Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Қамқорлығы көңілде жатталған жан

Қамқорлығы көңілде жатталған жан

Адам жасы үлкейген сайын алдына емес, өткен жолына көп көңіл бөле ме, жоқ мен солаймын ба, балалық, балауса шағымды, сол кездерде жаныма жақын болған жандарды жиі еске алатын болып жүрмін.
Мектеп қабырғасында жүргенде кластастардың өзі маған жылы қабақ танытатын. Әсіресе, бойшаң Аманжол шағын денелі, қағілез Рахила екеумізді қорғаштап жүретін.
Кластастар өте тату болдық. Ер бала, қыз бала деп бөлінбей бір-бірімізді қолдап, көмектесіп жүріп мектепті де бітірдік.
Оқуды жаман оқымағанда сияқтымын,бірақ қол қысқалықтан жоғарғы оқу орнына талап қыла алмадым. Шамам келеді-ау деген орта оқу орнына талап қылудың өзіне қаражат жетімсіз болды ма, оқуға түсіп кетсем анама кім қарайды деген ойда болдым ба,ол жағынан да жолым бола қоймады.
Оқудан күдер үзіп, жұмысқа тұруға бел байладым. Жәйлі жұмыс іздеп жақын ағайынға барып жағдай айтуға намыстанып,«құрлыс саласында да өзімдей қыздар жұмыс жасап жүр ғой» деген оймен, сол кездегі Ремстрой мекемесіне жас қыздарды сылақшы-сырлаушы мамандығына жұмысқа қабылдап жатырғанын есітіпбарып, жұмысқа орналасатын болып, ертеңіне сол мекемеге баруға жиналып жатырғанда үйге Құдайберген аға келді.
Менің қайда бара жатырғанымды сұрап алып:
– Айналайын-ау,ол жұмыс саған ауырлау болады ғой. Сен бүгін асықпа, мектепте бір жұмыстың ыңғайын қарап көрейін. Құрылыстың жұмысынан жеңіл болар, қалай қарайсың, – деді.
Менде қайбір таңдау бар.
– Екі қолға бір жұмыс болса болады, аға, – деп қандай жұмыс болса да баратынымды айттым.
Құдайберген ағай поселкедегі № 5-ші санаториялық мектеп интернатта оқу-ісінің меңгерушісі болып қызмет атқаратын.
Ағайындық жағынан әкемнің жақын інілеріболып келетін. Ағайындардың ішіндегі еті тірі, жоғарғы оқу орнын бітірген, білімі жағынан басқа ағайындардан оқ бойы озық тұратын азамат еді. Әкеміз бұл ағамызды оқыған, білімді,көзі ашық жан деп, анау-мынау жайларды ақылдасып отыратын. Кейде ағайын арасында бір тығырыққа тірелетіндей жағдай болса Құдайберген ағаны шақырып алып,ақылдасатын.
Әкеміз діни сауатты,зерек еді.Көз жанары болмағаны болмаса көп нәрсеге ойы жетіп, ақылдасқан жандарға келелі ой салатын.Рулас ағайындарға беделді, «Мақсым ата» аталған жан еді.Қожаназар мешітінде азаншы, молда,құранды жатқа оқитын-қари кісі.
Құдайберген аға мен Күләш жеңгемізді жастарына қарамай құрметтеп,үнемі бірдеңе болса Құдайберген ағаңды шақырып кел, сол ағаңа айтып кел, сол ағаң біледі, «осы кісілерден үлгі алыңдар. Қазіргі заманның адамдары ғой, ақылын тыңдаңдар», – деп отыратын.
Сонда ойлайтынмын, «осы кісіден басқа бізде туысқан жоқ-ау» деп. Ол ағамыз әкеміздің айтқанын екі етпейтін.Хабар есіткен бойда келіп, тапсырмасын алып, орындап отыратын.
Күләш жеңгеміз орыс табиғилау,мед училище бітірген,орысша сауатты, теміржол ауруханасында медсестра болып қызмет жасайтын, Сондықтан болар ағайындар «біздің орыс» келін деп өздеріне жақын тартып жүретін. Әкеміз бір жері ауырса, жедел жәрдемнен бұрын «Күләш жеңгеңе хабарласыңдар» дейтін.
Жеңгеміз де «мақсым аталап» бар зейілімен қарап,ем-домын жасап,жақсы сөзімен көңілін аулап, екпесін егіп,тыныштандырып кететін.Соңынан әкеміз «осы орыс келін» бір мың болғыр бала, нағыз дәрігер,-деп батасын беріп отыратын.
Қиналған кезде қол ұшын беріп,жанашырлық жасаған ағайым Ауданға белгілі «Қазақ ССР-нің білім беру саласының үздігі» Талай шәкірт тәрбиелеп,түлектері еліміздің аймақтарында сан-салалы мамандықты меңгеріп, абыроймен қызмет жасап жатқан ұстаз – Бердібеков Құдайберген болатын.
Ірі денелі, келбетті,көп сөзге жоқ, жүзінен мейрімі төгіліп тұратын. Көп жылдар бойы №420-шы (қазіргі №70-ші) мектепте математика пәнінен сабақ берді. 1967 жылы Аудандық оқу бөлімінің ұйғаруымен Ауданда ашылған № 5-ші санаториялық мектеп –интернатқа оқу ісінің меңгерушісі болып келген болатын.
