Жылу беру маусымына дайындық жұмыстарын көрді
Бүгін «AMANAT» партиясының аудандық филиалы жанындағы Партиялық бақылау комиссиясы «Қазалы-Теміржолжылу» филиалында болып, алдағы жылу беру маусымына дайындық жұмыстарымен танысты. Оған партия филиалының Атқарушы хатшысы Нұрғиса Жалғасбаев, Партиялық бақылау комиссиясының төрағасы, аудандық мәслихат депутаты Әділбек Сарабеков, сондай-ақ аудандық мәслихат депутаты, комиссия мүшесі Арғын Орымбаев қатысты.Филиал орталықтандырылған жылу жүйесі арқылы 98 әлеуметтік нысанды, 80 көпқабатты және 200-ден астам жеке тұрғын үйді жылумен қамтамасыз етеді. Қазандықтың негізгі отыны – табиғи газ, ал резервте 288 тонна мазут қоры бар.
Жоспарға сәйкес №1, 2, 4 қазандарға ағымдағы, №3 қазанға күрделі жөндеу жүргізілген. Сонымен қатар жылу желілерін жаңарту жұмыстары атқарылып, Әйтеке би кентіндегі орталық алаңдағы 200 метрлік құбыр жер астына орналастырылды. Орталық көшелердегі жылу құбырлары мен тарату пункттері де жөндеуден өтті. Осы және өзге де атқарылған жұмыстар жөнінде филиал директоры Еркінбек Алпысбаев баяндады.
Комиссия мүшелері атқарылған жұмыстарға қатысты бірқатар сауалдарын қойып, алдағы жылыту маусымына дайындықты уақытылы әрі сапалы жүргізудің маңыздылығына тоқталды.













