Бюджет түсімі артты

Мемлекет басшысының «Қазақстан жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басты» атты бағдарламалық мақаласында салық төлеу тек міндет емес, отаншылдықтың озық үлгісіне айналуы керектігі атап өтілген. Салық – қоғамдық инфрақұрылымды жақсартудың, әлеуметтік теңдікті қамтамасыз етудің, экономикалық даму мен тұрақтылықтың басты кепілі.
Осы орайда Қазалы ауданындағы салық саясатының жүзеге асуы, жаңа Салық кодексінің мазмұны мен бюджет түсімдерінің артуы туралы Қазалы ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Абай Қайырбаевпен әңгімелескен едік.
– Абай Арғынұлы, өзімізді хаплық қажеттілігін өтеуде жұмыс істейтін немесе қызмет көрсететін кәсіпкерлік субъектілерінен бастасақ... Қазалы ауданында олардың үлесі қанша?
– Қазалы ауданы бойынша 5439 кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Дара кәсіпкерлер саны - 4999. 440-ын заңды тұлғалар құрайды. Олардың қатарында 1 акционерлік қоғам, 281 – жауапкершілігі шектеулі серіктестік, 36 – өндірістік кооператив, 32 – қоғамдық бірлестік, 3 – мүліктік меншік иелерінің бірлестігі, 2 – толық серіктестік, 12 – қоғамдық қор, 9 – ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі және өңірлік филиалдар бар.
– Қазір қаржы табу мақсатында уақытша кәсіп ашу елімізде белең алған. Олардың түсімі қалай есептеледі?
– 2025 жыл басына ауданда 5439 кәсіпкерлік субъектісінің 646 салық төлеуші әрекетсіз болып танылды. Жыл қорытындысымен 35 әрекетсіз салық төлеуші қалды. Кәсіпкерлік ашып, қызметін жүргізбей немесе кәсіпкерлікпен айналыса тұра, салық есептілігін тапсырмаған салық төлеушілермен қарқынды жұмыстар жүргізілді. Нәтижесінде 600-ге жуық салық төлеушіге барлық бағыт бойынша талдау жұмыстары жүргізіліп, салық есептіліктері тапсырылды. 2025 жылы 14 салық төлеуші мәжбүрлі түрде әрекетсіз деп танылды.
– Ұлттық салық саясатының ауданда атақарылу ауқымы қандай?
– 2025 жыл Қазалы ауданы үшін нәтижелі болды. Жыл басында жергілікті бюджет жоспары 3 миллиард 125,7 миллион теңге болып бекітілсе, нақтылаудан кейін 4 миллиард 66,4 миллион теңгеге жетті. Бюджет түсімі 4 миллиард 494 миллион теңгені құрап, жоспар 110,5 пайызға орындалды. Бұл – аудан тарихындағы ең жоғары көрсеткіш.
Өткен жылмен салыстырғанда түсім 987,9 млн теңгеге артып отыр. Оның басым бөлігі жеке табыс, әлеуметтік және корпоративтік табыс салықтарының үлесіне тиесілі.
Сонымен қатар ауданымызда мүлікті түгендеу жұмыстары да жоғары деңгейде жүргізілді, көптеген бағаланбаған нысандар нарықтық құнына сәйкес қайта бағаланып бюджет түсіміне оң әсерін тигізді.
– Өндірілген қосымша резервтер барын айттыңыз. Осы жөнінде тарқатсаңыз...
– Қызылорда облысының Мемлекеттік Кірістер Департаменті қосымша кіріс көздерін анықтап бюджетке өндіру бойынша тапсырма берген болатын. Салық төлеушілердің салық есептіліктеріне барлық бағыт бойынша талдау жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде 1 миллиард 29,5 миллион теңге қосымша кіріс көзі анықталып, бүгінгі күні жергілікті бюджетке толық өндірілді.
