Цифрлық серпін: жаһандық жетістікке жол
2026 жыл – еліміз үшін ерекше маңызға ие. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялап, Қазақстанның дамуында жаңа кезеңнің басталғанын ресми түрде мәлімдеді. «Озық технологиялар еліміздің барлық саладағы әлеуетін арттыруға жол ашпақ», – деген ол бұл шешімі арқылы Қазақстанды болашақтың биігіне бастайтын нақты бағдарды көрсетіп отыр. Ендігі міндет – осы мүмкіндікті ұтымды пайдалану. Цифрлық серпіліс бізді қайда бастайды? Жасанды интеллект қандай мүмкіндіктер мен жауапкершілік жүктейді? Көңілді күпті еткен сұрақтарға жауап іздеп көрдік.Бүгінде цифрландыру – әлемдік аренада технологиялық бәсекенің негізгі шартына айналды. Бұл тек тренд қана емес, экономиканың дамуы, мемлекеттік басқарудың тиімділігі, адами капиталдың өсуі және ұлттық қауіпсіздіктің басты тірегі. Технологияны ерте меңгерген елдер көштің алдыңғы шебінде болса, кешіккендер жаһандық бәсекеде артта қалуы ықтимал.
Мысалы, АҚШ, Қытай, Оңтүстік Корея, Сингапур, Финляндия сынды дамыған мемлекеттер цифрландыруды барлық салаларға белсенді енгізуде. Эстония – мемлекеттік қызметтердің толық цифрландырылған үлгісі ретінде танымал, мұнда азаматтар үйден шықпай-ақ сайлауға қатысып, бизнес ашып, салық төлей алады. Қытайда жасанды интеллект көмегімен басқарылатын қалалар мен әлеуметтік жүйелер кеңінен дамып, тиімділікті арттыруда. Оңтүстік Корея мектеп оқушыларынан бастап цифрлық сауаттылықты ерте дамытуға ден қойса, Финляндия өз халқын жасанды интеллект негіздеріне тегін оқытып, болашаққа бейімдеуде. Ал елдегі ахуал қандай?
Қазақстан соңғы жылдары цифрландыру бағытында айтарлықтай ілгерілеушілікке қол жеткізді десек артық емес. "Цифрлы Қазақстан" бағдарламасы аясында мемлекеттік қызметтердің 90%-ы электронды форматқа ауыстырылып, халыққа қызмет көрсету сапасы айтарлықтай жақсарды. Ашық үкіметтің жұмыс істеуі, eGov, Kaspi, Halyk сияқты платформалардың кеңінен таралуы цифрландырудың пайдасын нақты көрсетті.
2024 жылы елімізде цифрлық трансформацияны жүйелі және тиімді жүзеге асыру үшін арнайы Цифрландыру министрлігі құрылды. Бұл ведомствоның басты міндеті – Қазақстанды цифрлы экономикаға толықтай енгізу. Министрлік мемлекеттік басқаруда ашықтықты арттырып, халыққа қызмет көрсетуді оңай әрі сапалы етуді көздейді. Сондай-ақ, бизнес пен өндірісте заманауи технологияларды қолдануды кеңейту, ақпараттық қауіпсіздікті нығайту, деректерді тиімді басқару және жасанды интеллект пен үлкен деректерді (Big Data) енгізу секілді ауқымды міндеттер де оның назарында.
Биыл цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жарияланғаннан бері көпшіліктің санасында қандай өзгерістер мен жаңашылдықтар болатын туралы сауалдар туындағаны рас. Өзіміз де зерттеу жүргізіп, осы сұрақтарға жауап іздедік. Сарапшылар пікірінше, ең алдымен заңдық және институционалдық негіздер қалыптасады. Бұл цифрлық трансформацияны тұрақты әрі қауіпсіз дамытуға жол ашпақ.
Өздеріңіз білетіндей, 2025 жылдың қарашасында қабылданған «Жасанды интеллект туралы» заң биыл күшіне енеді. Бұл заң жасанды интеллект жүйелерін енгізу барысында қауіпсіздік, ашықтық және жауапкершілік қағидаларын бекітіп, адам құқықтарын қорғайтын құқықтық механизмдерді қамтамасыз етеді. Заңның басты мақсаты – жасанды интеллект технологияларын жауапкершілікпен және әділдікпен қолдануды қамтамасыз ету.
