Қазақстанда ұлттық тауарлар каталогы енгізілген соң баға өсе ме?
Фото: Shutterstock.com
Келесі жылы Ұлттық тауарлар каталогын (ҰТК) қолдану міндеттеледі. Қаржы вице-министрі Әсет Тұрысовтың айтуынша, каталогты енгізу тұтынушылар үшін тиімді болады және баға қымбаттамайды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қаржы вице-министрінің айтуынша, тауарларды тіркеу және оларға бірегей сәйкестендіру кодын беру толықтай тегін жүргізіледі және бизнеске қосымша міндет жүктемейді.“Ұлттық тауарлар каталогына тауарларды тіркеу тегін жүргізілетін процесс. NTIN коды мерзімсіз беріледі және оны жаңартудың қажеті жоқ. Мемлекет Ұлттық тауарлар каталогына қолжетімділікті толық әрі тегін жүргізеді”, – деді Тұрысов.
Жауапкершілік пен мерзім
Вице-министрдің айтуынша, тауарды Ұлттық тауарлар каталогына уақытында тіркемеу немесе тіркеусіз сауда жүргізу үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылмаған. NTIN коды болмаған жағдайда да сауда тоқтатылмайды. Жүйе автоматты түрде уақытша XTIN кодын береді. Кәсіпкер кейін өз мәліметтерін енгізіп, тұрақты NTIN кодын ала алады.
NTIN коды 2026 жылы 1 қаңтардан бастап барлық тауарларға (шикізаттан басқа) міндетті түрде енгізіледі.
Вице-министрдің айтуынша, келесі жылы Ұлттық тауарлар каталогы бизнес өкілдерімен бірлесіп сынақ режимінде жұмыс істейді. Ал толық жетілдірілгеннен кейін өндіріске пайдалануға беріледі.
Қазір каталогта шамамен 15 миллион тауар бар. Деректерді өңдеу үшін жасанды интеллект қолданылады. Қазір модерацияда 749 мыңға жуық өтінім тұр.
Қаржы вице-министрінің айтуынша, Ұлттық тауарлар каталогын енгізу мемлекеттік органдарға, бизнеске, азаматтарға тиімді болып, жүктемені азайтады.
Мемлекеттік органдар үшін Ұлттық тауарлар каталогы есеп жүргізуді, баға белгілеуді және сатып алуды дұрыс жоспарлауды қамтамасыз етеді. Мысал ретінде мемлекеттік сатып алулар порталы келтірілді. Онда бұрын қалыптастырылған тауарлар каталогы жылына шамамен 200 миллиард теңге үнемдеуге мүмкіндік берген.
“Бизнес үшін Ұлттық тауарлар каталогы ыңғайлы болады. Себебі, әртүрлі анықтамалықтармен жұмыс істеу тоқтатылады. Бұрын Жеке сәйкестендіру нөмірін енгізу құжат айналымын жеңілдеткені сияқты, Ұлттық тауарлар каталогы да процестерді ыңғайлы ете түседі. Болашақта Сауда министрлігі Ұлттық тауарлар каталогын тауарларды таңбалау және қадағалау жүйесімен, Бірыңғай тауарлар, жұмыстар және қызметтер каталогымен біріктіруді жоспарлап отыр”, – деді вице-министр.
Сауда вице-министрі Әсет Нүсіповтың айтуынша, осы үш жүйе ауарды сатып алған кезде оның жолын бақылауға және қауіпсіздік пен сапа сияқты негізгі параметрлерді тексеруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, бұл біріктіру өндіріс, импорт, айналым және есепке алу туралы мәліметтерді синхрондауға, мемлекеттік бақылаудың сапасын арттыруға ықпал етеді.









