Ресейде WhatsApp толық бұғатталуы мүмкін
Фото: Unsplash
WhatsApp мессенджерінің әзірлеушілері Ресей билігі сервисті толық бұғаттауға әрекет жасағанын мәлімдеді. Бұл туралы компания 2026 жылғы 12 ақпанда X (бұрынғы Twitter) әлеуметтік желісіндегі ресми парақшасында жариялады.
Әзірлеушілердің айтуынша, ресейлік билік халықты мемлекеттік бақылауға ашық, қауіпсіздігі төмен қосымшаға көшіру үшін WhatsApp-ты толық шектеуге тырысқан.
Бүгін Ресей билігі адамдарды мемлекеттік, бақылаудан қорғалмаған қосымшаға мәжбүрлеу үшін WhatsApp-ты толық бұғаттауға әрекет жасады. 100 миллионнан астам пайдаланушыны жеке әрі қауіпсіз байланыс құқығынан айыру – кері қадам және ол елдегі қауіпсіздікті төмендетуі мүмкін, – делінген WhatsApp мәлімдемесінде.
Компания өз пайдаланушыларының байланыста қалуы үшін қолдан келгеннің бәрін жасап жатқанын атап өтті.
Ресейде соңғы күндері WhatsApp жұмысына қатысты шағымдар көбейген. Түрлі сервистердің дерегінше, пайдаланушылар медиафайлдардың жүктелмейтінін, хабарламалар мен ескертулердің келмейтінін, сондай-ақ аудио және бейнеқоңыраулардың жұмыс істемейтінін жазуда.
Шағымдар көбіне Санкт-Петербург, Мәскеу, Түмен облысы, Югра өңірінен түсіп жатыр.
Шектеулердің себебі – Роскомнадзор шаралары
Ресейдің байланыс саласын бақылайтын Роскомнадзор (РКН) бұл шектеулер WhatsApp-тың ресейлік заң талаптарын орындамауымен және платформаны алаяқтардың жиі пайдалануымен байланысты екенін мәлімдеген.
Ведомство WhatsApp талаптарды толық орындамаған жағдайда, сервистің Ресейде толық бұғатталуы мүмкін екенін ескертті.
БАҚ мәліметінше, WhatsApp және web.whatsapp домендері Ресейдің Ұлттық домендік атаулар жүйесіндегі (НСДИ) жазбалардан алынып тасталған. Бұған дейін YouTube домені де осы тізімнен өшірілгені хабарланған.
Сарапшылардың пікірінше, доменнің ұлттық DNS жүйесінен алынуы сервистің ел ішінде мүлде ашылмай қалуына әкеледі. Мұндай жағдайда қолданушылар платформаға тек VPN арқылы ғана кіре алады.
Еске салайық, 2026 жылғы 10 ақпанда Роскомнадзор Telegram мессенджерін баяулату бойынша жұмыс басталғанын хабарлаған. Telegram негізін қалаушы Павел Дуров бұл жағдайға пікір білдіріп, билік «адамдарды бақылауға арналған қосымшаға күштеп кіргізгісі келеді» деген мәлімдеме жасаған болатын.












