Қазалыға қызмет немесе аудан жұрты әкімін сайлады

Әкімдерді тікелей сайлау – Президент реформаларының бірі. Жалпы Қазалы ауданында барлығы 40 сайлау учаскесі құрылды. Мұнда барлығы 266 комиссия мүшесі қызмет атқарды. Ал аудан бойынша 47 219 сайлаушы тіркелген.Таңғы 07.00-де барлық учаске ашылып, өз жұмысын бастады. Дауыс беру үй жайлары барлық талаптарға сай жабдықталып, бюллетеньдермен қамтылды. Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолайлы жағдайлар жасалып, үйден дауыс беруге өтініш қалдырған азаматтар үшін тасымалданатын жәшіктер апарылды. Дауыс беру жергілікті уақыт кешкі 20.00-ге дейін жалғасты.
Қазалылықтар аудан әкімінің сайлауында белсенділік танытты. Таңертеңмен алғашқы болып келген тұрғындарға арнайы сыйлықтар табысталды. Мәселен, Әйтеке би кентіндегі аудандық Оқушылар үйінде орналасқан №56 сайлау учаскесіне алғаш болып келген кент тұрғыны Ерболат Үмбетов еді. Учаске төрағасы Мәди Тәңірбергенов алғашқы болып дауыс берген кент тұрғынына арнайы сыйлық табыстады. Сонымен қатар осы учаскеге келген аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Оразғали Бекпанов алғашқылардың бірі болып дауыс беріп, саяси науқанның жоғары деңгейде өтуіне батасын берді. Ал Қазалы қаласындағы №66 сайлау учаскесіне алғаш болып Ауған соғысының ардагері Айдар Әлиев дауыс берді. Ардагерге арнайы сый табысталды. Жалпы сайлауда тұрғындардың дауыс беруге қатысуға белсенділігін арттыру мақсатында әрбір сайлау учаскесі бойынша 1, 100, 500, 1000, 2000-ыншы және ең алғашқы дауыс беруші мен ең қарт сайлаушыға арнайы сыйлықтар берілді.
Саяси науқанда тұрғындардың белсенділігі жоғары болды. Әсіресе қазыналы қарттарымыз да бей-жай қалмай, үн қосты. Мәселен, Әйтеке би кентіндегі М.Матаев атындағы №170 мектеп ғимаратында орналасқан №362 сайлау учаскесінің комиссия мүшелері кент тұрғынды, 101 жастағы София Сағымбайдың үйіне барып, дауыс беруіне мүмкіндік жасады.
– Бүгін ауданымызда өтіп жатқан саяси науқанға өз үлесімді қоссам деген ниетпен таңдауымды жасадым. Ел тағдырына алаңдайтын барлық тұрғын бүгінгі шарадан қалыс қалмауы тиіс деп ойлаймын. Халқымыз аман болсын! Жұмыстарыңыздың барлығы оңынан болсын! – деді кейуана.
Бес ұл-қыз тәрбиелеп өсірген Батыр ана бүгінде 15 немере, 15 шөбере, 5 шөпшек сүйіп отырған бақытты әже. Ойы анық, денсаулығы бірқалыпты әже саналы ғұмырындағы барлық саяси науқандарға белсенді қатысып келеді. Сонымен қатар, Қазалы қаласында өтетін барлық жиын мен саяси науқандарда белсенділік танытып, үнемі үлес қосып жүретін қазыналы қария бар. Маңызды күні Еңбек және тыл ардагері, 90 жасқа қадам басқан Мәлік Тілепұлы Қазалы қаласындағы №65 сайлау учаскесіне келіп өз таңдауын жасады.
– Ауданымыздың жарқын болашағы үшін жасалып жатқан игі бастамалар көп. Күн сайын мекеніміз гүлденіп, көркейіп келеді. Бүгінгі саяси науқанға келіп, өз таңдауымды жасадым. Қала тұрғындарын да сайлау күні белсенді болуға шақырамын. Бейбіт заман болсын, – деді қазыналы қария.
Ел болашағына бейжай қарамайтын қария ақ батасын беріп, ұрпағына бейбіт заман тіледі. Сайлау учаскесінде ақсақалдың иығына шапан жауып, ілтипат көрсетілді.
Социалистік еңбек ері, Қазалы ауданының құрметті азаматы Кәрібоз Әлимаев – ауданға қарасты Лақалы ауылының тұрғыны. Еңбек ерінің денсаулық жағдайына байланысты елді мекендегі №76 сайлау учаскесінің дауыс беру жәшігі үйіне жеткізіліп, ақсақал саяси науқандағы өз таңдауын жасады. Бүгінде ол – 89 жаста.
