болуға үйрететін қызмет
ҚР Конституциясының 36-бабы 1 және 2 тармақтарында: «Қазақстан Республикасын қорғау – оның әрбір азаматының қасиетті парызы және міндеті. Республика азаматтары заңда белгіленген тәртіп пен түрлер бойынша әскери қызмет атқарады», – деп көрсетілген. Дәстүр дәріптеп, заң шегендеген борышты өтеуден бүгінгілер неге қашықтайтынын сарбаз сапында болған жерлестерімізден сұрадық.
«Отан алдындағы борышын өтеп келген адамның бірі – менмін», – деп әңімесін бастаған Бақтияр бастапқыда жеткен ақпараттарға қанып, іштей отбасы, жақындармен, соғысқа атттанғандай, қоштасқанын жасырмады. Оның ойынша, әлімжеттік барлық жағдайда болады. «Ер шекіспей, бекіспейді» деген бабаларымыз бір-бірімен танысу үшін де күш сынасатын болған. Қашан да әлсізді, әлді жеңеді.
«Мен қарапайым ауыл баласымын. Ешқандай спорттан хабарым жоқ. Бақытымызға орай, біз борышымызы өтеп жүргенде, адам шығын болған жоқ. Бірақ әскери тәртіпке төзбей, өзгеріп кеткен жігіттерді жолықтырдық. Айтпағым, көшеде де, әскерде де, оқуда да сөзің нық, ісің дұрыс, өз-өзіңе сенімділігің бар, сабырлы адам болсаң, кездейсоқ апат болмаса, аман қалуға болады», – дейді. «Әскер – қорқатын емес, керісінше қорған болуға үйрететін жер. Бауырларыма, менен кеңес сұрағандарға: «Өзіңе сенімді болсаң, әскерге барыңдар», – деймін.
Әскери қызмет жігіттердің азаматтық борышын сезінуге көмектеседі. Жүйелі тәртіпке үйретеді. Әсіресе, тәжірибесі жоқ жандарға көмегі көп.
Дегенмен, әскери қызметтің өз қиындықтары да бар. Қатаң тәртіп, ауыр жаттығулар, отбасыдан алыста болу – мұның бәрі әркімге оңай тимейді. Бірақ осы қиындықтар адамның жігерін шыңдап, өмірге деген көзқарасын өзгертеді», – дейді.
Өзін Жандос деп таныстырған бұрынғы сарбаз пікірін қысқаша қайырды.
«Үйренгеніміз көп болды. Әскерге барғанша, бөтен адам болсақ, әскерден мүлде бөлек адам болып оралдық. Әскердегі әлімжеттік кеше, бүгін болған жағдай емес. Бұрыннан бар. Әлі де бола береді... Бірақ бекітілмеген «ереже» деп санайтын мұндай әрекеттерді ақтауға келмейді. Оны тұтастай жою жақын арада мүмкін емес деп ойлаймын. Ал басты себептің бірі әскерилердің әлеуметтік теңсіздігі дер едім. Отан қорғаушыларды лайықты ынталандырса, соңы өлімге алып келетін жайттар азаяр еді», – деді.
Сарбаз болғанын емес, сау қайтқанын тілейтін болдық
«Ұлымның мерзімді борышын өтеп, оралуына 6 ай қалды. Күндіз-түні алаңдап отырған ата-ананың біріміз.
Бізбен әңгімесінде «бәрі жақсы» дейді. Бірақ қандай жағдаймен ұшырасып жүргені өзіне мәлім. Алғашында әскери киім кигенін мақтанышпен айтатын едім, қазір санаулы күндердің тезірек өткенін тілеп отырмын. Әскердегі әділетсіздік туралы хабар не сөз бола қалса, «менің балам емес пе?» деп бойымды қорқыныш билейді. Шынымды айтсам, сарбаз болғанын емес, сау қайтқанын тілеп отырмын», – дейді Гүлжамал.
«1986 жылы үлкен ағам Мәліктің әскерден мүрдесі оралды. Біз оқиғаны ұлттар үстемдігіне балаған болатынбыз. Қазір бар-жоғын білмеймін, сол кездегі заң бойынша, әскерде жарақаттанған, өмірден өткен отбасының өзге балаларын парызын өтеуден босатуға болады дегенді естігенмін. Ол кезде бірлі-жарым болмаса, мұндай жағымсыз «жаға ұстатар» жайтқа жиі жолықпайтынбыз. Қазір қатары қалыңдаған. Әскер деген тақырып әулетіміз үшін сол күннен бастап ауыр әрі азапты. Біз сынды келер деп жіберіп, кебінмен оралған борышын өтеушілердің қасіреті қанша шаңырақтың шаттығын бұзуда», – дейді Жамал.
