Қаңтар айында елімізде 325 келі есірткі тәркіленді

Фото: freepik.com
Заңсыз айналымнан 325 келі есірткі тәркіленді, оның жартысы синтетикалық есірткі, деп хабарлайды Elordainfo.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Ішкі істер министрлігінің мәлімдеуінше, жыл басынан бері ел аумағында синтетикалық есірткі өндіретін ірі есірткі зертханасы және 2 ұйымдасқан қылмыстық топтың қызметі тоқтатылып, есірткі өткізуге қатысты 118 факті анықталған.
Қостанай қаласында ерлі-зайыпты ұсталып, олардың пәтерінен 360 грамм мефедрон тәркіленді. Шымкент қаласында 20 жастағы жігіт ұсталып, одан жарты келіден астам мефедрон синтетикалық есірткісі тәркіленді. Сонымен қатар ойын-сауық мекемелерінде рейд өткізіледі. Мәселен, Алматы қаласында түнгі клубтардың бірінде синтетикалық есірткіні сатқан аспаз ұсталды. Барлық фигуранттар уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Сондай-ақ 1 қаңтардан бастап тізбесі Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығымен бекітілген күшті әсер ететін заттардың заңсыз айналымы үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілген. Тізбеге сәйкес, тұтынушыға қысқа мерзімді эйфория беретін «көңіл көтеретін газ» деп аталатын азот оксиді күшті әсер ететін заттарға жатады. Бірқатар өңірде азот оксиді бар баллондарды заңсыз тасымалдауға қатысты үш факті анықталды.
Мысалы Астана - Петропавл автожолында автокөліктен көлемі 10 литр болатын үш баллон табылды, Алматы қаласында екі лаундж-барда көңіл көтеретін газы бар 16 баллон тәркіленді. Барлық факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды, тиісті сараптама тағайындалды. Дәрігердің нұсқауынсыз азот оксидін тұтыну қауіпті.
Ішкі істер министрлігі «күшті әсер ететін заттардың» заңсыз айналымы үшін Қылмыстық кодексінің 301-бабы бойынша 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделгенін еске салады.
Еске сала кетсек, Астанада жол апаты болып, екі адам қаза тапты.












