Қарлы боран қозғалысты тұсаулады: бірнеше өңірде республикалық трассалар таңға дейін жабық
Жол қозғалысына шектеу Алматы, Ақмола, Солтүстік Қазақстан және өзге де өңірлерді қамтыды

Фото: istockphoto.com

Фото: istockphoto.com
Ауа райының күрт нашарлауына байланысты бүгін, 23 қаңтар кешкі сағат 20:00–21:00-ден бастап еліміздің бірнеше өңірінде республикалық маңызы бар автожолдарда көлік қозғалысына уақытша шектеу енгізіледі, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қолайсыз метеожағдайға байланысты Алматы және Жетісу облыстарында 23 қаңтар сағат 20:00-ден бастап «Алматы – Шелек – Қорғас» автожолының жекелеген учаскелерінде барлық көлік түрінің қозғалысы тоқтатылады. Аталған бағыттағы жолдарды 24 қаңтар күні таңғы сағат 08:00-де қайта ашу жоспарланған.
Қолайсыз метеожағдайға байланысты Алматы және Жетісу облыстарында 23 қаңтар сағат 20:00-ден бастап «Алматы – Шелек – Қорғас» автожолының жекелеген учаскелерінде барлық көлік түрінің қозғалысы тоқтатылады. Аталған бағыттағы жолдарды 24 қаңтар күні таңғы сағат 08:00-де қайта ашу жоспарланған.
Солтүстік Қазақстан облысында 23 қаңтар сағат 21:00-ден бастап республикалық маңызы бар барлық бағыттарда жолаушылар тасымалдайтын рейстік автобустар мен дизель отынымен жүретін көліктердің қозғалысына тыйым салынады. Бұл өңірде жолдарды 24 қаңтар сағат 10:00-де ашу көзделіп отыр.
Ақмола облысында да бірқатар маңызды бағыттарда шектеу енгізіледі. Көкшетау, Щучинск, Атбасар, Макинск қалаларына апаратын жолдарда, сондай-ақ Астана айналма жолы мен Астана – Петропавл, Астана – Қостанай, Астана – Павлодар бағыттарында рейстік автобустар мен дизель көліктерінің қозғалысы уақытша тоқтатылады. Бұл жолдар да 24 қаңтар сағат 10:00-де ашылады деп жоспарланып отыр.
Қостанай облысында бірнеше республикалық трассада қозғалыс шектеледі. Атап айтқанда, Қостанай – Әулиекөл – Сұрған, Астана – Қостанай – Ресей Федерациясының шекарасы, Жезқазған – Арқалық – Петропавл бағыттарындағы жол учаскелері уақытша жабылады.
Павлодар облысында «Астана – Шідерті – Павлодар – РФ шекарасы» автожолының бір бөлігінде қозғалысқа шектеу қойылса, Ақтөбе облысында «Қостанай – Рудный – Денисовка – Комсомольское – Қарабұтақ» автожолында дизель отынымен жүретін көліктер мен рейстік автобустардың қатынауы тоқтатылады.
Жол қызметтері мен төтенше жағдайлар органдары жүргізушілерді ауа райы толық жақсарғанға дейін алыс сапарға шықпауға, жолдағы қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға және ресми ақпарат көздерін тұрақты түрде қадағалап отыруға шақырады.












