Қазалының Балтабайы еді
Өмір өзен өз бағытынан бір жаңылыспай өтіп жатыр. Кейбір күндердің өтіп кеткені байқалмайды. Күнделікті күйбең тіршіліктің аясында белгісіз болып сырғып кетеді. Сағаттар жылжып, күн ауысып, айлар- жылдарға ұласып, өмірдің өтіп бара жатқанын сезінбей де қаласың. Адам болып жаратылған соң кей-кейде өткен өмірге көз тастап, жүріп өткен жолың, балалық шағың, мектептегі парталастар, әскер қатарындағы қызықты күндер, жоғарғы оқу орнында бірге білім алған курстастар, қызметтес, әріптес жандар еске оралып, өткенге ойша саяхат жасайсың. Сондайда журналшы саласында бірге қызметтес болған Балтабай Тәжімбетов еске жиі оралады.Оныңда өзіндік ерекшеліктері де бар. Ақын, аяқ астынан ұтқыр сөз тауып, ортаны күлкіге бөлейтін, суырып салмалығы бар Балтабайдың айтқандары көкейде жатталып қалған. Ұтымы келгенде Балтекеңнің айтқыштығын құбылтып жеткізіп, ортаны күлкіге бөлейтін сәттерім бар. Бірақ осы кезге дейін Балтабай жөнінде бірде бір рет қалам тартпаппын. Бұлда бір сәті түскен ақын, аға, әріптес жөніндегі естелік болары анық.
Қазақта «сабақты ине сәтімен»деген қанатты сөз бар. Аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің бөлім меңгерушісі Алмагүл Орынбай қарындасымыз телефон арқылы хабарласып «Балтабай Тәжімбетов жөніне білесіз бе, ақын ағамыз қаңтар айында 85 жасқа толады екен» деді. Міне, Балтабай жайлы естелік жазудың сәті осылай түсті.
Мен 1979 жылдың қыркүйек айында егін орағы қызып тұрған кезінде аудандық «Ленин туы» газетіне фототілші болып қызметке келдім. Газетке келуіме ауылдасым, журналшы Насифулла Аяғанов тікелей себепкер болды. Қызығушылық танытып газетке шағын хабарлар, суреттер жіберіп тұратынмын. Бұл қызығушылық менің өмір жолымдағы кәсібімнің бастамасы екен. Насифулла газет ішіндегі басқа қызметке ауысқанда лайықты деп өзінің орнына мені ұсынған. Басшылық жақсы қабылдап, осылай газет қызметкері болып шыға келдім. Газет аптасына үш рет шығады. Жұмыс ауыр, бір жағынан қызықты. Ауданның өмірімен араласуым осы жерден басталды. Редакторымыз Сейіл Боранбаев, редактордың орынбасары, партия бөлімінің меңгерушісі Киікбай Изетов, жауапты хатшы Жұмабай Жақыпов, ауылшаруашылығы бөлімінің меңгерушісі Молдабай Қаржаубаев, еңбекші хаттары бөлімінің меңгерушісі Жаңабай Өтегенов, әдеби қызметкер Раушанбек Сейтенов, радио хабарларын тарату бөлімінде Насифулла Аяғанов жұмыс жасайды екен. Уақыт өте келе қызметтік ауыс-түйістер болып газетке қызметке Жүргенбай Өмірбаев, Әбен Жұмашов, Едіге Кішкенеев, Балтабай Тәжімбетов, Бақытжан Жалғасбаев, Замадин Нұраддинов, Жетіскен Мәкенәлиев, Кемалбек Сағымбаев, Тарғын Қаниев, Сахи Қапаровтар мен әр жылдарда қызметтес болдық. Сейіл ағамыздан кейін редактор болып Тиышбай Шерекенов, Киікбай Изетов, Әлмамбет Әлішев ағаларымыз қызмет жасады. Аталған адамдардың барлығымен жұмыстас болдым, бірге қызмет атқардым.