Сонымен қатар елімізде жаңа цифрлық инфрақұрылымдар мен платформалар іске қосылуда. Ұлттық суперкомпьютер орталығы мен жасанды интеллект платформасы құрылып, олар мемлекеттік органдарға, білім беру және ғылыми ұйымдарға, сондай-ақ бизнес пен стартаптарға қолжетімді болады. Бұл жаңа ресурстар ірі мәліметтерді өңдеу, күрделі модельдерді оқыту және интеллектуалды жүйелерді құруға мүмкіндік береді. Осы өзгерістер Қазақстанның цифрландыру мен жасанды интеллект саласында халықаралық деңгейде бәсекеге қабілеттілігін арттыруға негіз болады деп сенуге толық негіз бар.
Білім беру жүйесінде де жасанды интеллектке ерекше мән берілуде. Қазір елімізде 20-дан астам университетте жасанды интеллект бағытындағы арнайы мамандар даярлауға арнайы оқу бағдарламалары іске қосылды.
Жасыратыны жоқ, цифрландыру мемлекеттік басқаруда тиімділікті арттырудың басты құралына айналған. Электрондық үкімет жүйесі үздіксіз жетілдіріліп, қызметтер автоматтандырылуда. Енді азаматтар мектепке тіркелу, ауруханаға жазылу немесе бизнес ашу сияқты рәсімдерді онлайн түрде оңай әрі жылдам орындай алады.
Сонымен қатар жасанды интеллект құралдарын экономика салаларына енгізу де жоспарланған. Ауыл шаруашылығы, логистика және табиғи ресурстарды басқаруда AI негізіндегі шешімдер өнімділікті арттыруға, ресурстарды тиімді пайдалануға және өндіріс процестерін автоматтандыруға бағытталған. Цифрлық және IT-экспортты дамыту – тағы бір маңызды бағыт. Қазақстан IT қызметтерін экспорттауды ұлғайтуға күш салып, халықаралық нарыққа шығуды кеңейтуде. Бұл еліміздің IT саласының жаһандық деңгейде интеграцияланып, цифрлық өнімдердің экспортталуына жол ашады.
Қазақстан халықаралық форумдар мен жобаларға қатысып, цифрлық үкімет өнімдері мен жасанды интеллект стандарттарын жетілдіру арқылы әлемдік тәжірибе алмасуға басымдық беруде.
Елімізде цифрландыру мен жасанды интеллектті дамытуда қоғамның, әсіресе жастардың үлесі өте маңызды. Қазіргі кезде жастар IT саласында белсенділік танытып, түрлі бағдарламаларға, хакатондарға және стартап байқауларына қатысу арқылы жаңа технологияларды меңгеріп, өз идеяларын жүзеге асыруға талпынып жатыр. Мысалы, еліміздегі «Digital Bridge» және «Astana Hub» сияқты инновациялық платформалар жас ғалымдар мен кәсіпкерлерге қолдау көрсетіп, олардың жобаларын дамытуға мүмкіндік береді. Осы орталықтар жасанды интеллект пен цифрлық технологиялардың дамуына үлкен серпін беруде.
Бүгінде цифрландыруға қатысты кешенді жұмыстар еліміздің түкпір-түкіпірінде жүйелі жүзеге асуда. Ауылдық жерлерде интернет желісін кеңейту, электрондық қызметтерге қолжетімділікті арттыру бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Бұл шаралар еліміздің барлық аймақтарында сандық сауаттылықты арттырып, азаматтардың заманауи технологияларды күнделікті өмірде қолдануына жағдай туғызары сөзсіз.
Цифрландыру мен жасанды интеллект – бүгіннің ғана емес, болашақтың да бағыты. Бұл саладағы әр қадам – еліміздің жаһандық үдеріске бейімделіп қана қоймай, көш бастайтын қабілеті бар ел екенін дәлелдеудің жолы. Мемлекет қолға алған бастамалар мен қоғамның қолдауы тоғысқанда, Қазақстан цифрлық технологияның тұтынушысы емес, өндірушісі әрі экспорттаушысына айнала алады. Ендеше, бұл қадамды замана талабына қатқан жауап деп емес, ұлт ретінде жаңа белеске ұмтылған өрелі таңдау десек жарасар...
Арайлым ҚУАНТҚАНҚЫЗЫ










