Билік пен халық түйіскен тұғыр
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылы Ұлттық құрылтай Қызылордада өтетіні туралы Бурабайда өткен IV құрылтайда айтқан болатын. Саусақ бірікпей, ине ілікпейді. Даланың ежелгі кеңесі – бүгінгі елдік диалог. Бірлік пен жаңашылдық, ынтымақ пен ұйымшылдық, ақыл мен парасаттың тоғысқан орнының саяси салмағы қандай? Ел күткен бесінші құрылтай нендей мәселелерді мінберде көтермек? Халықтың тағдыры таразыланып, ұлттың болашағы айқындалатын ұлы кеңестің Алаштың астанасында өтуінің сыры неде?
Кезекті жиын емес, келелі кеңес
Ежелден-ақ бабаларымыз құрылтай арқылы ел ішіндегі даулы мәселені шешіп, маңызды бағыт-бағдарды айқындаған. Құрылтай – бірлікке бастайтын жол, ынтымақты бекемдейтін рухани құндылық. Онда қабылданған шешімдер уақыт сынынан өтіп, ұрпақтан-ұрпаққа аманат болып жеткен.
Құрылтай аталатын түркі халықтарының тарихи дәстүріндегі маңызды жиынға жұртшылық елдік мүддені шешу үшін басқосқан. Сөздің төркініне бойлаласақ «құрылу», «жиналу», «түгелдену» деген ұғымды ұғындырады.
Ертеде құрылтай – түркі-моңғол ақсүйектерінің ресми кеңесі, қазақ хандығында аса маңызды шақырылатын жиналыс. Түркілер, кейін Шыңғыс хан империясында да хан сайлау, жауланған жерлерге иелік ету және әскери жорық бағытын белгілеу мен оған әскербасы тағайындау мәселелері, заң-жосын – жарғылар шығарған мемлекеттік биліктің заңды көзі болған.
Ұлыстарда да жыл сайын Шыңғыс хан әулеті мен әскери-көшпелі ақсүйектердің құрылтайы шақырылған. 1259 жылы Мөңке ханның өлімінен кейін жалпы моңғолдық, яғни құрылтай шақыру тоқтаған.
Қазақ хандығы кезеңіндегі құрылтайлар XV-XVIII ғасырларға тиесілі.
XV ғасырдың ортасында Дешті Қыпшақ даласында билік жүргізген Әбілқайыр ханның билігіне көптеген ру-тайпалар қарсылығы, жан-жақты соғыстар халықтың тұрмысын әлсіреткен тұста Керей мен Жәнібек сұлтандар елдің болашағын ойлап, өздеріне қарасты тайпаларды бастап, Моғолстан жеріне қоныс аударған. Моғолстан ханы Есенбұға оларға Шу мен Қозыбасы өңірінен қоныс бөледі.
Осы жерде қазақ руларының билері, батырлары мен ақсақалдары қатысқан жиылуда елдің тәуелсіздігін сақтау, дербес мемлекет құру және хан сайлау мәселелері кеңінен талқыланады. Халықтың ортақ шешімімен Керей сұлтан ақ киізге көтеріліп, хан болып сайланды. Жәнібек сұлтан хандықтың саяси және рухани тірегіне айналып, ел басқару ісіне белсене араласады.
Тарихта жоғары саяси шешім қабылдайтын институттың заңнан да, ханнан да биік тұрған сәттері кездеседі.
Қазақтың ел тағдыры сынға түскен сәттерде өткізілген құрылтайларының орны ерекше. Қарақұм құрылтайы – ұлттың тұтастығын сақтап қалуға бағытталған аса маңызды тарихи жиындардың біріне баланады.
XVIII ғасырдың басында қазақ жеріне жоңғар шапқыншылығы күшейгенде үш жүздің бытыраңқы күйде әрекет етуі қорғанысты әлсіретіп, қауіп-қатерді арттырады. Осындай ауыр жағдайда бүкіл қазақ жұртының басын қосып, ортақ шешім қабылдау қажеттігі туады.
1710 жылы Қарақұм өңірінде елді сыртқы жаудан қорғаудың қамы талқыланып, жауды жеңу жүйесі күн тәртібіне қойылады. Құрылтай халықтың бірлігі ең басты күш екені айтылып, халық ортақ мәмілеге келуімен құнды. Сондай-ақ бастама кейінгі Бұланты мен Аңырақай шайқастарындағы жеңістерге жол ашқан маңызды алғышарт болады.
