Елімізде такси жүргізушілері мен курьерлер енді кәсіпкер ретінде саналмайды

Фото: ЖИ
Келесі жылдан бастап такси жүргізушілер мен курьерлер жеке кәсіпкерлер қатарынан алынып тасталады. Жаңа салық кодексінің аясында осындай норма күшіне енеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
“Әңгіме қосымшалар мен интернет-платформалар арқылы жұмыс істейтін такси жүргізушілері мен курьерлер туралы болып отыр. Оларға Яндекс, InDrive, Glovo, Wolt және басқа сервистер жатады”, – дейді мемлекеттік кірістер комитетінің арнайы салық режимдерін әкімшілендіру басқармасының басшысы Ерқанат Шынберген.
Қазір бұл платформалардың операторлары жұмысшылар үшін әлеуметтік төлемдерді өздері ұстап қалып, аударады. Бұл норма 2024 жылғы 1 қыркүйектен бастап күшіне енген және жаңа Салық кодексінде де сақталады. Ең басты айырмашылығы – мұндай санаттағы азаматтарға жеке кәсіпкер болып саналмайды.
Ерқанат Шынбергеннің айтуынша, қазір арнайы салық режимін қолданып жүрген азаматтар жеке кәсіпкерлердің қатарында. Жаңа жылдан кейін олар есептен шығарылып, физикалық тұлға ретінде саналады.
Екінші өзгеріс төлем құрылымына қатысты. Яғни, бірыңғай 4% тариф сақталады, бірақ оның құрамынан жеке табыс салығы алынып тасталады. Оның орнына жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары енгізіледі. Бұл жарналарды да платформаның операторы ұстап қалады.
“Жаңа Салық кодексінде де 4%-дық әлеуметтік төлем платформалар арқылы ұсталады, мысалы, такси жүргізушілері үшін. Ай қорытындысы бойынша оператор оларды тиісті қорларға аударады. Дәл осы тетік сақталады. Қазір бұл жүйені Қазақстан бойынша шамамен 118 мың адам қолданып жүр”, – деді мемлекеттік кірістер комитетінің арнайы салық режимдерін әкімшілендіру басқармасының басшысы.
Ресми түрде салық жүктемесі артпайды, ставка бұрынғыдай – 4% болып қалады. Сондықтан қағаз жүзінде сапарлар мен жеткізілім құны өзгермеуі тиіс. Бірақ іс жүзінде бәрі жүргізушілердің, курьерлердің және платформалардың шешіміне байланысты:
- Орындаушылар "қолға тиетін ақша азайды" деп есептесе, тарифтің көтерілуін талап етуі мүмкін;
- Огрегаторлар жүргізушілер мен курьерлерді ұстап қалу үшін бағаны өздері өзгертуі ықтимал;
- Бәсекелестік төмен қалаларда кез келген бағаның өсуі клиент үшін тезірек байқалуы мүмкін.