ҚР ОСК Төрағасы Нұрлан Әбдіров Қазалы ауданы жастарымен кездесті

Қызылорда облысына жұмыс сапарымен келген ҚР ОСК Төрағасы Нұрлан Әбдіров Қазалы ауданына барып, бірқатар кездесулер өткізді.
Сапары аясында Нұрлан Әбдіров ауданда жаңадан ашылған Руханият орталығында жігерлі жастармен кездесті.
Кездесуге 100-ден астам белсенді азаматтар: оқушылар, Жас сайлаушылар клубының мүшелері және жастар ұйымдарының өкілдері қатысты.
Іс-шарада Нұрлан Әбдіров отандық сайлау жүйесінің ерекшеліктері, 2022 жылғы бүкілхалықтық референдумда қолдау тапқан конституциялық реформа аясындағы трансформация, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті міндеттер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауының негізгі тезистері, Парламентті реформалау жөніндегі бастама, негізгі шешімдерді жалпыұлттық референдумдар арқылы қабылдау тәжірибесі мен шетелдік электоралды тенденцияларға тоқталып өтті.
Басқосуда ОСК Төрағасы жастардың сайлауға белсенді қатысуы және электоралдық мәдениетті дамыту мәселелері бойынша ой бөлісті.
Жас сайлаушылар электоралдық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерге, оның ішінде ЕҚЫҰ/ДИАҚБ сайлау және референдумдар бойынша байқау миссияларының ұсынымдарына да байланысты сайлаушылардың пікірін анықтауға бағытталған дәстүрлі онлайн-сауалнамаға қызығушылықпен қатысты.
Сауалнаманың нәтижелері:
85,5% респондент Президенттікке кандидаттар үшін мемлекеттік қызметте қызмет өтілі болғанын қолдайды;
43,4% респондент дәстүрлі қағаз бюллетень арқылы дауыс беруді қалайды;
28,9% респондент сотпен әрекетке қабілетсіз деп танылған азаматтар дауыс беруге қатыспауы тиіс деп есептейді;
30,1% респондент сотталған азаматтардың сайлау құқықтарын шектеуді қолдайды;
66,3% респондент сайлау туралы ақпараттарды әлеуметтік желі арқылы алады.
Сұрақтар негізінен сайлау жүйесін цифрландыру, әлемдік электоралдық тәжірибенің тиімді тұстарын қолдану, дауыс берудің жаңа форматтарын дамыту мәселелерін қамтыды. Мәселен, №249 мектеп-лицейдің 9-сынып оқушысы Аяжан Мөнкебай жасанды интеллект арқылы сайлау мәдениетін қалыптастыруға жетелейтін өзі дайындаған комикстерді көрсетті. Белсенді, Қазалы ауданы бойынша Жас сайлаушылар клубының мүшесі Меирман Мендібай Жас сайлаушылар клубының республикалық слетін өткізу туралы ұсыныс айтса, жас маман Қайыржан Тілеуқабыл дауыс беруді бірнеше күн өткізу туралы ұсынысын білдірді. Дамир Құдайберген дауыс беру барысын түрлі платформалар арқылы ілгерілету және еріктілер қозғалысын белсенді түрде дамыту туралы ойын білдірді.
Шараға белсенді қатысқандар мен «Руханият» орталығының кітапханасына ҚР ОСК-ның 30 жылдығына орай әзірленген сайлау тақырыбындағы ғылыми басылымдар табыс етілді.