Қазақ елінің тағдырын шешкен ұлы кеңестің берегейі – Ордабасы құрылтайы халықтың елдік санасының, ерік-жігерінің біріге алатын асқақ рухының жарқын көрінісі ретінде орны бар.
Тәуке хан дәуірі тұсында «Жеті жарғы» бекітілген билер құрылтайы өткені туралы соңғы кезде деректер айтылып жүр. XVII ғасырдың соңы – XVIII ғасырдың басы қазақ елі үшін алауыздықтың кең сипат алып, іштей әлсіреген кезеңі. Осындай жағдайда елді тығырықтан алып шығу мақсатында Тәуке хан ел бірлігін нығайтып, қоғамдағы құқықтық тәртіпті күшейту мақсатында дәстүрлі әдет-ғұрып заңдарын жүйелеуге кірісті.
Жеті жарғының қабылдануын құрылтай деп нақты айтуға мәліметтер аздық етеді. Алайда тарихи деректерге сүйенсек, заңдарды талқылау барысында хандар, билер, сұлтандар мен ақсақалдар қатысқан үлкен кеңестер ұйымдастырылған. Мұндай жиындар мазмұны мен маңызы жағынан құрылтайға ұқсайды.
1917 жылғы Жалпықазақ съездері – бүгінгі Ұлттық құрылтайлар рөлін атқарды.
Ресейдегі ақпан төңкерісінен кейін халық өз құқықтарын қорғауға және ұлттық мүддені талқылауға мүмкіндік алып, қазақ зиялылары мен рубасылары біріккен кеңес – съездер арқылы елдің болашағын жоспарлады.
Бірінші съезд 1917 жылдың наурыз– сәуір айында Орынборда өткен. Съездге қатысқандар халықты саяси тұрғыдан біріктіру, автономия мәселесін талқылау және жер мәселесін шешу жолдарын қарастырған. Аталмыш жиында қазақ автономиясының идеясы алғаш рет ашық айтылып, ұлттық ұйымдар құру мәселесі шешілді.
1917 жылдың қарашасында Алматыда өткен екінші съез қазақ халқының уақытша үкіметке өкілдік қалыптастыру, жер мәселесін шешу және ұлттық мүддені қорғау міндеттерін шешуге бағытталды. Ұлттық автономия, жер мәселесі, оқу-ағарту, ұлттық әскер, болашақ мемлекеттің формасы қозғалды.
1920 жылы Түркіменстан, Өзбекстан, Тәжікстан секілді Орталық Азия елдерде мемлекеті биліктің жоғары органы құрылтай болған.
Дәстүрден бастау алған жаңашылдық
Бүгінде құрылтай ұғымы жалпыұлттық жиындарда қолданылады. Тәуелсіз Қазақстандағы құрылтай өткен мен бүгінді, дәстүр мен жаңашылдықты жалғаған дәнекер. Олар кеңес бар жерде кемел келешек барын ұғындырған.
Елімізде егемендік еншіге тигеннен бері бірнеше маңызды құрылтай өтті.
Қазақстан Тәуелсіздік алғаннан кейін жаңа мемлекеттегі саяси және құқықтық жүйені қалыптастыру үшін 1992 жылы алғашқы құрылтай өткізілді. Ол Дүниежүзі қазақтарының І құрылтайы аталады.
Елдің саяси, құқықтық және экономикалық жүйесін қалыптастыруға бағытталған құрылтайда Конституция жобасын талқылау, Президент пен Парламенттің өкілеттіктерін бекіту, сондай-ақ жергілікті басқару мен билік органдарының құрылымын нақтылау мәселелері қаралды. Сонымен қатар елдің саяси тұрақтылығын сақтау, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, ұлттық бірлік пен қоғамдық келісімді қамтамасыз ету мәселелері көтерілді.
Экономикалық салада құрылтай нарықтық қатынастарға өту, мемлекеттік меншікті жеке меншіктендіру, салық және валюта саясатын ұйымдастыру сияқты мәселелерді талқылады. Сондай-ақ, жиында Қазақстанның халықаралық аренадағы егемендігін бекіту, дипломатиялық қатынастар орнату және ұлттық мәдениет пен тілдің дамуын қамтамасыз ету мәселелері де қаралды. Елдің тәуелсіздік жолында саяси, құқықтық және экономикалық негізін қалыптастырған тарихи кеңес болып, халық бірлігін нығайтып, мемлекеттің дамуына жол ашты.