Тақырып жайында деректерге зер салдық. Мәлім болған, қоғамдық наразылық тудырған соңғы алты жылдағы жағымсыз жаңалық жұрт жадынан жоғалған жоқ. Жағдайлар Қазақстан әскерінде әскери әлімжеттік «дедовщина», буллинг, зорлық-зомбылықтың әлі салтанат құрып тұрғанын айқындатуда.
Ресми санақ сарбаздардың қиын жағдайға тап болуы әлімжеттіктің әлегі екенін ресми түрде сирек мойындалғанымен, оқиға куәгерлері мен сарбаздардың жақындары, мәселеге мән беріп жүрген бейтарап мамандар оның негізсіздігін алға тартады.
«Қорғаныс саласы қазақстандықтар үшін әлі де жабық тақырып. Көршіміздің інісі әскери борышын өтеп жүріп, ауылына қайтуға жақын қалғанда, «аурудан қайтыс болды» деген хабар келді. Тепсе темір үзетін, екі иығына арыстан қонғандай алпамса денелі жігіт қалай ауырып қайтыс болады? Әрі-беріден соң, денсаулығынан ақау анықталса, неге комиссариат тексеруінен тосылмай өтеді?.. Сұрақ көп. Ақиқаты аллаға аян», – дейді Сайран.
Әскери прокуратура мен Қорғаныс министрлігі мәліметтеріне сүйенсек, 2022-2025 жылдары 270-ке жуық әскери қызметкер жақындарына жете алмаған. Соңғы 4 жылда 86 суицид тіркеліп, тағы 20-ға жуық борышын өтеуші өз-өзіне қол жұмсауға әрекет жасаған. Анық болғаны, қайтыс болғандардың көбі мерзімді қызметтегі 18–19 жастағы жастар.
Ел болашағынан үміт күткен жастарды жалмаған жағдайлар әлімжеттіктің үстемдігін ұқтырып отыр.
2011 жылы Арнұр Арынов әскерге келгеннен 8 күн өткен соң контракталық әскерилердің ұрып-соғуынан қайтыс болған.
Ұлттық ұлан сарбазы, басынан ауыр жарақат алып, миының бір бөлігін алып тастаған Ербаян Мұхтардың жағдайын ата-анасы әлімжеттікке санайды. Тексеру нәтижесімен «әжетханада сырғып құлады» деп шешім шығаруы мүлде қиысынсыз екенін дәлелдей алмай келеді.
2025 жылдың қыркүйегінде қаза тапқан 19 жасар Дінмұхамед Шынарбектің де шығар шыңы көп еді. Ұлдарының «суицид құрбаны болды» дегенге туыстары сенбей, тергеуді талап етті. Димаштан бір жыл бұрын «өз өзіне қол жұмсаған» Мұхамедияр Тастанның денесінен ауыр соққы іздері анықталса да, жағдай өзгеріссіз қалған.
Жұмбақ жағдайда қаза тапқан шекарашы Нұрасыл Әнуарбекұлының, ресми анықтау суицид деп танып, атыс қаруынан ажал құшқан Дaстан Құрманбекке қатысты қылмыстар әлі өз нүктесін қойған жоқ.
Өткен жылы Маңғыстаудағы №99116 әскери бөлімінің 18 жастағы сарбазы Сұлтан Шынтеміров әскердегі былықтың біразын жария қылған-ды. Көп ұазамай оның психиатриялық клиникаға жатқызылғаны мәлім болды. Құқық қорғау органдары әскери қызметкерге қатысты заңсыз әрекеттер болуы мүмкін деген дерек бойынша тексеріс жүргізуде.
2026 жыл басталғанына көп өтпесе де, бірнеше сарбаздардың қаза тапқаны туралы азалы хабар жетуде.
Жыл басында Маңғыстау облысындағы Бейнеу полигонында далалық оқ ату кезінде мерзімді қызметтегі сарбаз қару ату жарақатын алып, қайтыс болды. Жазатайым оқиға екені анықталған іс әлімжеттік немесе қауіпсіздік ережелерін бұзу күдігін тудыруда.
Жағдайды әскери бөлім туыстарынан 2 апта бойы жасырған Жамбыл облысында мерзімді қызметтегі сарбаздың жақ сүйегі сынғандығына командирлер қысым көрсеткені әлеуметтік желіде бейнежазба, сотқа дейінгі тергеуден соң әлімжеттіктің тікелей белгісі ретінде қарастырылуда.