2025 жылдың 1 қаңтарында салық базасын ұлғайту бойынша аудан әкімінің өкіміне сәйкес 4 жұмысшы топ құрылды. Оның ішінде «Туған елге тағзым» жобасы аясында сырт өңірден салық төлеушіні ауданымызға тіркеу, еңбекақы қоры бойынша, жалдамалы жұмысшыларды анықтап жұмысшы есебінде тіркету, жарнама объектісін түгендеу, кәсіпкерлік мақсаттағы нысандарды түгендеу, жеке тұлғалардың көлік салығы берешектерін өндіру және басқа да қосымша жұмыстар жүзеге асты. Бұл бағыттар бойынша 275,6 миллион теңге түсім түсуі жоспарланған. Жыл соңына дейін бюджетке 278,3 миллион теңге түсім түсіп, орындалуы 101 пайызды құрады.
– Жеке тұлғалардың салық берешегімен күрес қалай жүргізіледі?
–Аудан көлемінде жеке тұлғалардың меншігіне 12 840 көлік құралдары тіркелген. Олардан түсетін салық 202,6 миллион теңге болса, 12 айдың қорытындысымен 12 704 жеке тұлғадан 198,6 миллион теңге бюджетке өндірілді. Әлі де 5 584,8 мың теңге қордаланған берешек бар. Оларды өндіру бойынша Қазалы аудандық прокуратурасының ұсынысымен Қазалы ауданының полиция бөлімі және Жеке сот орындаушылармен меморандумға отырып, күнделікті рейдтік іс-шаралар қолға алынған. Қатарында көлеңкелі экономиканың алдын алу мақсатында жүргізілген рейдтік іс-шаралар жүзеге асуда.
Көлік салығы бойынша да тұрақты шаралар өз нәтижесін беруде. Заңсыз кәсіпкерлік пен лицензиясыз саудаға тосқауыл қою бағытындағы жұмыстар да жүйелі.
Аудан көлемінде заңсыз кәсіпкерлікті жүзеге асырған және лицензиясыз, ілеспе жүк құжатсыз арақ шарап және темекі өнімін сатумен айналысқан тұлғаларды анықтау бойынша 2025 жылы тұрақты түрде рейдтік іс шаралар жүргізіліп, нәтижесінде 6 тұлғадан 5647 қорап темекі, 10 тұлғадан 1046 дана 524,34 литр алкоголь өнімі тәркіленіп, такси қызметі бойынша 57 тұлғаға әкімшілік іс қозғалды.
– Өзіңізге белгілі, биылғы жылы елімізде заманауи игіліктерге иек артуға басымдылық берілуде. Басқармадағы цифрландыру ісі, сандық бақылау жүйесі, электронды қызмет түрлері туралы тоқталсаңыз...
– Мемлекеттік кірістер саласында жалпы 42 көрсетілетін мемлекеттік қызмет түрі бар. Оның ішінде басқарма 12 мемлекеттік қызмет түрін көрсетеді. 2025 жылы 65 836 мемлекеттік қызмет көрсетілді. Атап айтқанда, 19 салық төлеуші қосылған құн салығын есебіне тіркелсе, 6 салық төлеуші қосылған құн салығы есебінен шығарылды, 51 салық төлеуші Салықтық есептілікті ұсынуын тоқтата тұру (ұзарту, қайта бастау) бойынша өтініш берген, оның ішінде 31 салық төлеушінің өтініші қабылданып, 20 салық төлеушінің өтініші кері қайтарылған, 27 793 салық есептілік тапсырылған оның ішінде 23 666 дара кәсіпкер салық есептілігін тапсырса, 4127 заңды тұлға салық есептілігін тапсырды, тапсырылған 1 275 салық есептілік қайтарылған, оның ішінде 1 212 дара кәсіпкер және 63 заңды тұлға салық есептілігін кері қайтарған, 2025 жыл үшін 870 бюджетке төленетін төлемдерді, өсімпұл мен айыппұлдарды есепке жатқызу және қайтару жүргізілген, оның ішінде 567 жеке тұлғаға, 303 заңды тұлғаға қызмет көрсетілген, 987 бақылау-касса машиналары тіркеліп, 230 бақылау-касса машиналары есептен шығарылған. Барлық қызмет түрі электрондық түрде жүзеге асқан. Мемлекеттік қызмет көрсетудің мерзімінің бұзылу фактілері орын алмаған. Салық есептілігін тапсыру көрсеткіші 92 пайызды құрады.