Халық бірлігін нығайтып, тәуелсіз мемлекеттің қалыптасуына жол ашқан тағдырлы кеңесте түрлі жағдайда тарыдай шетелдегі қазақтар тарихи отанымен қауышты, Тәуелсіздіктің алғашқы көші қандастарға ел құшағын айқара ашты.
Қазақстанда құрылтайдың Ұлттық сипатқа ие болуы 2022 жылдан басталды.
2022 жылы Ұлытауда өткен алғашқы Ұлттық құрылтай – Қазақстанның бірлігін нығайтуға және мемлекеттілікті бекітуге арналды.
Қазақ халқы үшін тарихи маңызы зор мекенде қазақ дәстүрінде билер мен сұлтандар жиынын өткізген. Ұлттық дәстүрлерді дәріптеп, тарихи тәжірибені заманауи мемлекеттің құрылымымен үйлестірілді. Мұнда қоғамның әртүрлі проблемалары ортақ шешімге келтіріліп, саяси тұрақтылық пен қоғамдық келісімге үлгі болды.
2023 жылы Түркістан қаласындағы «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» тақырыбы аясында өткен Ұлттық құрылтай барысында бірлікті нығайту, азаматтық жауапкершілік, білім беру жүйесін дамыту, сондай-ақ ұлттық мәдени және тарихи құндылықтарды сақтау мәселелері маңыздылығы айқындалды. Сонымен қатар, ономастика саласын реттеу – тарихи тұлғалар мен атауларды дұрыс қолдану және ұлттық тарихты дәріптеу мәселелері де қаралды.
Келесі құрылтай 2024 жылы «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» ұстанымы аясында Атырау қаласында болды.
Елдегі қоғамдық даму, ұлттық құндылықтар және әлеуметтік әділеттілік мәселелерін кеңінен талқылауда Қазақстан қоғамы үшін маңызды жалпыұлттық құндылықтар жүйесі айқындалды. Сондай-ақ тәуелсіздік пен отаншылдық, бірлік пен ынтымақ, әділет пен жауапкершілік, заң мен тәртіп, еңбекқорлық пен кәсіби білік сияқты қағидалары, адал еңбекке негізделген экономикалық даму мәселесі көтерілді. Еңбектің қадірін арттыру, қоғамда масылдыққа жол бермеу, жастарды адал табыс табуға тәрбиелеу қажеттігі атап өтілді. Еңбек адамын қолдау және кәсіби мамандарды ынталандыру жайы айтылды.
Құрылтайдың тағы бір маңызды бағыты – қоғамдық тәртіп пен заң үстемдігін күшейту. Әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес, әлеуметтік жауапкершілікті арттыруға бағытталған заңнамалық бастамалар қолдау тапты.
Көкше жерінде 2025 жылы өткен Ұлттық құрылтайда қоғамдағы өзекті тақырыптар кеңінен қаузалды. Құрылтай мүшелері қоғамдық даму, әлеуметтік және экономикалық салалар бойынша ұсыныстар мен мәселелерді ортаға салды. Негізгі тақырыптардың қатарында елдің инфрақұрылымдық дамуы, инвестициялық жобаларды іске қосу, цифрландыру және экономиканы ілгерілету, сондай-ақ табиғатты қорғау мен биологиялық алуантүрлілікті сақтау мәселелері болды. Қазақстанның инфрақұрылымын жақсарту, транзиттік әлеуетті көтеру және инвестициялық жобаларды жыл сайын іске қосу туралы маңызды бастамалар ұсынды, бұл елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін береді.
Бурабайдағы белді жиын Қазақстанның қоғам мен билік арасындағы диалогты күшейтуге, стратегиялық бағыттарды айқындауға және елдің тұрақты дамуын қамтамасыз етуге бағытталған маңызды мемлекеттік форум ретінде есте қалды
Бесінші съезд...бесінші құрылтай
Ұлттық құрылтайдың 2026 жылы Сыр өңірінде өтуі кездейсоқтық емес, саналы, серпінді қадам көрінісі. Бұл туралы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «Соңғы жылдары біз ұлттық бірегейлігіміздің маңызды факторы – тарих ғылымының дамуына ерекше көңіл бөліп жатырмыз. Бүгінгі Құрылтай тағы бір тарихи белеске тұспа-тұс келді. Биыл ел астанасын Қызылордаға көшіру туралы тарихи шешімнің қабылданғанына жүз жыл толып отыр. Осы ретте Құрылтайдың келесі отырысын Сыр бойында, кезінде Қазақ елінің астанасы болған Қызылорда қаласында өткізуді ұсынамын», – деген болатын.