Сонымен қатар, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазалы ауданының құрметті азаматы Ажаркүл Алдажарова Қарашеңгел ауылдық округіндегі №83 сайлау учаскесіне отбасымен бірге арнайы келіп, дауыс берді. Ал өңірдің дамуына үлесін қосып жүрген кәсіпкер, Қазалы ауданының құрметті азаматы, батыр ана Бибісара Әби №66 сайлау учаскесінде келіп өз таңдауын жасады. Ұлт болашағы үшін маңызды саяси науқанға үлкен жауапкершілікпен қараған Бибісара анамыз бұл қадамды азаматтық парыз әрі елге деген жанашырлық деп біледі.
Аудан әкімін сайлау науқанының басталғанына көп уақыт болмаса да, сайлау учаскелеріне келген дауыс берушілердің қатары қалың болды. Соның ішінде отбасымен келіп өз таңдауын жасаған тұрғындар да көп. Мәселен, №81 сайлау учаскесіне жергілікті қоғамдастық төрағасы Әбдікер Жасарал отбасымен бірге келіп, дауыс берді. Мәдениет саласының үздігі, «Әуезовтер» халықтық отбасылық ансамблінің жетекшісі Арман Әуез ансамбль мүшелерімен бірге Қазалы ауданы әкімін сайлау науқанына қатысып, өз таңдауларын жасады. Өнерімен елге үлгі болып жүрген отбасы саяси науқанға қатысу әрбір азамат үшін ауданның болашағы жолындағы жауапты қадам екенін көрсетті. Сонымен қатар Жанқожа батыр ауылындағы №70 сайлау учаскесіне «Мерейлі отбасы – 2025» ұлттық байқауының аудандық кезеңінде ІІІ орын иеленген Жақсылықовтар отбасы келіп, дауыс берді. Үлгілі өнегесімен елге танылған отбасы бұл маңызды саяси науқанға бейжай қарамай, сайлауға отбасымен бірге қатысып, сайлаушыларға сәттілік тіледі. Сайлау учаскесінің төрағасы Жақсылықовтар отбасына белсенділігі мен азаматтық жауапкершілігі үшін сый-сияпат табыстап, алғысын білдірді.
Ал Мұратбаев ауылындағы «Назқоңыр» әжелер ансамблі №91 мектеп ғимаратында орналасқан №64 сайлау учаскесіне келіп дауыс беріп, береке мен бірліктің үлгісін көрсетті. Бала-шаға, немересін ерте келген әжелер саяси науқанды мерекеге айналдырды. Әні мен сәні жарасып, әлеуметтің көңілін көтерді. Қ.Пірімов ауылында №81сайлау учаскесінде «Ұлпан» әжелер ансамблі келсе, Қазалы қаласындағы №66 сайлау учаскесіне ақ жаулықты «Ғибрат» әжелер ансамблі келіп, өз таңдауларын жасады.
Саяси науқанда жаңадан шаңырақ көтерген жас жұбайлар да белсенділік танытты. Солардың бірі – Әйтеке би кентіндегі №57 сайлау учаскесіне күні кеше ғана шаңырақ көтерген Бақытжан Жақсыай мен Хадиша Өмірбайқызы. Сайлау учаскесінің төрағасы Төребай Шермаханов жас отбасын қуанышты сәттерімен құттықтап, естелік сыйлық табыстады. Ал Ғани Мұратбаев ауылында тұратын Төлегеновтер әулетінің 5 келіні саяси маңызды шарада белсенділік танытты. Мереке қарсаңында ұлттық нақышта киінген олар №64-ші сайлау учаскесіне барып, бір мезетте дауыс берді.
Саяси науқанда егіс даласынан сайлау учаскесіне келіп дауыс берген еңбеккерлер де болды. Мәселен, Қарашеңгел ауылдық округіндегі «Жалаңтөс батыр» ЖШС-нің еңбек ұжымы науқан қызған дала жұмыстарынан уақыт тауып, ұйымшылдықпен №83 сайлау учаскесіне келіп, өз таңдауын жасады. Ала жаздай алқап басында тер төгіп жүрген шаруалар аудан болашағына бей-жай қарамай, ел ертеңі үшін дауыс беруді азаматтық парыз деп санайды. Сонымен қатар кенттегі Қазалы көлік-техникалық жоғары колледжінде орналасқан №92 сайлау учаскесіне өз дауысын беру үшін «Қазалы локомотив жөндеу зауытының» қызметкерлері ұжыммен бірге келіп, таңдау жасады. Аудандық көп бейінді орталық аурухана мен аудандық емхана қызметкерлері, ауылдық округтегі ақ халаттылар да алғашқылардың бірі болып дауыс берді. Соның ішінде түнгі кезекшіліктен шыққан жан сақтау бөлімінің қызметкерлері №61 сайлау учаскесіне ұжым болып келіп, жауапкершілік танытты. Жалпы аудан тұрғындарымен қатар сала мамандары, ұстаздар қауымы, спорт саңлақтары да өз таңдауын жасап, саяси науқанға үн қосты. Түрлі этнос өкілдері де аудан әкімін сайлауға таңертеңгілік алғашқылардың бірі болып, белсенділік танытты. 18-ге толған жас сайлаушылар да алғаш рет дауыс беріп, таңдауын жасады. Сайлау учаскелерінің төрағалары ең жас сайлаушыларға арнайы сый-сияпаттар табыстады. Жастар да белсенділік танытып, сайлауда төбе көрсетті.