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Қаржы министрінің 2023 жылғы 28 ақпандағы №218 бұйрығына сәйкес «Соттан тыс банкроттық рәсімін қолдану» мемлекеттік көрсетілетін қызметін пайдалануға қаржы ұйымдары алдындағы қордаланған берешегін жоюға 2025 жылы 718 тұлға өтініш берген. 554 тұлғаның өтініші заңдылыққа сәйкес келмеуіне байланысты қабылданбаған және 13 тұлға өз еркімен өтінішін кері қайтарған, қалған 151 тұлғаның өтініші қарастырылуда, мерзіміне сәйкес заң шеңберінде шешім қабылданады.
Барлық салықтық қызметтер электронды форматқа көшуде. Ауданымызда электронды шот-фактуралар, онлайн бақылау-кассалық машиналар, мобильді қосымшалар кеңінен қолданылады. Қазірдің өзінде өңірімізде «E-Salyk Azamat» мобильді қосымшасын пайдаланушы азаматтар саны артуда. Дара кәсіпкерлер «Е-Salyk Вusiness» мобильді қосымшасына кіріп, керекті қызметтерін алуда. Онлайн бақылау-кассалық машиналары қолма қол төлемдерді есептеуде және электрондық чектерді қалыптастыруды қамтамасыз етуде. Салық төлеуші салық органына келмей-ақ, қызметттерді қашықтан ала алады.
–Жуырда Жаңа Салық кодексі қабылданды. Бұл реформаның басты логикасы қандай?
– Қазақстан Республикасының жаңа Салық кодексі 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізілді. Құжаттың негізгі мақсаты – салық салу жүйесін түбегейлі жаңарту, әкімшілендіруді жеңілдету және салық төлеушілер үшін барынша түсінікті әрі әділ орта қалыптастыру болып табылады.
Жаңа кодекс бюджеттік түсімдерді арттырумен қатар кәсіпкерлікке қолайлы жағдай жасауға, есептілікті оңайлатуға бағытталған. Салықтық әкімшілендірудің жеңілдеуі бизнес пен қарапайым азаматтар үшін ашықтықты қамтамасыз етеді. Әсіресе кәсіпкерлікке қолайлы жағдай жасау, салықтық есептілікті жеңілдету секілді маңызды бетбұрыспен көптің көңілінен табылуда. Елеулі өзгерістердің бірі – корпоративтік және жеке табыс салықтарынан бастап инвестицияларды ынталандыру және салық жүктемесін қайта бөлу секілді барлық негізгі бағытты қамтыған.
– Оңтайландыру бағытында қандай нақты өзгерістер бар?
– Арнаулы салық режимдері оңтайландырылып, жеті санаттан үш санатқа қысқартылды: өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, оңайлатылған декларация негізіндегі режим және шаруа қожалықтары.
Жеке табыс салығына прогрессивті мөлшерлеме енгізілді. Жылдық табысы 8500 айлық есептік көрсеткіштен бұл 2026 жылғы есеп бойынша 36,7 миллион теңгеден асқан жағдайда асқан сомаға азаматтарға 15 пайыз салық салынады. Дивиденд пен табысы 230 мың айлық есептік көрсеткіштен 2026 жылғы есеп бойынша 994,7 миллион теңгеден асқан жағдайда асқан сомаға кәсіпкерлерге де осы мөлшерлеме қолданылады. Ал фермерлер үшін 70 процент жеңілдікті ескере отырып, 4,5 процент болып белгіленді.