Бұдан бөлек ауруханада жанармай иісіне улану немесе басқа түрлі себептерге тап болғандардың салдарын жұртшылық соққы салдарына балайды.
Қорғаныс министрлігі әлімжеттікті жою үшін AI камералар орнатуда.
Нақты географиялық деректермен кескіндерді түсіруге арналған қарапайым және тиімді қолданба қауіпсіздік патрульдері, далалық тексерулер және құжаттама үшін өте ыңғайлы қолданба әрбір фотосуретті GPS орналасқан жері туралы мәліметтермен автоматты түрде белгілеп, әр уақытта дәл жазбаларды қамтамасыз етеді деп күтілуде. Бірақ сарапшылар мен депутаттар бұл шаралардың әлі тиімді еместігін айтып, дабыл қағуда.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев шешілмеген және қоғамда үлкен сынға ұшыраған мәселені жақында мінберде көтеріп, Отан қорғаймын деп опат болғандар өлімдерін «қабылдауға болмайтынын» айтты.
«Мен әскери борышын өтеуге шақырылған сарбаздардың жарақат алуы мен қаза болуына қатысты оқиғаларды өркениетті елге жат, теріс үрдіс деп санаймын. Бейбіт заманда мұндай жайттар болмауға тиіс. Бұл туралы барлық күштік құрылым басшыларымен жуырда өткен кеңесте де айттым. Қорғаныс саласына жауапты мекеменің басшылығын тәрбие жұмысын дұрыс қадағаламай отырғаны үшін сынға алдым. Армия жастарға қолдау көрсетіп, оларды еліміздің нағыз азаматы ретінде тәрбиелеп шығаруы керек. Командирлер әскери қызметшілерге үлгі-өнеге болуға тиіс. Әскерде әлімжеттікке, бұзақылыққа, рушылдыққа, жершілдікке орын жоқ, ондай жайттарға жол берілмейді. Мұның бәрін өзім жеке қадағалап отырамын», – деді.
Бұл бағытта шұғыл шаралар қабылдау жөнінде бұйрық бергенімен де бөлісті. Бірақ, Тоқаев, атап өткендей, қайғылы оқиғалар әскери бөлімшелердің бәрінде болып жатқан жоқ дейді.
Сондай-ақ Президен танымалдыққа ұмтылған кейбір блогерлер әскердегі шынайы ахуалға мүлдем жанаспайтын орынсыз сөз таратып, теріс насихат жүргізіп жүргенін сынға алды.
«Олар армияны сарбаздар күн сайын дерлік қылмыскерлердің құрбанына айналып, қаза табатын жер ретінде көрсеткісі келеді. Шын мәнінде, сарбаз болу – өзіңді дамыту үшін тың мүмкіндіктерге ие болу деген сөз. Әскери борышын өтеп қайтқан жастар жоғары оқу орындары мен колледждерде тегін оқи алады. Олар әскерде жүргенде сұранысқа ие мамандықтарды меңгереді. Келісімшартпен жұмыс істейтін әскери қызметшілер мен офицерлер әлеуметтік жағынан барынша қорғалған», – деді мемлекет басшысы.
Құқықтық сауаттылық, физикалық, психолиялық жауаптылық керек
Әскердегі әлімжеттік түрлері мен салдары туралы бұрынғы сарбаз Амангелді Нұрнияздан сұрадық.
«Әлімжеттіктің түрлері көп. Алғашқысы, психологиялық әлімжеттік. Қорқыту, кемсіту, мазақ ету, ар-намысты таптау. Физикалық әлімжеттікке ұру, зорлық, жазалау жатады. Ақша бопсалау, мәжбүрлі жұмысқа тартатын бопсалаудың экономикалық түрі де болады. Соңғы әрі аса ауыры – ұжымнан оқшаулап, қорлайтын әлеуметтік бопсалау.
«Әлімжеттік – ақтап алар «дәстүр» емес, ауыр қылмыс. Мұндай жағдай Қазақстан заңнамасы бойынша қатаң жазаланады.
Әлімжеттіктің жеңіл жағдайларында тәртіптік жаза – сөгіс, қатаң сөгіс, қызмет шектеу, нарядқа жіберу қарастырылады. Айыппұл арқалау, әкімшілік қамау секілді әкімшілік жауапкершілікке тартылуы да мүмкін.