Газет жұмысы өз алдына бір қайнап жатқан толассыз тірлік. Журналшылармен дайындалған газет беттері баспаханада басылады.Ондағы жұмыс өз алына бір төбе. Қызығы мен шыжығы бір өз басынан жетіп артады. Күнмен күннің,а ймен айдың алмасқанын газет жұмысымен жүріп білмей де қаласың. Жылдың төрт мезгіліндегі ауданның науқандық жұмыстарының бел ортасында журналшылар жүреді. Күн-түн демей газет шығару, аптасына бір келетін кезекшілік, әйтеуір тынымсыз қарбалас жұмыс.
Бұрыннан ақын ретінде білгенмен Балтабай Тәжімбетовпен аудандық газетте етене жақын араласып ағалы-інілі болып кеттік. Екеуміздің тағы бір ерекшелігіміз Балтекеңнің анасы Жаншонай апамызбен менің анам Рысбике Асан руының Нұрбай аталығынан тараған жақын туыс еді. Аңқылдақ, аңғалдығы басым Балтекең адам баласын жатырқамайтын. Басқа да ұлт-ұлыс өкілдерімен араласып, өзіне тарта білетін. Сондайда «Балтекеңнің орысша сөздері бір-бірне ернін шығарып тұр» деп күлкіге қарық болатынбыз. Орысшаға шорқақ еді. Өзіне тартып тұратын-тумысынан ақындық дара дарынға ие, жүрген ортасына мейірімін шашып, туған елінің сөз өнері мен мәдениетінің дамуының бел ортасында болды десем артық айтқандық болмас. Оның есімі Сыр елі жұртының, республика халқының, әсіресе жыр сүйер қауымның арасында ерекше ықыласпен аталатын.
Ол кісінің мінезі өте ашық, көңілі кең, жүрген ортасына жылулық пен мейірімділік танытатын кісілігімен-кішілігі басым адам ретінде ел есінде қалды. Қолына түскен аз да болса мүмкіндік пен қаражатты өзгелермен бөлісіп, қол ұшын созуға әрдайым дайын тұратын. Журналшылық шеберлігі де басым еді. Өндіріп жазатын. Өзінің қалам шеберлігі мен қоғамдық белсенділігі арқылы облыстық,республикалық басылымдармен тығыз байланыста болып, өлеңдері мен әңгімелері жарияланып тұрды. Қайсыбір жарияланымдарын да болсын ол шынайы тұрмыс, әлеуметтік мәселелер, елдік тағдыр мен көркем сөздің пәлсапасы мен қуаты туралы ойларын жариялап, оқырмандары мен замандастарының ықыласына бөленетін. Поэзия мен лирикасы, ауыз әдебиетінің рухани қазынасы, балалар әдебиетіне арналған өлеңдері мен жырлары, скетч-жанрлы шағын шығармалары қазақ өнері мен әдебиетіне қосқан өзіндік үлесі болуымен қатар, саханаланып та жүр. Әрбір өлеңінде қарапайым халықтың күнделікті өміріне арналған ой-түйсіктер мен сезімдер, қоғамдағы әділетсіздік пен адамгершілік мәселелерін терең талдап, ой саларлық қылып жеткізетін әсерлі шығармалары оқырманға кеңінен танымал болды.
Ақын Балтабай Тәжімбетовтың жанының нәзіктігі соншалық, басқалар көре білмейтінді көре білуі, сезе білмейтінді сезе білуі ерекше еді. Жазылған мақалаларға ашатын тақырып табу, түрлендіріп, тіпті ерекшелендіріп-гүлдендіріп жазудың шебері еді. Үйі Қазалы қаласында тұрғандықтан, кентпен екі ортаға күнделікті қатынайды. Түскі асқа да үйіне барып келіп, бізден бұрын жұмыста отыратын. Сондайда бірде жүк көлігі Балтекеңе тоқтап, ала кетіпті. Жүргізуші ақын ағасын танып, ақжарқын амандасады. Көліктің ішінің тазалығы Балтекеңді таңқалдырғанымен қоймай, маңдай алдында ілулі тұрған үкі ерекше қызықтырады. Сол жүгізуші жөнінде «Үкілі көлік жүргізуші» деген атпен жазған лирикалық сарындағы көлемді мақаласы газетте жарияланып, оқырман қауымының ықыласына бөленді.