Жеке тұлғалар үшін қымбат өнімдерге, атап айтқанда құны 75 миллион теңгеден асатын автокөліктер, құны 100 миллион теңгеден асатын кемелер, әр литрінің құны 500 мың теңгеден асатын алкоголь, әр данасының құны 10 мың теңгеден асатын темекі өнімдеріне 10 процент акциз түрінде салық салынады. Сонымен қатар жалпы құны 450 миллион теңгеден асатын жылжымайтын мүлік нысандарына мүлік салығы жоғарылайды.
Салықтардың саны азайды, бірыңғай жер салығы қысқартылды, жеке төлемақылар бойынша мөлшерлемелер мен алымдардың саны кемітілді.
Салықтық әкімшілендіру тәсілдері айтарлықтай өзгерді. Камералдық бақылау ескерту сипатында болады. Салықтық берешекті өндіріп алу, төлемді кейінге қалдыру және бөліп төлеу мүмкіндігін беру процедуралары жеңілдетілді. Енді салық берешегі аз болса, бизнестің есепшоттары бұғатталмайды. Қарыз сомасына қарай ескерту және басқа да шаралар кезең-кезеңімен қолданылады.
– Мобильді аударымдарды бақылау жүйесіне енгізілетін маңызды өзгерістер туралы айтып өтсеңіз...
– Осы уақытқа дейін мобильді аударымдарды бақылауға тек екі көрсеткіш негіз болатын. Қатарынан 3 ай бойы ай сайын 100-ден астам әртүрлі адамнан аударым алу. Алайда, қоғамның ұсынысы мен әділдік принципін ескере отырып, 2026 жылдан бастап үшінші міндетті талап қосылды. Бұл қаржылық шегі 3 ай ішіндегі аударымдардың жалпы сомасы 12 ең төменгі жалақыдан 2026 жылғы есеп бойынша 1 020 000 теңгеден асқан жағдайда тексеруге негіз болады.
Айта кететін жайт, 100 адамнан ақша түссе де, оның жалпы сомасы 1 020 000 теңгеден аспаса, бұл кәсіпкерлік қызмет ретінде қаралмайды. Кәсіпкерлік қызмет ретінде қаралуы үшін жеке тұлғалар жоғарыда аталған критерийлердің барлығына сәйкес келу керек. Жеке тұлғалар арасында тұрмыстық қажеттілікке байланысты жүзеге асырылатын мобильді аударымдар табыс ретінде қарастырылмайды. Атап айтар болсақ, ата-аналар мен балалар арасындағы қаржылай көмек, туыстар мен достар арасындағы қарыз қаражат, сыйлық ретінде берілген ақша, ортақ шығындарды бөлісу мақсатындағы аударымдар жүйелі кәсіпкерлік қызметке қатысы жоқ болған жағдайда салық салуға жатпайды.
– Жеке тұлғалардың көлік салығына қатысты жаңалықтар жайына ойыссақ...
– Пайдалану мерзімі 10 жылдан асқан жеңіл көліктерге 30 процент, 20 жылдан асқандарына 50 процент жеңілдік қарастырылған. Шаруа қожалықтары бір пикап көлігі үшін көлік салығынан босатылды. Көлік құралының түріне қарай олардың санаттарына жатқызу бойынша норма алынып тасталды. Енді көлік құралын басқару құқығы санатына қарай (А.В.С.D) көлік құралдарының санатын айқындау қарастылыған.
Сондай-ақ қымбат автокөлік, кемелер, элиталық алкоголь мен темекі өнімдеріне 10 процент акциз салығы енгізілді. Жалпы құны 450 миллион теңгеден асатын жылжымайтын мүлікке салынатын салық мөлшері де артты.
Корпоративтік табыс салығы 20 процент деңгейінде сақталды, бірақ сараланған мөлшерлемелер енгізілді. Банктер мен ойын бизнесі үшін – 25 процент, әлеуметтік сала ұйымдарына 2026 жылы – 5 процент, 2027 жылы – 10 процент. Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне 3 процент мөлшерлеме өзгеріссіз қалды.
