Енді әлеуметтік аударым берешегі 22 мың теңге болғанда ғана есепшот бұғатталады

Фото: ©Pixabay.com
Мемлекеттік кірістер комитеті Аудит департаменті берешекпен жұмыс басқармасының басшысы Арын Қайсар жаңа Салық кодексінде әлеуметтік аударымдар бойынша қарызды өндіріп алу тәртібіне енгізілген өзгерістерді түсіндірді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Оның айтуынша, қазір әлеуметтік сақтандыру аударымдары уақытылы төленбесе, шот толықтай бұғатталып, шығыс операциялары тоқтатылады. Себебі қолданыстағы Әлеуметтік кодексте нақты шекті сома көрсетілмеген.
Әр жұмыс істейтін адамның мемлекеттік зейнетақы қорына жинайтын ақшасы, әлеуметтік сақтандыру аударымдары бар. Оның бәрі әлеуметтік кодекспен реттеледі. Ол жерде бұғаттау жүргізілетін шекті сома көрсетілмеген. 10 теңге ме, 1000 теңге ме, нақты айқындалмаған. Аударым уақытылы төленбесе, есепшоты бұғатталады. Ал салық берешегі болса, тек берешек сомасына ғана бұғат қойылады. Өйткені салық кодексінде нақты сома көрсетілген, - деді ол комитеттің әлеуметтік желідегі онлайн-брифингінде.
Ал 2026 жылдан бастап бұл тәртіп өзгереді.
Салық реформасының аясында Әлеуметтік кодекстің осы тұсын да өзгерттік. 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап қазіргідей 1 теңге әлеуметтік аударым қарызы үшін есепшот бұғатталмайды. Шекті мөлшер ретінде 6 айлық есептік көрсеткіш енгізілді. Яғни әлеуметтік берешек 21 700 теңгеден асса ғана есепшот бұғатталады. Оның үстіне, бұғаттау тек берешек сомасы көлемінде ғана жүргізіледі, - деп түсіндірді Арын Қайсар.
Сонымен қатар ол жаңа ереже тек 2026 жылдан кейінгі берешектерге ғана қолданылатынын атап өтті.
Қазір қарызы үшін шоты бұғатталғандар 2026 жылы автоматты түрде босатылады деп ойлауға болмайды. Жаңа тәртіп тек содан кейінгі берешектерге қатысты, - деді басқарма басшысы.
Айта кетейік, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жолдауында салық берешегі бар азаматтардың банктегі шотын толық бұғаттамауды тапсырған болатын.