WhatsApp аккаунттары қалай байқатпай қолға өтіп жатыр

Телефон орнында. WhatsApp істеп тұр. Ешқандай белгі бермейді. Алайда дәл сол сәтте жеке хат алмасу басқа біреудің экранында ашық тұруы әбден мүмкін. Соңғы уақытта алаяқтар аккаунтты бұзбай-ақ, иесіне білдірмей бақылауға алатын жаңа тәсілді іске қоса бастаған. Қазақстанда WhatsApp қолданушыларына қатысты осындай қауіптің барын Бас прокуратура жанындағы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеттің қылмыстық қауіп-қатерлерді болжау орталығы ресми түрде мәлімдеді. Мамандардың айтуынша, сөз болып отырған әдіс GhostPairing деп аталады және бұрынғы алаяқтық схемалардан айтарлықтай өзгеше.
Жаңа тәсілде пароль бұзу да, SIM-картаны ауыстыру да қажет емес. Алаяқтар мессенджердің өзінде бар қосымша құрылғыларды байланыстыру мүмкіндігін пайдаланады. Яғни аккаунтқа заңды қолданушы сияқты қосылады. Әдетте бәрі күмән тудырмайтын хабарламадан басталады. Facebook немесе WhatsApp атынан келгендей көрінетін сілтеме жіберіледі. Сыртқы көрінісі түпнұсқадан айнымайды. Түстері де, жазуы да, интерфейсі де сол күйі көшірілген. Алайда парақша жалған болып шығады. Контентке қол жеткізу немесе аккаунтты растау деген желеумен телефон нөмірі мен бір реттік код сұралады. Сол сәттен бастап бөтен адам аккаунтқа сенімді құрылғы ретінде қосылып, хаттарды оқуға, файлдарды көруге, байланыстар тізімін ашуға және қолданушының атынан хабарлама жіберуге мүмкіндік алады. Ең қауіпті тұсы қолданушы ештеңе сезбейді. Телефон әдеттегідей жұмыс істей береді. Ал аккаунт сырттан бақылауда тұрады. Классикалық бұзу белгілері байқалмайды. Сондықтан көп адам мұндай жағдайға тап болғанын кеш байқайды.
Мұны анықтайтын жалғыз тәсіл бар. WhatsApp ішіндегі байланыстырылған құрылғылар бөлімін қолмен тексеру қажет. Егер тізімде таныс емес құрылғы тұрса, аккаунттың бөгде адамға қолжетімді болғанын білдіреді. Мұндай қосылымды дереу өшіру керек.
Мамандар бір ғана қателік жеке кеңістіктің толық ашылуына жеткілікті екенін ескертеді. Күмәнді сілтемеге өту, растау кодын бөгде парақшаға енгізу немесе қауіпсіздік баптауларын елемеу соған алып келеді. Сондықтан екі факторлы аутентификацияны қосу, аккаунт белсенділігін жүйелі тексеру және бейтаныс хабарламаларға сақтықпен қарау маңызды. Жеке хат алмасу техникалық дерек қана емес. Ол адамның өмірі, қарым-қатынасы, кейде тағдыры. Сол себепті мұндай қауіпке жеңіл қарауға болмайды. Телефоныңызды тексеріп көріңіз, бәлкім сіздікі де өзге біреудің экранында қосылып тұруы мүмкін, кім білсін?..
Сурет: halyqline.kz