Ауыр салдар орын алғанда, Қылмыстық Кодекс бойынша қылмыстық жауапкершілік қаралады. Мәселен, күш қолдану, ұрып-соғу арқылы сарбаздың өміріне қауіп төндіргендерге, қылмысы анықталса, 3-7 жылға дейін бас бостандығынан айырылу үкімі кесілуі мүмкін.
Жүйелі қорқыту, қорлау жазасы – 2-5 жыл, ауыр дене жарақаты – 3–10 жыл. Өлімге әкелу 8-15 жыл немесе одан да ауыр. Қосымша әскерден қуу, атақтан айыру, мемлекеттік қызметке шектеу жазасы да бар», – дейді заңгер Камила Айтмұхаммет.
Әлімжеттікке тап болғанда ең бастысы – үнсіз қалмау екенін айтады маман. Үнсіздікпен мәселені ушықтырмай, тікелей командирге хабарлау қажет. Егер командирлер көмектеспесе, әскери прокуратураға жазбаша немесе телефон арқылы, сенім телефондарына анонимді хабарласуға болады. Әскеи қызметші атынан ата-ана, жақындары ресми арыз жаза алады.
Камила Айдарбекқызы қауіпсіздік кеңестерімен де бөлісті.
«Тым құрыса, үйренісіп кеткенше, жалғыз жүрмеуге тырысу, қақтығысқа бірінші болып бармау, өз құқығыңды қорғаудан қорықпау, әскерде барлығы тең екенін білу көп жағдайдың алдын алады», – дейді.
Заңгер Қазақстанда өз құқықтарын қорғауға ұмтылған азаматтар қатары артқаны ашықтық пен сенімділік ұялататынын атап өтті. Шағымданған жағдайлардың көбі тез шешімін тапқаны, ал үндемегендер ушығып кететінін тәжірибе көрсеткен.
««Қазақ армиясы жастарды мүгедек қылып, өлім құштыратын жер» деген пікірдің ушығуна құқықтық сананың әлі де төмен болып отырғаны себеп. Содан соң көп жағдай жоғарыға жетпейді. Әскерге барған бар адам өліп қалмайды, келгендер түгел мүгедек болмайды. Өз құқығыңды біл, физикалық, психологиялық қиындыққа төзімді бол, әскер еркелететін емес, ер ететін алаң. Осыны әр жас ұғынса деймін», – дейді.
Бұл бағытта мемлекет тарапынан жүйелі шаралар қолға алынуда. Мәселен соңғы екі жылда жүзеге асқан шақыру алдындағы психологиялық скрининг күшейтілуі, «Тәлімгердік және әріптестік» тағылымдамасы, күніне екі рет әскери полициямен байқап-тексеру, кезекшілікті күшейту, психологиялық қызметтің рөлін арттыру, анонимді сауалнамалар жүргізу, қоғамдық бақылау тәжірибесі оң нәтиже берген. Әлімжеттікке қатысты ауыр қылмыстық оқиғалар санын азайтуға ықпалдасқан.
Әлемдік тәжірибедегі тиімді жолдарға көз жүгірттік.
Германия, Чехия, Нидерланды міндетті шақыруды қысқарту және толық келісімшарттық әскерге көшуды жолға қойған. Украина және өзге де НАТО елдерінің біразы Тәуелсіз әскери омбудсмен және азаматтық комиссиялар қызметін іске қосқан.
АҚШ -та анонимді hotline және тәуелсіз тергеу бар.
Қазақстанда да келісімшарттық әскерді дамыту үшін 2026 жылы офицерлерге қосымша 23 процент, сержанттарға 10 процент жалақы өскен. Әскерлердің тұрмыс жағдайын жақсартуға бағытталған «Әскери баспана», «Наурыз Әскери» сынды салалық ипотека және әлімжеттікті азайтуға және әскерилерді ынталандыруға бағытталған маңызды қадамдар басталған.
«Бұрын атам: «Әскерге орыс тілін үйрену үшін бардым», әкем: «Жұмысқа тұрудың ең тиімді жолы болды» дегенде күлетін едім. Расында, өзімнің де мерзімді әскери қызметті өтеуім бірқатар мүмкіндіктер мен жеңілдіктерге жол ашты.
«Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заң және соңғы жылдардағы өзгерістер бойынша мерзімді қызметтен өткен азаматтарға мемлекеттік білім гранттары мен квоталар қарастырылған. Мемлекеттік қызметке түсу кезінде әскери қызметтің өтілі есептеледі. Кейбір ірі компаниялар мен кәсіпорындарда әскерден келгендерге жұмысқа қабылдауда артықшылық береді. Зейнетақы, жәрдемақы есептегенде, әскери қызметтің уақыты еңбек өтіліне қосылады. Келісімшарт бойынша қызмет ететін әскерилерге тұрақты жалақы, әлеуметтік пакет, әскерден келгендерге тұрғын үй бағдарламаларына қатысуда жеңілдік немесе басымдық болады. Запасқа шыққан әскерилерге тұрғын үй кезегіне тұру мүмкіндігі бар.