Аудандағы сайлау учаскелерінде дауыс берушілерге арнап қолөнер бұйымдарының және тамақ өнімдерінің көрмесі ұйымдастырылды. Онда қолдан жасалған бұйымдар, нан өнімдері, Қазалы конфеті және түрлі тұрмысқа қажетті заттар қойылды. Сайлау учаскесіне келгендер дауыс беріп ғана қоймай, көрмені тамашалап, өзіне қажетті затын алды. Сондай-ақ аудандағы бірқатар сайлау учаскелерінде келушілерге концерттік бағдарлама ұсынылып, мерекелің көңіл-күй сыйлады. Ал аудан еріктілері мен белсенді жастары сайлау күні арнайы тегін такси қызметін ұйымдастырып, дауыс берушілерді сайлау учаскелеріне жеткізіп отырды. Бұл бастама әсіресе, егде жастағы тұрғындар мен алыс аймақтарда тұратын сайлаушылар үшін үлкен көмек болды.
Жалпы аудан әкімінің лауазымына сайлауға 5 кандидат тіркелген. Олардың 4-еуі ер, 1-еуі әйел. 4 кандидат өзін-өзі ұсынса, 1 кандидат саяси партия атынан ұсынылған. Таңнан бері дауыс беруші азаматтар учаскеге ерте келіп, өз таңдауын жасады. Азаматтар үшін 109 бірыңғай байланыс орталығы және әкімдік тарапынан арнайы call орталығы үздіксіз жұмыс жасады. Сайлаудың ашықтығын бақылауға келген тіркеуден өткен байқаушылардың да легі көп. Учаскелерде заң бұзушылықтар тіркелмеді. Кешкі сағат 20:00-де сайлау аяқталды.
Аудан әкімдерін тікелей сайлау – жалпы өзін-өзі басқару жүйесінің маңызды бөлігінің бірі. Сондықтан аудан әкімін тікелей сайлау нәтижесі мейлінше маңызды. Сонымен, аудандағы саяси дода мәресіне жетті. Аудан тұрғындарының қолдауына ие болып, ел тізгінін ұстау кімге бұйырды?
Сайлаушылар тізіміне 47 219 азамат енгізілді. Дауыс беруге – 32 337 сайлаушы, оның ішінде есептен шығару куәліктері бойынша – 0, дауыс беруге арналған үй-жайлардан тыс – 917 қатысты. Кандидаттардың жалпы саны – 5. «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 14-бабының 9) тармақшасына, 44-бабының 2-тармағына, 45-бабына, 113-10-бабына сәйкес және учаскелік сайлау комиссияларының Қызылорда облысы Қазалы ауданының әкімін сайлау нәтижелері туралы хаттамаларының негізінде, Қазалы ауданының аумақтық сайлау комиссиясы сайлау қорытындыларын белгіледі:
Кандидат Алмасбек Есмаханов үшін сайлаушылардың 21096 дауысы берілді, Ғабит Жаңабаев үшін сайлаушылардың 3240 дауысы берілді, Мира Қазбекова үшін сайлаушылардың 2984 дауысы берілді, Шахмардан Қойшыбаев үшін сайлаушылардың 2605 дауысы берілді, Бауыржан Нұрланұлы үшін сайлаушылардың 1994 дауысы берілді. Сайлау қорытындысымен Қазалы ауданының әкімі болып Алмасбек Есмаханов сайланды. Жаңа әкім – 1982 жылы дүниеге келген, ұлты қазақ, Қызылорда облысы, Қызылорда қаласында тұрады.
Қазалыға қызмет ету – Халыққа қызмет ету. Ел сеніміне селкеу түсірмей, аудан халқының әл-ауқатын арттыру – енді жаңа аудан әкіміне жүк.
Айнұр ӘЛИ