2013 жылғы 31 желтоқсаннан кейін Қазақстанда өндірілген, дайындалған немесе жиналған немесе Қазақстанның аумағына әкелінген, қозғалтқыш көлемі 3000 текше сантиметрден асатын жеңіл автомобильдер үшін мөлшерлемелер алынып тасталды.
– Арнаулы режимдердің оңтайландырылғаны жөнінде айтып өттіңіз. Салық мөлшерлемелеріне қатысты қандай оң өзгерістер орын алуда?
– Бұған дейін дейін Қазақстанда жеті арнаулы салық режимі қолданыста болды. Жаңа Салық кодексіне сәйкес олардың саны үшке дейін қысқарды.
Бірінші өзін-өзі жұмыспен қамтығандар – патент пен мобильді қолданба қолданып жүрген режимдерді біріктіреді. Бұл режимді дара кәсіпкер болып табылмайтын жеке тұлға қолдануға құқылы. Жалдамалы жұмысшылары болмауы тиіс және айына табатын табысы 300 айлық есептік көрсеткіштен аспауы тиіс. Ескере кететін жайт, 2026 жылғы есеп бойынша оның мөлшері 1 297 500 теңге. Табысының 4 прцент мөлшерінде әлеуметтік төлемдер төленеді. Салық есептілігі жоқ. Есеп айырысу ай сайын «eSalyk business» мобильді қосымшасының чектері негізінде болады. Енді жеке тұлғалар заңды түрде тіркеліп, қағазбастылықсыз ең төмен мөлшерде төлей алады.
Екінші арнаулы режим оңайлатылған декларация негізінде жүзеге асады. Бұл қолданыста болған оңайлатылған режим мен бөлшек салық арнаулы салық реимін біріктіреді. Табыс мөлшерінің шегі – 600 000 айлық есептік көрсеткіш. Яғни 2 миллиард 595 миллион теңгеге дейін. Жеке табыс салығы немесе корпоративтік табыс салығы мөлшерлемесі Қазалы аудандық маслихатының шешімімен 50 процентке азайтылып, 2 процент болып бекітілді. Әлеуметтік салық төленбей, шегерімдер еңбекақы шығыны жұмыс берушінің жыл басынан тапқан табысы 24 000 айлық есептік көрсеткіштен 2026 жылғы есеп бойынша 103,8 миллион теңгеден асқанда ескеріледі.
– Ауылдағы ағайынға ақжолтай хабар ма?
– Шаруа қожалықтары үшін бірыңғай жер салығы жойылды. Енді шаруа және фермер қожалықтары салықты жалпыға бірдей тәртіппен төлейді. Жеке табыс салығы мөлшерлемесі айналымнан 0,5 процент болып бекітілді. Салық есептілігі жылына бір рет. Бірақ әрбір салық түріне жеке қолданылатын жеңілдіктер сақталады.
– Қосылған құн салығына қатысты өзгерістер қоғамды алаңдатып отыр…
– Қосылған құн салығы бойынша міндетті тіркеу шегі 20 мың айлық есептік көрсеткіштен 2026 жылғы есеп бойынша 86,5 миллион теңгеден 10 мың айлық есептік көрсеткіш, 43,2 миллион теңгеге дейін төмендетілді. Негізгі мөлшерлеме 16 процент болып бекітілді.
Дәрі-дәрмек пен медициналық қызметтерге 2026 жылдан – 5 процент, 2027 жылдан – 10 процент төмендетілген мөлшерлеме қолданылады. Ал тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі мен Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясындағы қызметтер, әлеуметтік мәні бар ауруларды емдеу, кітап шығару мен археологиялық жұмыстар қосылған құн салығынанан босатылады.