Сонымен жақсыдан шарапат дегендей ,Құдайберген ағаның себебімен мектеп-интернат тәрбиеленушілеріне әуелі түнгі күтуші болып орналасып, менен бұрын қызмет жасап жүрген Тұрсынкүл апамен бірге талай түндерді бірге өткіздік. Білгенін үйретіп, апалық ақылын айтатын.
Ағайым үнемі мені қамқор болып жүрді. Отбасылы болсам да, «айналайын, қазір мүмкіндігің бар ғой, әкеңнің арманы сені мұғалімдікке оқыту еді ғой, әлі де кеш емес, талаптан» деп отыратын.
– Аға-ау, отбасы бар, балалар бар дегендей, – деп күмілжісем:
– Жолдасың жөн білетін, түсінігі бар азамат қой. Қолдамаса, қарсы болмас. Байқап жүрмін, тәрбиеші кезіңде бастауыштың балаларымен жақсы тіл табысып жүрсің, педучилишеге түссең де диплом алып алсайшы. Оқуға ынтаң болса болды. Тәжірибең бар мұғалім болып кетесің, бастауышқа мұғалім болып, әкеңнің ойын орындайсың әлі, – деп сенім артып, мұғалімдік жолға түсіріп жіберген, қамқор жанның қамқорлығы ұмытылмастай есімде.
№5-ші санаториалық мектеп-интернатты түнгі күтушіліктен бастаған мен, тәрбиеші, Қаскелеңдегі педучилищені ойдағыдай аяқтап, «Бастауыш мектеп мұғалімі» дипломын, қосымша «Қазақ тілі мен әдебиетін» оқытуға құқылы деген куәлікте алдым.
Мектебіміз Күләш Мергенбаева басшылық жасаған кезде мектеп-гимназия болды. Бастауыш сынып мұғалімі бола жүріп, еңбек жолымды бастаған, кейін «Қазалының Алтынсарині» аталған ұстаз Бердікен Мергенбаевтың аты берілген, «қарашаңырағымдай» болған мектеп-гимназиядан қырық жылдық еңбек өтілімен, абыроймен зейнетке шықтым.
Қамқор ағаның ақылымен алған білімімнің арқасында мұғалімдік еңбегімнің жиырма жыл жемісін таттым, бірнеше мәрте марапатқа, алғысқа ие болдым.
Мектеп-гимназия директоры Күләш Мергенбаева Қызылорда қаласының 70 жылдық мерекесіне орай «Қызылорда облысының дамуына үлесін қосқаны үшін» медалін төсіме таққызып, құрметтеп зейнетке шығарып салды.
Мені осы жолға салған Құдайберген аға зейнетінің рахатына тояттай алмай, зейнетке шыққанан кейін көп ұзамай о дүниелік болды. Жеңгеміз Күләш қазір сексен сегізде. Немерелерінің сүйікті әжесі. Әлі де атымды атамай «мұғалім қыз», – деп сәлемін жазбайды.
Ағамыздың қоныс тепкен жері сол кездегі үкіметтің үйі аталған көп пәтерлі екі қабатты үйлер болатын.Тұрғындардың көпшілігі орыстар еді. Соның салдары шығар балаларының бәрі орыс мектебінде оқыды. Жақсы оқыды. Бәрі де жоғары білім алды. Өздеріне лайық қызметтер атқаруда.
Зина балалар дәрігері, Зейнулла Алматы қаласындағы Ауылшаруашыығы институтын тәмамдап, аудандық ауылшаруашылығы бөлімінде қызмет жасап жүріп қайтыс болды. Дина мен Римма КазГУ-дің математика факултетін бітірді. Қазір Тараз қаласында тұрады. Ғалымжан жоғарғы оқу орнын инженер-гидротехник мамандығы бойынша бітіргенімен әскери қызметті таңдады. Қазалы аудандық әскери комиссариатта басшы қызметін атқарды. Қазір отставкада. Зайыбы Гүлдей мен екеуі жарасқан жұп, кейуана анасын аялап, қарашаңыраққа ие болып отыр.
Өткенге ой жіберсем, біреуден кейін, біреуден ілгері өмір өткелінде өзіме жақсылық жасаған жандарға айтар алғысым көп екен. Біреуіне айтып үлгердім, біреуіне айтып үлгермедім. Ал Құдайберген ағайымның өзіне айтып та, қызмет жасап та үлгермеген сияқтымын.
Бірақ қай кезде де есімде. Әкемнің көзін көрген, сыйлап өткен, маған қамқорлық қолын созған Құдайберген ағайымның мен үшін орны ерекше бөлек. Мені білім алуға итермелеп, ұстаздық жолға бейімдеген ағайымды қалай ұмытармын.
Айшагүл ЖҰМАҒҰЛ
17 қаңтар 2026 ж. 30 0

Әр түйірінде шипа бар

17 қаңтар 2026 ж. 28

Тағылымға толы жүздесу

17 қаңтар 2026 ж. 31

Тәртіп – тәрбие бастауы

17 қаңтар 2026 ж. 26

Бюджет түсімі артты

17 қаңтар 2026 ж. 33

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031