Әр түйірінде шипа бар

«Өзбектер «үзім» дейді, бір-бірден үзіп жейді, қазақтар «жүзім» дейді, бір жесе, жүзін жейді» деген әзілге негізделген қалжыңды көпшілік арасында естіп қаламыз. Дегенмен әзіл болғанымен, астарында шындық жатыр. Өйткені қазақ халқы дәмді жемісті ежелден-ақ ерекше қадірлеген, той-думанда да, дастарқанда да үзілмей келе жатқан берекелі тағам ретінде таныған.
Бүгін қазақтар «жүзін жейтін» сол жүзім жемісінің Құран Кәрімде аталуы, адам ағзасына тигізер пайдасы, емдік және тағамдық қасиеттері жайында кеңінен сөз етпекпіз.
Құранда айтылған нығмет бойынша жүзім – Алланың адамзатқа берген ең тәтті әрі пайдалы нығметтерінің бірі. Оның қара, жасыл, қызыл, сары түсті сан алуан түрі көздің жауын алып қана қоймай, әрқайсысы өзіндік пайдасымен ерекшеленеді. Жаратушы Иеміз жүзімді қасиетті Құранда бірнеше жерде атап өтеді. Оның жай ғана жеміс емес, адам баласы үшін айрықша маңызы бар тағам екенін аңғартады.
Құранда: «Сумен сендерге егін, зәйтүн, құрма ағаштарын, жүзім және барлық жемістерді өсіреді. Ақиқатында мұнда ойланып қарайтын адамға ғибрат бар» делінеді («ән-Нахл» сүресі, 11-аят). Бұл аятта Алла Тағала табиғаттағы әрбір жемістің артында үлкен даналық пен ғибрат бар екенін ескертеді. Адам баласы бір ғана жемістің өзін ойлап таба алмайды. Демек жүзімнің өсіп-өніп, адамға ризық болуы Алланың шексіз құдіреті мен мейірімінің айқын белгісі.
Әрі тағам, әрі сусын, әрі ем жүзім бір мезетте бірнеше қызмет атқаратын сирек жемістердің бірі. Ол тағам ретінде қарынды тойдырады, сусын ретінде шөлді қандырады, ем ретінде ағзаға шипа береді.
Жүзім құрамындағы табиғи қанттар мен дәрумендер адамға жылдам қуат беріп, әлсіреген ағзаны қалпына келтіруге көмектеседі. Халық медицинасында оны ежелден-ақ түрлі ауруға қарсы пайдаланған. Оның ағзаға тигізер септігі мол.
Мамандардың айтуынша, жүзім өкпе мен тыныс алу жолдарына аса пайдалы. Ол кеудедегі қақырықты жұмсартып, сыртқа шығаруға көмектеседі, тынысты жеңілдетеді. Жүзім шырыны дене қызуын түсіріп, ыстығы көтерілген адамға жеңілдік сыйлайды.
Сонымен қатар жүзім ішек жұмысын жақсартады, ағзадағы қалдықтар мен улы заттарды сыртқа шығаруға ықпал етеді, ас қорыту жүйесін реттейді. Жүзімнің құрамында кальций – сүйек пен тісті нығайтады. Калий мен натрий – жүрек пен қан тамырларының жұмысын жақсартады. Фосфор – есте сақтау қабілетін арттырады. Темір – қан аздықтың алдын алады. Йод – әсіресе қыз-келіншектер үшін аса маңызды микроэлемент.
Осы керемет жемістің бауыр мен қан тазартудағы рөлі де ерекше. Яки жүзім бауыр ауруларына қарсы табиғи ем. Ол бауырдағы зиянды бактерияларды жойып, қан айналым жүйесін тазартады. Сол себепті дәрігерлер бауыр қызметі әлсіреген жандарға жүзімді мөлшермен тұтынуға кеңес береді.
Ал анемиямен (қан аздық) ауыратындарға қара жүзім мен қара мейіз ерекше пайдалы. Олар қандағы гемоглобин деңгейін көтеруге көмектеседі. Алайда қант диабетімен және асқазан жарасы бар адамдарға жүзімді абайлап немесе мүлде тұтынбау ұсынылады. Себебі оның құрамындағы табиғи қант мөлшері жоғары. Сонымен бірге салмақ қосқысы келетіндерге таптырмас тағам.
Мамандардың айтуынша, арық адамдарға жүзім жеу өте пайдалы. Ол артық май қоспай, денеге табиғи салмақ қосуға көмектеседі. Ол ағзаны табиғи жолмен толықтырады. Жүзім шырыны ағзаны шлактардан тазартып, иммунитетті нығайтады. Ал қабығындағы табиғи пигменттер жасушаларды жаңартып, түрлі ауруға қарсы қорғаныс қызметін атқарады. Ғылым мен косметологиядағы орны да бөлек. Өйткені соңғы уақыттары жүзім косметология саласында да кеңінен қолданылады. Одан бет терісіне арналған кремдер, жасартатын маскалар және целлюлитке қарсы өнімдер жасалады.
АҚШ ғалымдары жүргізген зерттеулер нәтижесінде жүзімнің сүйек пен шеміршек талшықтарының өсуін жақсартатыны дәлелденген. Үш айлық тәжірибеден кейін артық салмағы бар орта жастағы адамдардың буын жағдайы айтарлықтай жақсарған. Осыған байланысты ғалымдар жүзімді күнделікті тағам рационына қосуды ұсынады. Сондай-ақ мамандар қызыл шарап ішкеннен гөрі, жүзім сығындысы немесе қантсыз жүзім шырынын тұтынған әлдеқайда пайдалы екенін айтады. Жүзім сүйегі мен майының пайдасы жайлы айту парыз. Мәселен, жүзім майы жүрек соғысын реттеуге, бедеулік пен белсіздікке қарсы, жүйке жүйесін тыныштандыруға көмектеседі. Егер дайын май табылмаса, халық арасында кең тараған табиғи ем тәсілі бойынша жүзім сүйегін жуып, кептіріп, ұнтақтап, оны балмен немесе сумен араластырып пайдалануға болады.
Қасиетті Құранда аты аталған жүзім адам денсаулығы үшін берілген үлкен нығмет. Оның әр түйірінде шипа, әр дәнінде ғибрат бар. Табиғаттың осы бір сыйын қадірлеп, мөлшермен тұтыну денсаулықтың кепілі.
Дайындаған А.ЖИЫЛЫСҚЫЗЫ












