Скроллинг: әдетке айналған әрекет
Фото: ашық дереккөзден алындыҚазір адам бір істі бастамай жатып-ақ шаршап үлгереді. Таңертеңнен кешке дейін қозғалыстамыз. Жұмыс, оқу, хабарламалар, қоңыраулар, жаңалықтар. Бірақ осы қарбаластың ішінде бір нәрсе көзге түспей жоғалып барады. Ол – назар.
Біз уақыттың аздығына шағымданамыз. «Уақыт жетпейді», «Күн тез өтіп кетеді» дейміз. Бірақ мәселе уақыттың өзінде емес, сол уақыттың қалай бөлшектеніп жатқанында. Күніміз үлкен істерге емес, ұсақ-ұсақ үзілістерге толып кеткен. Ал сол үзілістердің ең басты «толтырғышы» – скроллинг.
Бір қарағанда, телефонды ашып лента қарау – ештеңе емес сияқты. Бір-екі минут. Бірақ сол екі минуттар күн ішінде ондаған рет қайталанады. Таңертең жолда, түсте, жұмыстың арасында, кешке демалып отырып. Осылайша күн тұтас емес, жыртылған мата секілді бірнеше бөлікке бөлінуде.
Скроллингтің басты ерекшелігі – ол нақты уақыт талап етпейді. Арнайы дайындық та, күш те керек емес. Сол үшін ол кез келген сәтке «сыя кетеді». Ал дәл осы қасиеті оны қауіпті етеді. Өйткені біз оны демалыс деп қабылдаймыз, бірақ шын мәнінде ол миға тынығу емес, керісінше, үздіксіз жүктеме береді.
Қызығы, скроллингтен кейін «демалдым» деген сезім сирек болады. Көбіне керісінше уақыт өтіп кеткен, ал бойда жеңілдік жоқ. Себебі ми бір тақырыптан екіншісіне секіріп, бірде күлкілі видео, бірде ауыр жаңалық, бірде жарнама көріп үлгереді. Бұл – назардың шашырауына тікелей апаратын жол.
Бірде өзім күннің соңында жасаған істерімді тізіп көруге тырыстым. Нақты, аяқталған жұмыстар аз болып шықты. Ал «уақыт қайда кетті?» деген сұрақтың жауабы айқын еді. Ара-арасында жоғалып кеткен минуттарда.
Скроллинг адамның өнімділігін бірден жоймайды. Ол оны біртіндеп, байқатпай кемітеді. Терең ойлануды қажет ететін істерді кейінге қалдыра береміз. Себебі ми қысқа, тез әсер беретін контентке үйреніп қалады. Ұзақ назар сұрайтын жұмыс сол себепті ауыр сезіледі.
Бұл құбылыс тек жеке адамға емес, жалпы ортаға да әсер етіп жатыр. Қазір әңгімелер қысқарып барады. Ойлар толық айтылмайды. Кітаптар емес, үзінділер оқылады. Тақырыптар терең талқыланбайды, тек шолып өтіледі. Өйткені бәріміз жылдамдыққа бейімделіп алдық.
Скроллинг уақытты ғана емес, қарқынды да өзгертуде. Бұрын бір істі асықпай істеуге болатын. Қазір бәрі тез, қысқа, бір сәттік әсерге құрылған. Бұл өмірді жеңілдеткендей көрінгенімен, ішкі ресурсты тез тауысады.
Мен бір сәт телефонды қалай қолданатыныма назар аударып көрдім. Көп жағдайда нақты мақсат жоқ екен. Жай ғана қол созылады. Осы автоматизм – ең маңызды белгі. Адам әрекетті емес, дағдыны орындайды.
Сол кезден бастап өзіме қарапайым ереже енгіздім. Телефонды тек бір мақсатпен ашу. Хабарлама жазу, қажет ақпарат қарау, жұмысқа қатысты нәрсе. Ал мақсат аяқталған соң, қосымшаны жабу. Бұл ұсақ көрінгенімен, күннің құрылымын өзгертеді.
Тағы бір байқағаным, скроллинг бізді «бос уақытты» сезінуден айырады. Бұрын бос уақыт – тынығу, ой жинау, бір нәрсені асықпай істеу еді. Қазір ол толтыруды қажет ететін аралыққа айналған. Ал біз сол аралықты ең оңай жолмен, яғни экранды сырғытумен толтырамыз.
Цифрлық әлемді жоққа шығару мүмкін емес. Бірақ оған бақылаусыз беріліп кету – уақыттың құрылымын өз қолымызбен бұзу деген сөз. Бізге шектеу емес, саналы пайдалану керек.
Скроллингтен толық бас тарту шарт емес. Бірақ оны күннің қожайынына айналдырмау маңызды. Өйткені күн қалай өтсе, өмір де солай өтеді. Ал өмір – ұсақ үзілістердің емес, мағыналы сәттердің жиынтығы.
Телефон – құрал. Уақыт – ресурс. Ал назар – ең қымбат капитал. Сол капиталды қайда жұмсап жүргенімізді кейде қайта қарап алған дұрыс.
А. ҚУАНТҚАНҚЫЗЫ













