Жалған ақпаратқа қарсы жасанды интеллект құралы әзірленді
Қазақстандық ғалымдар тобы жалған ақпаратпен күресудің жаңа және тиімді құралын – RasInfo мобильдік цифрлы сауат ашу ресурсын әзірлеп, қолданысқа ұсынды.

Бұл – жалған ақпаратқа қарсы тұруға арналған жасанды интеллект (ЖИ) негізіндегі тұңғыш отандық бірегей ресурс. Енді RasInfo мобильдік қосымшасы кез келген қолданушыға қолжетімді.
Бұл маңызды әзірлеме ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің AP19679909 «Қазақстандағы жалған ақпарат пен дезинформация индикаторларын анықтауға арналған цифрлы сауат саласында ақпараттық ресурс әзірлеу» жобасы аясында жүзеге асырылды. RasInfo жобасы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың еліміздің цифрлық трансформациясы және жастардың ЖИ-ды сауатты пайдалануы жөніндегі стратегиялық міндеттерімен толықтай үндеседі. Президенттің Жолдауда айтқан: «Жасанды интеллектінің қарқынды дамуы қазірдің өзінде халықтың, әсіресе жастардың мінез-құлқы мен болмыс-бітіміне әсер етіп жатыр... Біз бұған дайын болып, батыл әрекет етуіміз керек. Әйтпесе, артта қалудың салдары өте ауыр болады. Сондықтан мен алдымызға өте маңызды стратегиялық мақсат қойдым. Қазақстан 3 жыл ішінде міндетті түрде жаппай цифрлық ел болуы керек» деген сөздері RasInfo жобасының өзектілігін айқындай түседі.
RasInfo мобильдік ресурсы – жасанды интеллектімен біріктірілген алғашқы қазақстандық медиаөнім. Ол цифрлық сауаттылықты арттыру және жалған ақпаратты тексеру (фактчекинг) құралдарын біріктіреді. Ресурс қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде қолжетімді және қолданушылар үшін барынша оңтайлы, жеңіл интерфейсте әзірленген. Бұл құрал медиатехнологиялар мен жасанды интеллект саласындағы стратегиялық бастамаларға бәс тігіп отырған цифрлық дәуірдегі сын-қатерлерге жауап беретін технологиялық жаңашылдық пен шығармашылық шешімнен тұрады.
Аталған ресурста қолданушылар үшін көптеген пайдалы бөлімдер мен функциялар ұсынылған. Атап айтқанда, әлемдегі ашық деректер қорларына шолу және сол базалардың сайттарына өту мүмкіндігі, фактчекинг кейстерін талдау, оқыту модульдары мен AI-Derek қосымшасы бар. Бес модульден тұратын оқу курсы арқылы қолданушылар фактчекинг негіздерін, жалған ақпаратпен күресу әдістері мен құралдарын, сондай-ақ жасанды интеллект технологиялары бойынша білімін жетілдіре алады. Осы курстың практикалық тапсырмаларын орындағаннан кейін сертификат беріледі. Сондай-ақ мұнда медиа және ақпараттық сауат, цифрлы құралдар мен технологиялар, жасанды интеллект және алгоритм, киберқауіпсіздік және құпиялылық, Big Data және ашық деректер сияқты өзекті категорияларды қамтитын анықтамалық бар.
Азаматтардың фактчекинг сауатын арттырудың тиімді әдісі ретінде ұсынылған әрбір кейсте жалған ақпараттың Қазақстанда болуы, мерзімі, дереккөзі, мазмұны, неліктен жалған екендігі, тексеру әдістері, кейстің үйретері, скриншоты, санаты және дезинформация түрі жан-жақты талданған. Бұл кейстер әрбір қолданушыға жалған ақпарат пен дезинформацияны танып, білуде таптырмас әдістемелік құрал болып саналмақ. Сонымен қатар ресурс қорында Скопус деректер базасында соңғы жылдары жарық көрген жалған ақпарат, дезинформация және верификация жайындағы озық зерттеу жұмыстарына шолу жасалған, оны оқуға немесе жүктеп алуға мүмкіндік қарастырылған.
Жоба жетекшісі профессор Гүлмира Сұлтанбаева бастаған ғалымдар тобының бұл еңбегі еліміздің ақпараттық қауіпсіздігін нығайтуға және қоғамның сыни ойлау қабілетін дамытуға үлкен үлес қосары сөзсіз. Жобаға коммуникация профессоры, Мюнхендегі Людвиг Максимилиан университеті медиа және коммуникация кафедрасының жетекшісі Томас Хайнишц сияқты халықаралық деңгейдегі ғалым кеңесші болды.
RasInfo цифрлы сауат ашу ресурсы Қазақстандағы цифрлық сауаттылықты арттырудағы ең тиімді және инновациялық құралдардың біріне айналары даусыз.