Мерзімді баспа басылымдарды өткізу бойынша 10 процент деңгейінде төмендетілген ҚҚС мөлшерлемесі белгіленді.
Арнаулы салық режимі қолданылатын тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді өткізу жөніндегі айналымдар ҚҚС бойынша айналым болып табылмайды.
– Салықтық сауаттылықты арттыруға қалай мән берілуде?
– Жыл бойы әлеуметтік желілерде, бұқаралық ақпарат құралдарында, телеарналар мен тікелей эфирлерде түсіндіру жұмыстары тұрақты жүргізілді. Семинарлар, онлайн кеңестер арқылы салық төлеушілерге жан-жақты қолдау көрсетілуде. Салық кодексіндегі өзгерістерді насихаттау мақсатында және басқа да күнделікті туындап отырған салық саласындағы сұрақтарға байланысты әлеуметтік желілер арқылы жыл көлемінде 1938 рет жарияланым жүргізілді. Оның ішінде 3 рет телеарнаға сұхбат беріліп, базар аумағындағы радио құрылғылары арқылы 45 рет хабарландырулар жолданды. Баспасөз беттерінде 64 түсіндірмелік шаралар ақпараттандырылды. 168 рет тікелей эфир мен онлайн семинар-кеңес және брифингтер өткізіліп, 1701 рет әлеуметтік желілерге ақпараттандыру мақсаттағы мақалалар жарияланды. Қазіргі уақытта түсіндіру жұмыстары белсенді жүргізілуде. Семинарлар, кездесулер, онлайн кеңестер тұрақты ұйымдастырылуда.
Жаңа талаптарға бейімделу үшін де кең қолдау көрсетіледі.
Қызылорда облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысымен бекітілген Салық кодексін салық төлеушілерге түсіндіруге қатысты кеңейтілген ақпараттық-танымдық жоспарына сәйкес жұмыстар атқарылуда. Қазіргі уақытта түсіндіру жұмыстары белсенді жүргізілуде. Семинарлар, кездесулер, онлайн кеңестер ұйымдастырылып жатыр. Сонымен қатар, кірістер органдарының ресми сайттары мен байланыс орталықтары арқылы әрбір салық төлеуші қажетті ақпаратты алуына жағдай жасалған.
– Салық төлеу арқылы қоғам дамиды, өмір сапасы артады және тұрақты орта қалыптасады. Дамыған елдер салықты міндетті төлем емес, қоғам игілігі үшін төленетін үлес, мемлекеттік қолдау қоры, ортақ қаржы, Мемлекеттік достық сыйы деген ұғымға жеткен. Сұхбат соңында салық төлеушілерге айтарыңыз ...
– Жаңа Салық кодексі әділ бәсекелестік пен ашық экономиканы қалыптастыруға бағытталған. Салық жүктемесі табыспен бірге прогрессивті өсетін жүйе қарастырылғандықтан, бұл кәсіпкерлердің заңды түрде жұмыс істеуге деген ынтасын арттырады. Сонымен қатар, онлайн кассалар мен цифрлық есеп жүйелерінің енгізілуі көлеңкелі экономиканың жолын кеседі. Цифрландыру – бұл саладағы бақылауды күшейтіп, заңсыз кәсіпкерлікті азайтудың тиімді құралы.
Жаңа салық кодексінің оң әсерлері – салық базасының кеңеюі, бюджеттің тұрақтылығының артуы, инвестициялық мүмкіндіктер мен әділ бәсекелестік ортасының қалыптасуы. Сонымен қатар, көлеңкелі схемалардың азаюы және өндірістік сектордың дамуына жол ашады.Оны жүзеге асыру өте маңызды.
Салықты уақытында төлеу – ел дамуына қосылған үлес. Ал кірістер органдары әрдайым ашықтық пен сервистік қолдауды қамтамасыз етуге дайын.
– Уақыт бөлгеніңізге рахмет!Сұхбаттасқан Алтын ҚОСБАРМАҚОВА












