Тәртіп пен тәлімді тел ұстап
«Мұғалім – білім беруден бұрын өзі тұтқа болатын тұлға болуы керек» дейтіні бар Жүсіпбек Аймауытовтың. Жауаптылық пен жаңашылдықты ұстанымына айналдырып, саналы ұрпақ тәрбиелеу жолында тағылымды ісімен танылған Көбес Ләпенді көпшілік өз саласының нағыз маманы атайды.Қарапайым күнде негізгі пәндердің бірі болмағанымен, мектептегі алғашқы әскери дайындық пәні балаларды ерте жастан Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің қатарында әскери қызмет атқаруға дайындау ғана емес, отансүйгіштікті бойына ұялатып, өзіне деген сенімділігін қалыптастыруға басты қадам бола алатынымен маңызды.
Алғашқы әскери даярлық пәнінен дәріс беру үшін теориялық азықты меңгеру аздық етеді. Себебі мұндай мамандардың кәсіби қызметі оқушыларға білім мен тәрбие беруде айқын көрінеді. Білімді болумен бірге оқушыларды тез ойлай алатын, нақты шешім қабылдап, шыдамдылық пен шынайылыққа үйретуді де қажетсінеді.
Көбес Ләпеннің алғашқы мамандығы мүлде басқа. Қызылорда политехникумын тәмәмдаған ол 1990-1997 жылдары Бірлік ауылындағы мал бордақылау бірлестігінде диспечер болып жұмысын бастайды. Бірлестік тарағанша осы жерде жақсы жұмыс істейді. Ауылдар құрылымы өзгерген кезде, уақыт талабына сай, жаңа бағытқа бет бұрады.
1997 жылы ауылдағы №102 мектепке алғашқы әскери даярлық пәнінің мұғалімі болып орналасады. Еңбектен қол үзбей жүріп, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінен алғашқы әскери дайындық және денешынықтыру пәнінің оқытушысы мамандығы бойынша жоғары білім алады.
Бұл пәннен дәріс беруде маманының әскери дайындығы талап етіледі. Көбес Ләпеннің 1985-1987 жылдары қазіргі Ресей Федерациясының Мәскеу қаласында әскери борышын өтеуі алғашқы әскери тәжірибесін қалыптастырады. Мұнан кейін ізденіс пен шеберлігін шыңдауға деген табандылығын салаға ойыстырады.
Түсінігі ауыр, күрделі сабақты қызықты және түсінікті етіп өткізуде мұғалім тиімді оқу материалдары мен тәсілдерін ұсынады. Оқушылардың өз бетінше ойлануына, шығармашылық қабілеттерін дамытып, тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейді. Әрбірінің өзіндік қасиеттері мен ерекшеліктерін ескеріп, жеке көңіл бөлуді де қаперден шығармайды. Кәсіби бағытында үздіксіз дамып, жаңашыл көзқарасымен білім алушыларды бойындағы дамуы мен жетістіктерге жетуіне жетелейді.
Өз мамандығына адал жанның басты ерекшелігі – талапшылдығы екенін ұғындық. Кәсіби дамуға көңіл бөлуді ешқашан кешеуілдетпейтін мұғалімнің мол тәжірибесі шәкірттерінің мүмкіндіктерін толық пайдалануына көмектесуде. Ағайын мектеп оқушылары білім мен өмірлік дағдыларды меңгеруге көмектесіп, болашағы үшін негіз қалайтын оқытушы ғана емес, өздерінің сенімді серігі, ақылшы кеңесшісі ретінде жақын тартады екен. К.Ләпен жас мамандардан да көмегін аямайды.
Білікті ұстаз бағындырған белес көп.
Ол дайындаған оқушылар пән бойынша фавориттер деуге болады.
«Айбын – 2023» аудандық, облыстық жарысында Р.Мақсымбет бірінші орынға қол жеткізеді. Құралайды көзге атқан бұл оқушы сол жылы «Мерген ару – 2023» жарысында екі номинация бойныша екінші, үшінші орындарды бірге еншілейді.
