Елдік мүдде тоғысқан жиын
Кеше Қызылорда қаласында V Ұлттық құрылтайдың алғашқы күнінде төрт панельдік секция бойынша отырыстар өтті. Оған барлық өңірден 100-ден астам құрылтай мүшесі қатысты. Секция отырыстарында түске дейін әлеуметтік-мәдени даму, білім мен ғылым мәселелері көтерілсе, күннің екінші жартысында азаматтық қоғам және экономикалық даму бағыттарында мазмұнды ой-пікірлер өрбіді.Әлеуметтік-мәдени даму секциясында Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Ұлттық құрылтайдың қоғам үшін маңызы зор, тұрақты әрі жүйелі диалог алаңына айналғанын атап өтті. Онда ел дамуының ұзақ мерзімді бағыт-бағдары айқындалып, өзекті әлеуметтік мәселелер кеңінен талқыланатынын жеткізді.
– Ұлттық құрылтай аясында айтылған барлық ұсыныс пен пікір Мемлекет басшысы мен мемлекеттік органдардың ерекше бақылауында. Мәдениет және ақпарат министрлігі құрылтай мүшелері ұсынған бастамаларды іске асыру жоспарының орындалуына тұрақты түрде мониторинг жүргізіп келеді. Алдыңғы төрт отырыста аса маңызды мәселелер көтеріліп, ауқымды жұмыс атқарылды. Атап айтқанда, заңнаманы жетілдіру мақсатында 26 заң қабылданды. Сонымен қатар 10 заң жобасына, сондай-ақ Президент Жарлықтары мен кешенді даму жоспарларына өзгерістер енгізу бойынша жұмыстар жүргізілуде, – деді Премьер-министрдің орынбасары.
Сондай-ақ биыл өткізілетін елімізге белгілі тұлғалардың мерейтойлар күнтізбесі бекітілгенін атап өтті. Олардың өмір жолы мен шығармашылығын насихаттау өскелең ұрпақтың рухани кемелденуіне септігін тигізетіні анық. Министр Ұлттық балалар кітапханасы мәселесі туралы ойын да білдірді.
– Еліміздегі кітапханаларда оқитын кітап аз деуге болады. Өйткені осы отыз жылда бір автордың кітабы жүз, екі жүз, тіпті мың рет шыққан деректер бар. Атауын өзгертіп, қайта-қайта шығара береді. Біз әр кітапхананың кітап қорын зерделеп шықтық. Шынымен, мұндай өкінішті жағдайлар көп кездесті. Балалар өзі оқығысы келіп, іздеген кітабын таба алмайды. Балалардың кітапқа қызығушылығын арттырғымыз келеді, бірақ олардың сұранысын қанағаттандыратын дүниелер жоқтың қасы. Ол үшін толық деңгейде жағдай жасай алмай келе жатқанымызды ашық айтуымыз керек, – деді Аида Балаева.
Осыған орай министр аударуға және басып шығаруға ұсынылатын кітаптар тізбесін айқындайтын арнайы комиссия құруды ұсынды. Сонымен бірге заманауи жас авторлардың шығармаларын ел кітапханаларының қорына жүйелі түрде енгізу қажеттігіне назар аударды.
Сондай-ақ балалар контентін дамыту және анимация индустриясын өркендету тақырыбы көтерілді. Осыған байланысты Аида Балаева мультфильм өндірісіне арнайы тоқталып, бұл бағыттың маңыздылығын ерекше атап өтті.
– Президент Жолдауында берілген тапсырмаға сәйкес, министрлік жанынан Креативті индустрияларды қолдау қоры құрылды. Қазіргі уақытта оның материалдық-техникалық базасы қалыптастырылуда әрі Қор құрылымында анимацияға арналған жеке бағыт қарастырылады. Менің ойымша, мұнда саннан бұрын сапаға мән беру маңызды. Контенттің бала психологиясына ықпалын, жас ерекшеліктерін және тәрбиелік әсерін міндетті түрде ескеру қажет. Қордың толыққанды жұмысы басталғаннан кейін анимация индустриясы тың серпін алып, қарқынды дами түседі деп сенемін, – деп атап өтті Мәдениет және ақпарат министрі.
Басқа да мәселелерді талқылау барысында қатысушылар мен сарапшылар ұлттық дәстүрді сақтау және кітап оқитын ұлт қалыптастыру – қазақстандық қоғамды жаңғыртудың маңызды құрамдас бөлігі екенін баса айтты.