Аудан халқының қоршаған ортадағы экологиялық зардаптарға орай өткен ғасырдың сексенінші жылдары үдіре көшуін тоқтатуға байланысты ауданның бірінші басшысы Елеу Көшербаев зиялы қауымның алдына бір шара қолдануды ұсынады. Ойласа келе, Сырдарияның арғы бетіндегі халық ортасында Ү.Түктібаев ауылында «Туған жерім-думанды елім» атты танымдық аудан халқын қатыстырған үлкен әсерлі кеш өткізілді. Туған жерді қадірлеу, оның гүлденіп өркендеуіне әрбір сол жерге кіндік қаны тамған жанның үлес қосуы парызы екенін сезіндіру, басқа жерден келіп біздің ортамызды жақсартып бермейтінін насихаттау мақсатына арналған кеш өз нәтижесін берді. Осы кешті дайындап, қатысқан әр бір адамның санасына әсер етіп, өз ортасына насихаттайтындай етіп әсерлі дайындау барысына аудандық мәдениет бөлімінің режиссеры Жәдігер Тұрсыновпен бірге, ақын Балтабай Тәжімбетовте қатысып, өз үлесін қосты. Бұл бір ғана мысалы, бұндай елі, жері үшін мыңдаған игілікті істерді жүзеге асырды. Шығармалары Сыр өңірінің әдеби ортасының дамуына зор үлес қосты. Көптеген жас қаламгерлер мен оқырмандарға рухани серпін берді. Ол өзінің замандастары арасында шоқтығы биік болып, әдеби орталарда құрметке ие болған қаламгер ретінде жоғары бағаланды, оқырманын тәнті етті. Оның әдеби еңбектері мен журналшылық мақалалары елдің рухани өміріне әсер етіп, кейінгі ұрпаққа үлгі бола білді.
Ақын Балтабай Тәжімбетовтің шығармашылығы мен поэзиясына келер болсақ, Қазалы өңірінде дүниеге келіп, ер жетіп, өмір сүріп, қазақ руханиятына өзіндік өрнек қалдырған ақын, журналшы. Оның шығармашылығы туған жерге, елдік санаға, адамгершілік құндылықтарға және өмірдің әлеуметтік ирімдеріне терең бойлаумен ерекшеленеді. Поэзиясында кең өріс табатын тақырыптары туған жер мен елге деген сүйіспеншілік, өңірдің табиғатын, Сыр бойының тіршілігін, туған өлкені тек географиалық мекен емес, рухани бесік ретінде суреттеп жеткізеді.
Оның өлеңдерінде заман тынысы, қоғамдағы әділет пен әділетсіздік, адам тағдырына деген алаң басым. Ақын поэзияны тек сезім емес, ой айту құралы ретінде қолданады. Адамгершілік, мораль, рух, адалдық, ар-ұят, еңбек, намыс секілді ұғымдар ақын шығармаларында жиі ұшырасады. Ол оқырманын ішкі тазалыққа, жауапкершілікке үнемі үндеп отырады. Өмір мен уақыт философиясы үндестік тауып, уақыттың өткіншілігі, адам ғұмырының мәні, өткен мен бүгінгінің сабақтастығы пәлсапалық тереңдікпен беріледі.
Ақынның тілі қарапайым, жалпы оқырманға түсінікті, бірақ мағыналық салмағы ауыр. Образдары табиғи шынайы, түсінікті, жасандылықтан ада. Ұйқас пен ырғақта классикалық қазақ өлеңдерінің дәстүрі сақталып отырады. Журналшылық тәжірибесі оның поэзиясына нақтылық пен шыншылдық кеңінен орын тепкен. Сондықтан оның өлеңдерінен халықтың үні, азаматтық позиция айқын сезіліп тұрады.