«Бұл бастама барша Сыр жұртшылығына артылған сенім және абыройлы міндет екенін түсінуіміз қажет. Құрылтайдың кезекті отырысын Алаштың анасы атанған қасиетті Сыр өңірінде өткізудің тарихи тұрғыдан маңызы зор. Дайындыққа осы бастан кірісіп, құрылтайды жоғары деңгейде ұйымдастыруымыз керек», – деген облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев келесі құрылтайдың дайындық жұмыстарына ұйымдастыруға терең мән берді.
Өндіріс пен өрісі өлшемі жоғары, күн санап жасап, жаңарып келе жатқан жасампаз мекен тұрғындары Президенттің Сыр өңіріне қолдауы мен қамқорлығын сезініп, жоғары деңгейдегі шараға қызу дайындалды.
«Сыр топырағы шежірелі шаһарлар мен бай тарихқа тұнған мекен. Сәйкестікті қараңыз, 1925 жылғы Қазақ АКСР Кеңестерінің бесінші съезі өткен мекенде араға ғасыр салып, бесінші Ұлттық құралтай ұйымдастырылуда.
1925 жылдың сәуірінде Ақмешіт қаласында болған Қазақ АКСР Кеңестерінің бесінші съезі бүгінгі құрылтай сынды еді. Бұл съезд қазақ тарихында маңызды оқиғалардың бірі. Өйткені ол республика саяси өміріндегі шешуші жайттарды қарастырды.
Съезге республика бойынша сайланған делегаттар жиналып, кеңестердің жұмысын талқылады, ауыл шаруашылығын, өндірісті, кооперацияны дамыту және кеңестік құрылыс салаларын жетілдіру мәселелерін қарастырды. Ұлт жанашыры Сәкен Сейфуллин бастаған зиялы қауым ресми құжаттарда «қырғыз» деп аталып келген атаудың ұлттық тұрғыдан қате екенін ашық айтты. Мақалалар жазып, мінберлерде сөйлеп, «қазақ» атауын ресми түрде қайтаруды табанды түрде талап еткен болатын. Бұл мәселе Кеңестер съезінде ұжымдық түрде қабылданды. Нәтижесінде «қазақ» атауын ресми түрде қалпына келтіру туралы шешім қабылдады, ал республика атауы Қазақ АКСР деп бекітілді. Сонымен бірге Ақмешіт қаласының атауы Қызылорда деп өзгертілді.
Бұл шешімдер қазақ қоғамының ұлттық санасын жаңғыртуға, тарихи атауларды қалпына келтіруге және республика саяси өмірін реттеуге маңызды рөл атқарды. Осылайша 1925 жылғы бесінші съезд қазақ ұлтының тарихында ұлттық бірлікті нығайтқан және мемлекеттік даму жолындағы маңызды кезең болып қалды.
«Қазақ» атауын қазақпен қауыштырған ұлтқа ұйытқы болған қалада өтетін келелі кеңес ел дамуы жолында жаңа мүмкіндіктерге жол ашады деген сенімдеміз», – дейді тарихшы, өлкетанушы Гүларша Хұсайынова.
«Ұлттық құрылтай ұлт мүддесіне негізделген басқосу», – дейді Қазалы аудандық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері Жанат Тілеуқабыл. «Құрылтай – қазақ халқының тарихи дәстүрлерімен байланысты, ежелгі замандардан бері елдің ортақ мәселесін талқылайтын кеңес.
Заманында бабаларымыз елге, туған жерге, Отанға қатысты мәселелерді құрылтайда бас құрпа, шешіп отырған. Сол тарихи дәстүр жаңғыруда.
Биылғы жылғы құрылтайдың Сыр елінің төрінде өткізілетіні біз үшін үлкен қуаныш.
Қоғамның өзекті мәселелерін анықтап, талқылап, оларды жүйелі шешу жолын қарастыратын құрылтай – халықтың пікірін билікке жеткізетін маңызды институт. Бұған дейінгі тәжірибе өз тиімділігі мен халықтың қатысуын арттырды. Мұның өзі Ұлттық құрылтайдың мәні мен маңызының қаншалықты жоғары екенін айғақтайды.
