2026 жылы Қазақстандағы жоғары оқу орындарында оқу ақысы 5-7% өспек
Фото: freepik.comЖаңа жылдан бастап Қазақстандағы университеттерде оқу ақысы орта есеппен 5-7%-ға өсуі мүмкін. Бұл туралы Сенат кулуарында Ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Журналистер экономикалық өзгерістер, соның ішінде жаңа Салық кодексінің қабылдануы мен қосылған құн салығының (ҚҚС) енгізілуі жоғары оқу орындарындағы ақылы білім беру бағасының өсуіне әсер ете ме деген сұрақ қойды.
Вице-министрдің айтуынша, ақылы бөлімдегі оқу құны жоғары оқу орындарының өз құзыретіне жатады. Дегенмен уәкілетті орган әдетте университеттерге баға қалыптастыру кезінде қазіргі экономикалық жағдайды ескеруге қатысты ұсынымдар береді.
"Алдыңғы жылдарды талдайтын болсақ, оқу ақысының өсуі, әдетте, өткен жылмен салыстырғанда 5–7 пайыздан аспаған", – деді Гүлзат Көбенова.
Ол өткен жылдардағы динамикаға сүйенсек, бағаның өсуі көбіне қалыпты деңгейде болғанын атап өтті. Ал журналистердің биылғы жылға арналған министрліктің қандай ұсынымдары бар деген нақтылау сұрағына вице-министр бұл мәселе әлі талқыланбағанын айтты.
"Биыл біз бұл тақырыпты әлі көтерген жоқпыз. Дәстүрлі түрде сол форматта жалғасады деп ойлаймын", – деді ол.
Сондай-ақ Көбенова жоғары оқу орындарының өздері оқу ақысын көтеру туралы бастамамен министрлікке ресми түрде жүгінбегенін атап өтті.