Ал білім-ғылым секциясында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек елімізде білім беру, зерттеу және қолданбалы тәсілдерді біріктіретін AI-Sana бағдарламасы биыл да жалғасатынын атап өтті. Бұл жоғары оқу орындарына дәстүрлі білім беру форматынан ғылыми-зерттеу форматына көшуге мүмкіндік береді. Бағдарлама жасанды интеллект бойынша базалық білімнен бастап стартаптарды кәсіби дамытуға және оларды нарықта масштабтауға дейін дәйекті дамытуға бағытталған.
– Ai-Sana бағдарламасын былтырдан бері жүзеге асырып келеміз. Осы күнге дейін 668 мың студент оқыды. Еліміздегі барлық студент бағдарлама аясында міндетті түрде жасанды интеллект курстарынан өтеді. Бұл – ең мықты курстар. Coursera, HUAWEI, Microsoft, Google тәрізді компаниялармен бірігіп, олардың курстарын қазақ және орыс тілдеріне аударып, студенттерді оқытып жатырмыз. Биыл ақпан айында бағдарламаның екінші кезеңі басталады. Соның аясында 100 мың студент жасанды интеллектінің тереңдетілген алгоритмдерін меңгереді, – деді министр.
ЖОО-лар белгіленген үлгідегі электронды сертификат бере отырып, өздері әзірлеген курстар бойынша студенттерді оқыта алады.
– Бағдарламаны одан әрі іске асыру үшін еліміздің әр өңірінен 27 «зәкірлі» ЖОО іріктеліп, бекітілді. Оқу орындары бағдарламаны іске асыру үшін қажетті инфрақұрылым, оның ішінде ЖИ саласындағы білім беру бағдарламаларының, шетелдік серіктестердің, есептеу қуаттарының болуы сияқты критерийлер бойынша іріктелді. Бұл ЖОО-лар AI-Sana бағдарламасы бойынша студенттер мен педагогикалық оқытушы құрамын оқытуды қамтамасыз ете отырып, өз өңіріндегі және көршілес облыстардағы жобаны іске асыруға жауапты болады, – деді Саясат Нұрбек.
AI-Sana бағдарламасы елімізде жасанды интеллектті дамыту үшін қолайлы экожүйе қалыптастыруға бағытталған. ЖОО-лар қабылдау комиссиясынан бастап оқу процесін сүйемелдеу және бітірумен аяқтайтын ЖОО-ның ақпараттық экожүйесін құрайтын 9 ЖИ агентін әзірледі. Заман талабына сай жаңашылдыққа біздің облыс та ілесіп келеді. Сөзімізге Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің базасында Сеул техникалық университетімен бірлесіп ЖИ және информатика жоғары мектебі ашылуы дәлел.
Ұлттық құрылтайдың секциялық отырыстары түстен кейін де жалғасты. ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин өткен жылды қорытындылап, алдағы экономикалық даму жоспары туралы айтты.
– Өткен жылы еліміздің экономикасы тұрақты, сапалы өсім болды. Жалпы ішкі өнімі 300 млрд АҚШ долларынан асса, жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім шамамен 15 мың АҚШ долларына жетті. Экономиканың өсу қарқыны 6,5% болды. Бұл – 2012 жылдан бергі ең жоғары көрсеткіш. Экономиканың барлық саласында оң динамика қалыптасты. Жалпы ішкі өнімнің өсу үлесі негізінен өңдеу өнеркәсібі, сауда, көлік қызметі, құрылыс салаларына тиесілі, – деді министр.
Оның айтуынша, ауыл шаруашылығындағы жалпы өнім 5,9%, ал оның жалпы ішкі өнімдегі үлесі 5%-ға жақындады. Өткен жылы дәнді дақылдардан 27,1 млн тонна өнім жиналып, екінші жыл қатарынан рекорд орнады. Сондай-ақ бұршақ, майлы дақылдардан рекордтық өнімі алынды. Мал шаруашылық өнеркәсібі де қарқынды дамып келеді. Жамбыл облысында жүгеріні терең өңдеуге арналған Қазақстан бойынша ең ірі агроөнеркәсіптік парктің құрылысы басталды.
