Қызылорда өңірінде қылмыс деңгейі төмендеді
Қызылорда облысында 2025 жылы қылмыстың тіркелуі 2,5 пайызға төмендеген. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қызылорда облысының прокуроры Ризабек Ожаров пен полиция департаментінің бастығы Серік Ергешов хабарлады. Брифинг барысында полиция департаментінің бастығы өңірдегі жедел ахуалдың тұрақты бақылауда екенін атап өтті. – Жалпы қылмыстық құқық бұзушылықтардың тіркелуі 2 пайызға азайды. Қоғамдық орындар мен көшелерде жасалатын қылмыстар саны төмендеді. 10 мың тұрғынға шаққандағы құқық бұзушылық деңгейі республика бойынша 57 болса, облысымызда бұл көрсеткіш 32-ні құрап отыр. Яғни, біз қауіпсіз өңірлер қатарындамыз. Сонымен қатар соңғы үш жылда өңірде ұрлық қылмыстары 63 пайызға төмендеп, пәтер және тонау деректері айтарлықтай азайды. Ал мал ұрлығы өткен жылмен салыстырғанда бір деңгейде сақталды, – деді Серік Жүрсінбайұлы. Құқық қорғау органдарының бірлескен әрі жүйелі жұмысы Қызылорда облысында қоғамдық қауіпсіздікті нығайттты. Бұдан бөлек, Қызылорда облысының полиция департаменті қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында бірқатар жаңа бастамаларды іске асырды. Мәселен жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін арттыру мақсатында қосымша 10 дана "Sunqar" автоматтандырылған құрылғысы іске қосылып, бейнебақылау жүйелері кеңейтілді.