Қазақта «Келісіп пішкен тон, келте болмас» деген әдемі сөз бар. Елдік мәселелерді көтеретін платформа жұртшылықтың ой-пікірін ескере отырып, елдің дамуына бағытталған нақты шешімдер қабылданатын, ұлтқа ұстын, халыққа бағдар беретін маңызды шараға айналды.
Халықтың әл-ауқатын жақсартып, рухани құндылықтарын байытуға және осы арқылы мемлекеттің өркендеуіне бағытталған маңызды бастама ретінде ұсынылған жиын сән-салтанат үшін емес, елдің өзекті мәселелерін шешуге арналғанын бағытын айқындады. Демек, алқалы жиын әлеумет үшін маңызды, қоғам үшін қажетті», – дейді Жанат Жайлаубайқызы.
Құрылтайдан күтеріміз не?
Ұлттық құрылтай Қазақстандағы қоғамдық-саяси диалогтың тұрақты алаңы екендігін айқындады. Қызылордадағы келелі кеңес, бәтуалы басқосуда да мемлекет және қоғам арасындағы байланыс күшейтіліп, еліміздің әлеуметтік дамуы мен мәдени өміріндегі басты бағыттар талқыланбақ. Ел дамуының маңызды бағыттары мен қоғамдық-саяси мәселелер түйіні тарқатылады.
«Негізгі көтерілетін мәселелер қатарында тарих пен ұлттық бірегейлік айтылады.
Қызылордадағы құрылтай ұлттық сана мен тарихи тәуелділікті нығайтуға арналады.
Әлеуметтік-экономикалық даму бағытын қарайтын болсақ, аймақтар арасындағы даму теңсіздігін жою, жаңа экономикалық өсім нүктелерін құру, инфрақұрылымды жақсарту, еңбек нарығын дамыту сияқты әлеуметтік-экономикалық сұрақтар қарастырылмақ. Бұған дейінгі құрылтайда аталмыш бағыттар маңызды болып келгені белгілі.
Биылғы жыл елімізде «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» болып белгінді. Негізі мәселелер қатарында, елдің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған, сандық экономиканы дамыту, жасанды интеллект пен технологияларды кеңейту, цифрлық инфрақұрылым мен платформаларды жетілдіру көтерілетін тақырыптар болады.
Мәдениет және ұлттық сана, әлеуметтік саясат пен этика, Конституциялық және басқару реформалары көтеріледі деп күтілуде», – дейді саясаттанушы Ерлан Нұрғалин.
«Ұлттық құрылтайдың саяси салмағы неде?» деген сұраққа Президент жанындағы басты идеологиялық және қоғамдық кеңес бөліскен мәліметтер мен бұған дейін өткен құрылтайлар төмендегідей тұжырымды түйіндетті.
Президенттің төрағалығымен өтетін Ұлттық құрылтайда айтылған бастамалар мен сын-пікірлер мемлекеттік саясатқа тікелей әсер етеді. Себебі бұған дейін құрылтайда көтерілген мәселелер кейін заң жобаларына, Президент Жолдауына, Үкімет тапсырмаларына айналған.
Күн тәртібін қалыптастыратын саяси алаң формалды емес, бірақ ықпалды орган қоғамның сұранысы жинақтайды. Саяси реформаларды талқылауға мүмкіндік береді. Онда басқару жүйесі, ұлттық идеология, тіл, дін, тарихи саясат, қоғамдық мораль міндетті түрде мінберде сөз болады.
Өз кезегінде билік шешімдерінің қабылдануын жеңілдетеді.
Биылғы құрылтайдың тарихи символы бар өңірде өтуі арқылы ұлттық саясатқа идеологиялық реңк берілмек. Аймақтық мәселелер ұлттық деңгейге шығарылуға үлкен мүмкіндік. Сыр өңіріне тән проблемалар: су тапшылығы, Арал аймағындағы экология мәселесіне көңіл аудартады.
Бұл қоғамдық келісімді күшейту және ұлттық бірлікті нығайту, өзекті мәселелерді ашық талқылауда жауапкершілігі жоғары саяси салмақты оқидан елдің күтері көп.
Дайындаған Алтын ҚОСБАРМАҚОВА