– Шығындарды оңтайландыру жүйесі жасалуда. Әлеуметтік қорғау саласын трансформациялауды жүргіздік. Бюджеттік төлемдердің бірқатарын цифрлық шешімдер арқылы әлеуметтік шығындардың ашықтығын арттыру маңызды. Мемлекеттің әлеуметтік қолдау шараларының бірыңғай стандарты енгізілді. Үй шаруаларын, әлеуметтік экономикалық осалдығын бағалау әдістемесі бекітілді. Жергілікті деңгейде қосымша көмек түрлері біріздендірілді. Цифрландыру арқылы әлеуметтік салада құқықбұзушылықты анықтауға және алдын алуға мүмкіндік береді. Бір жарым жылдың ішінде әлеуметтік саясатты транформациялау 600 млрд теңгені үнемдеп, заңсыз шаралардың алдын алуға мүмкіндік берді, – деді Серік Жұманғарин.
Өткен жылы жүргізілген бюджеттік мониторингтің қорытындысы бойынша республикалық бюджетке 8 түзету енгізілді. Оның шеңберінде жыл басынан бері 1 триллион теңгеден астам қаражат оңтайландырылған. Олар нақты секторға бағытталды.
Көлік логистикалық инфрақұрылымды дамыту – стратегиялық маңызды дүние. 2029 жылға дейінгі ұлттық инфрақұрылымдық жоспар 204 жобаны қамтиды. Инфрақұрылымның тозуын 40 пайызға төмендетуді көздейтін энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғыртудың ұлттық жобасы іске асырылуда. Инвестициялардың жалпы көлемі шамамен 13 триллион теңгені құрайды.
Экономиканың тұрақты дамуында кәсіпкерлік саласының маңызы зор. Бизнесті жүргізуді жақсарту бойынша жүйелі шаралар қолға алынуда. Кәсіпкерлікті ынталандыру үшін «Өрлеу» жеңілдетілген қаржыландыру бағдарламасы іске қосылды.
Ұлттық Экономика министрінің сөзінше, өткен жылы жоғары инфлияциялық қысым байқалған. Оның жылдық мәні 12,3 пайызды құрады. Азық-түлік тауарларының бағасы 5,5, азық-түлік емес тауарлар 11,1, ақылы қызметтер 12 пайызға өсті. Бұл азаматтардың сатып алу қабілетіне әсер еткен.
– 2025 жылдың 11 айында халықтың жан басына шаққандағы ақшалай табысы нақты мәнде 2,3 пайызға қысқарды. Осыған байланысты жақын арада Үкіметтің бірінші кезектегі міндеті – инфлияцияны тұрақтандыру және төмендету, – деді министр.
Азаматтық қоғам секциясында ҚР Президентінің ішкі саясат мәселелері және коммуникациялар жөніндегі көмекшісі Арман Қырықбаев Қызылорданың ел астанасы болған кезеңде алтын әріптермен жазылған оқиғалар өрбігенін айтты.
– «Қазақ» атауын қайтару туралы шешім де осы киелі жерде қабылданды. Тұңғыш Қазақстан Үкіметі де жұмысқа кірісіп, алғашқы театрдың негізі қаланып, тұңғыш пьеса да қойылды. Қазақ тіліндегі кітаптар да басылып шықты. Алаш қайраткерлері бастаған үлкен саяси мәдени орта қалыптасты. Осындай тарихи оқиғалар өткен қалада 100 жылдан соң тәуелсіз Қазақстанның Ұлттық құрылтайының шақырылуы тарихи сабақтастық тұрғысынан орынды.
Мемлекет басшысының бастамасымен құрылған бұл институт бес жылда өзінің өміршеңдігін дәлелдеді. Қоғамның түрлі топтарының үн қосуына мүмкіндік беріп отыр. Билік пен халықтың арасын жақындастыратын алтын көпірге айналды. Жалпы көпшілік идеология саласында ұлттың ертеңі, бүгіні жайлы сөз қозғап жүрген азаматтар асыға күтетін жыл сайынғы үлкен саяси шараға айналып отыр, – деді Арман Қырықбаев.
Ұлттық құрылтай мүшелері секция отырыстарында түрлі тақырыпта ұсыныстарын білдірді. Олардың барлығы мұқият зерттеліп, тиісті қорытынды шығарылады.
Жалпы, Президент тапсырмаларын орындау барысында бұған дейін Ұлттық құрылтай аясында ауқымды жұмыстар атқарылғанын айтуға тиіспіз. Құрылтай мүшелері бұл жолғы жиында да айтылған әрбір ұсыныс мемлекет дамуына үлес қосады деп сенім білдірді.
Назерке САНИЯЗОВА,
Айсәуле ҚАРАПАЕВА,
«Сыр бойы».
Айсәуле ҚАРАПАЕВА,
«Сыр бойы».