«Ұранды елдің ұрпағы қайсар» атты аудандық жарыста №102 мектептің «ІІІ аймақ» командасы бірінші орынға ие болады. Кеңес әскерлерінің Ауғанстаннан шығарылғанына 34 жыл толуына орай өткізілген аудандық сайыста Ә.Ғабитұлы бірінші орын алады. Сол жылы «Қозғалыстың жас инспекторы» облыстық байқауында «Жас қыран» тобы үшінші орынға табан тірейді.
2024 жылы «Қозғалыстың жас инспекторлары» жасақтарының аудандық байқауында «Жас қыран» қозғалыстың жас инспекторлары жасағы екінші орын дипломымен марапатталады.
2025 жылғы «Қозғалыстың жас инспекторлары» жасақтарының облыстық байқауында шәкірттері аудан намысын абыроймен қорғап, команда бірінші орынға ие болады. Жекелей сында Н.Түркістан бірінші орынға қол жеткізді. Ашық үзіліс сайысында А.Алтынбекқызы жақсы нәтижеден көрінсе, білгірлер турнирінде Б.Мұхтар үздік үштікті толықтырады. Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған «Әскерге шақырылушы – 2025» әскери-қолданбалы спорт түрінен өткізілген аудандық іріктеу жарысында М.Матығұл пневматикалық винтовкадан жылдамдыққа ату сайысында қарсылас шақ келтірмей, бірінші орын биігінен көрінсе, белтемірге тартылу кезеңінде мектеп командасы үшінші орынға ие болған. Жеңістің 80 жылыдығы қарсаңында ұйымдастырылған «Алау» әскери-спорттық республикалық ойынының аудандық іріктеу кезеңінде №102 мектеп командасы «Саптық әндер байқауы» номинациясы бойынша бірінші орын алады. Ал «Ерлікке жүрегіңмен жақында байқауы» номинациясы бойынша үшінші орынға қол жеткізеді.
ҚР Ішкі істер министрлігі әкімшілік полция комитеті ұйымдастырған Ғ.Байтасов атындағы ХХ республикалық жол қозғалысы жас инспекторларының слетінде Д.Кеңес екінші, Н.Түркістан мен И.Мейрамбек үшінші орын алады.
Педагог-сарапшы біліктілік санатындағы К.Ләпен білім саласының дамуына қосқан елеулі үлесі үшін бірнеше рет облыс, аудан әкімі, ҚР Ішкі істер министрлігі, Ішкі істер министрлігінің Қызылорда облысы полиция департаменті, облыстық білім басқармасы, аудандық білім бөлімі, аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ комитетінің Құрмет грамотасы, Алғыс, Алғыс хат, Дипломына ие болған. 2025 жылы «Үздік жыл мұғалімі» атануы ұзақ жылғы еңбегінің нәтижелі жемісі.
Жұбайы Гүлсінай Іззатова екеуі төрт ер баланы дүниеге әкеліп, тәрбелеп отыр. «Әке көрген оқ жонар» деген халық нақылы бар. Өнегелі отбасының ұлдары да ұшқан ұясынан алған тәлімін ел мүддесіне ойыстырып, абыройлы қызмет етіп келеді. Тұңғыштары майор шеніндегі Қайыржан Нұрсұлтан – ҚР Ішкі істер министрлігінің қызметкері. Ғалымжан – «ARENA ESTATE» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде оператор. Жарасхан мен Бейбарыс ҚР Ішкі істер министрлігі Қызылорда облысы Мамандандырылған күзет қызметі басқармасында.
«Көбес Нұрсұлтанұлы ұстаздық еңбек жолында оқу-тәрибе саласы мен өз пәні бойынша жетістіктерге жетіп келе жатқан мұғалім.
Ұжымда сыйлы, әріптестерімен жақсы қарым-қатынаста, ата-аналар мен оқушылардың сеніміне ие болған ұстаз. Қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, мектептің тәрбие және білім беру үдерісін дамытуға атсалысуда», – дейді мектеп басшысы әріптесі туралы.
Алтын ӘДІЛХАНҚЫЗЫ