Контрактадағыларға қоғамдық көлікте, коммуналдық төлемдерде жеңілдіктер бар», – дейді.
Әлімжеттік – «тәрбие» тетігі емес, ауыр психологиялық травма. Қорғаныс министрі Дәурен Қосанов бірнеше рет әскерде әлімжеттіктің «атымен жоқ» екенін айтып, мәлімдеме жасаса да, жайдың әлі жойылмағанын аналардың наразылығы, әлеуметтік желілердегі видеолар, депутаттардың сын пікірлері және Президенттің жеке араласуы көрсетіп отыр.
Аналар мен қоғамдық белсенділер әскерді толық келісімшарттық негізге көшіруді, шақыру жасын 25-ке дейін көтеруді және қоғамдық бақылау топтарын құруды талап етіп келеді.
Амангелді Құрметұлы «Zanmedia»-ға 2024 жылы жариялаған материалы да жүйелі жұмыстар жүргізілсе, оң өзгерістер орын аларына сенімді. Бұл бағытта бірнеше ұсынысын алға тартқан.
Алғашқысы – шақыру жасын көтеру.
«Әлімжеттікті тыюдың бір жолы – әскер жасын 18-ден кейінге шегеріп, армияға өмірді көрген, өзгені басынудың жөн емес екенін түсінетін жастарды алу». Бұл ұстаным өмір тәжірибесі бар жандар, өзгені басынудың жөн емес екенін түсінеді.
Екіншіден, моральдық ахуалдың нашарлығы. Ел арасында әлі де «Армияға көбіне мектепте нашар оқып, жоғары оқу орнына түсе алмағандар барады» деп есептейтін қоғамдық пікір бар. Бұл ұжымдағы психологиялық климатқа кері әсер берері анық.
Үшінші жайт – ашықтық пен бақылау. Қорғаныс саласы әділ, таза болып, әскер беделін көтеру үшін ашықтық қажет екенін айтады.
Амангелді Құрметұлы әскердегі әлімжеттікті тек жеке адамдарға қатыстыжағдай емес, командирлердің жауапкершілігінің төмендігі, бақылаудың жеткіліксіздігі және әскери мәдениеттің өзгеру қажеттілігімен байланыстылығын алға тартады.
Әскердегі әлімжеттік – тек жеке сарбаздардың немесе командирлердің мәселесі емес, ол бақылаудың жеткіліксіздігі және қоғамдық сенім төмендігінің көрінісі. Толық шешу үшін тек камера мен психолог жеткіліксіз, ашықтық, жауапкершілік және қоғамдық қысым қажеттігін көрсетіп отырған қоғамдық мәселе. Бөлімдердегі жарға жыққан «жабық мәдениетті» жасыру, жауабынан жалтару жақсылыққа апармайды.
Әскер – қорқыныш орны емес, Отан қорғау мектебі. Әр сарбаздың психологиялық қауіпсіздігі – ұлттық қауіпсіздіктің ажырамас бөлігі.
Әлемде Андорра, Вануату, Ватикан, Исландия, Коста-Рика, Лихтенштейн, Маршалл аралдары, Микронезия, Палау, Панама сынды әскері жоқ елдер де өмір сүреді. Ал мықты армиясы бар елдердің қашан да күші де, мысы да басым болады. Қазақ армиясы – қаз қатар тізілген әскерилер қатары емес, Мемлекет қалқаны, азаттықтың алып айбыны, сыртқы жауды сескендіретін мызғымас күш.
«Отаныңа қызмет ет!
Қызмет ет Отанға!
Балам, саған осы менің бұйрығым да, батам да!
Қатардағы солдат болу жүру емес қатарда,
Қатарды құр көбейткеннің қатарында атанба!» – деп ақын Кеңшілік Мырзабеков айтқандай, Отанға қызметті әрбір жан отбасынан қалыптастырып, оны қажеттілік құралы, жұмыссыздықты алмастыратын жол, күш сынасу мүмкіндігі емес, азаматтық парыз деп түсінсе, қоғамдық сана да, сапта сап түзеген сарбаздар да көбейері анық.
Алтын ҚОСБАРМАҚОВА