Арал атты жырында жаралы Аралдың мұңын дөп басып айтқан.
Бес бересім, жоқ сенде алты аласым,
Жүрегіме сонда да жол табасың.
Көрейін деп көркіңді келіп едім,
Жинақталып қалыпты арқа-басың.
Жатырмысың жұмбақтау жайға қалып,
Тығыларсың қашқанмен қайда барып.
Сұлу еркем сәл ғана сабыр етші,
Қайта билеп кетерсің айдан анық!
Кемелерің қабылдап кемел кешін,
Жарқылдайтын күн сүйген желең төсін.
Кетуші едің кей кезде қырға шығып,
Қос дарияның емшегін тең емгесін.
Тоғыз балда толқының құт қашырып,
Кететіндей ырғитын бұлтқа асылып.
Шағалаға жем болып шабақтарың,
Шүпірлесіп жататын сыртқа шығып.
Соның бәрі жалт еткен түстей бүгін,
Бір басыңа жетеді іштей мұңың.
Толқындарың жабысып жағалауға,
Ызаланып,ыңырсып тістейді құм.
Емінесің ентігіп, шегінесің,
Келешегің не болмақ не білесің?!
Теңіз болсын, тәкәппар пенде болсын,
Бейшара боп қалады кемігесін!
Арал теңізінің мүшкіл қалын дәл суреттеп жеткізіп тұр. Өлеңмен сурет салғандай көз алдыңа теңіздің жаралы халін бейнелеп, араша сұрағандай.
Балтабай Тәжімбетов замандастары мен қатар 1941-42 жылдары дүниеге келген құрдастарымен жақсы аралас-құралас болды.Өмір болған соң болып жататын қуныш, қайғыларын бірге бөлісетін, тонның ішкі бауындай араласты. Сыр өңіріне белгілі жерлес құрдастары Жәдігер Тұсынов, Әмірхан Өтепбергенов, Демес Шәмшаев,Тынышбай Шерекенов, Исабай Әбдіхалықовтағы да басқаларымен тығыз қарым-қатынаста болды. Олардың бас қосқандарының ортасында бірнеше рет болғаным да бар. Құрдастардың бір-біріне деген, ел-халыққа деген адалдықтары сондай Сырдарияның Абай ауылы тұсындағы өткелге құрдастар дарияға салқындап шомылуға барып, бір чемодан ақша тауып алып, шашау шығармастан әкеліп Балтабайдың анасының қолына табыстап, кейін егесіне берген. «Алтын көрсе періште жолдан таядыға» берілмеген, ар-ожданнан аттамаған.
Анасы сөзге жүйрік, суырып салмалығы бар ақжарқын жан еді. Балтекеңмен үйіне бірге барып, анасы мен жеңгеміз Қияштың қолынан дәм таттық. Айналып-толғанып, ақұдайлап отыратын. Бірде барғанымда «Әй, осы сен қай баласың?» деді алақанымен көзін көлеңкелеп, белін тіктеп тұрып.
«Апа, мен» деп жөнімді айттым.
«Ааа, өзіміздің бала екенсің ғой, ой айналайын» деді де маған тіктеп тура қарап, «Сен өзі бір ішетін қу сияқтысың» демесі бар ма?! Балтекеңде ыңғайсызданып «Апа, бұл бала ішпейді» деп жатыр. «Ішпесе ішпейтін шығар, бірақ біздің Балтабайжанның қасында ішпейтіндер жүре бермеуші еді» деп күлкіге қарық қылды.
