Көктемгі егіс жұмыстарын ерте қаржыландыруға 1580-нен астам ауыл еңбеккерлері қол жеткізді

Фото: ҚР АШМ баспасөз қызметі
Биылғы маусымдық көктемгі дала жұмыстарын ерте қаржыландыру бағдарламасын іске асыру қарқынды жалғасуда. Бағдарламаға өтінім қабылдау өткен жылдың қазан айында басталған болатын. Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері үшін сыйақының түпкі мөлшерлемесі жылдық 5%-ды құрайды, деп хабарлайды kazlenta.kz ҚР АШМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бүгінгі күні 273 млрд теңге көлемінде 2004 ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін қамтитын пул қалыптасты. Қазірдің өзінде 1581 өтінім назарға алынып, 172,3 млрд теңгеге қаржыландырылды, 2 млн гектардан астам егіс алқабы қамтылды.
Сонымен қатар несие сомасының 85%-на дейін кепілдік беруге жол ашатын «Даму» қоры арқылы қарыздарды кепілдендіру тетігі іске асырылуда, Қазіргі уақытта 333 кепілдік берілді, қарыз сомасы 55 млрд теңгені құрайды.
Мемлекет басшысының көктемгі дала жұмыстарын уақтылы әрі сапалы жүргізуді қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасын орындау аясында «Кең дала 2» бағдарламасы бойынша өтінімдерді қабылдау 1 қазанда басталған.
Қаржыландыруды ерте бастау шаруаларға 2026 жылғы егіс науқанына алдын ала дайындалуға мүмкіндік береді. Алынған қаражат жанар-жағармай материалдарын тиімді бағамен сатып алуға, минералдық тыңайтқыштар алуға, ауыл шаруашылығы техникасын жөндеуге және қажетті тұқым қорын қалыптастыруға бағытталады.
Жеңілдетілген қаржыландыру көктемгі дала жұмыстарын дайындау мен өткізуге, сондай-ақ егін жинау науқанына және маусымдық шығындарды жабуға қолжетімді. Қаражат еліміз бойынша Аграрлық несие корпорациясының филиалдық желісі және серіктес қаржы институттары арқылы ұсынылады.