Балтабайдың үйі Қазалы қаласында. Күнделікті қатынайды. Мен мөлтек ауданда екі бөлмелі үйде тұрамын. Ол кезде бір-екі кішкентай балаларымыз бар. Шағын жанұямыз. Балтекеңе «Қалаға барып жүресің бе, үйден шай ішейік »деп жиі бірге боламыз. Бірде өзімнен үлкен Оңғарбек ағам салқын күзде балыққа барып, жылымдарын майлап, бір машина толтыра балық әкелді.
«Мына балықтан керегіңше ал» деді. «Аға сақтайтын жерім жоқ» десем, «балконыңа түсіріп ал» деді. Содан машинаны балконға жақындатып, 60-70-тей ірі балықты түсіріп кетті. Ертеңіне «Балтеке түскі асқа үйге жүріңіз» десем, «Бармай жүрген үйіміз емес, келіннен ыңғайсыздынамын» демесі бар ма?!
«Бүгін үйде балық асылып жатыр, сіз үшін қазан көтермейміз, жүріңіз» дедім. «Балық болса, барамын, мен Жақайыммын ғой» деп қуақылана күлді.
Сол балық тусылғанша араға үш-төрт күн салып, Балтекеңмен бірге үйден балық жеп тұрдық, балық та таусылды. Сол қыстың ақпан айының соңына таман болуы керек, түскі ас уақыты жақындаған кезде Балтекең темекісін құшырлана сорып тұрып, «бала, осы сіздің үйде балық болушы еді» деді.
«Мен жақайым емеспін, балық жоқ» дедім. Сөзден тосылғанын біліп, «Әй, өзің бір ит екенсің» деп жауап қатты. Менде қатуланған болып, «Балтеке неге маған ит дейсіз» дедім. Бірге отырған жігіттер де бұл екеуіне не болды дегендей назарын бізге аударды. «Балтеке мен қасқырмын, сонша төмендеткенің қалай» дедім, атыма байланысты. «Өзің бір барып тұрған ит екенсің, көңіліне бір нәрсені алып қалды ма десем» деп рахаттана күлді. Қалжыңдарымыз жарасып, жарқын жақсы күндерді сыйластықта бірге өткіздік. Жамбыл өңірінің «Сазкемеріне» көшіп бара жатқанда да үйге келіп, «Келіннің қолынан көп дәм татып едім, көшіп бара жатқанымды өз аузымнан айтып кетейін деп келдім» деп бір шай ішіп, үш-төрт сағаттай әңімелесіп, жолға шығып кетті. Сонда кіндік қаны тамған туған жерді, елді, елдегі көңілі сүйген, көзкөрген жандары қимай жүр екен. Мәңгілік мекенін сол Сазкемерден тапты.
Қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаевтың табаны Қазалы жеріне үш рет тигенін біреу білсе, біреу біле бермейді. Алғашқы келгенінде Мұқағали поездан түскен де милиционерге «Еліңде ақын бар ма?» деп сұрапты. Бар десе, «соған мені алып бар» дейді. Үш доңғалақты мотоциклге отырғызып, Қазалы қаласына Балтабайдың үйіне алып барады. Екі ақын бір-бірін танып, шұрқыраса кетеді, елде бірнеше күн қонақ болады. «Таңертең ерте тұрып, екі сағат жазуға отырады, ары қарай қалам ұстамайды екен» деп еске алып отыратын Балтабай. Мұқағалидың «Қазалы желі» өлеңі сол біздің елге сапарында жазылған, өмірге келген екен.
Балтабай Тәжімбетов – туған жерінің әдеби және қоғамдық өміріне өзіндік із қалдырған ақын-журналшы. Оның шығармашылығы рухани бай, адамгершілікке толы поэзия мен публицистика арқылы ел жадында сақталып жүр. Белсенді шығармашылық жолы мен кең дүниетанымы Сыр бойының әдеби- тарихи дәстүрін байытып, кейінгі буын талантына үлгі болары сөзсіз.
Қасқырбек МӘМБЕТЖАН,
ҚР Журналистер одағының мүшесі














