Жемқорлардан жүздеген миллиард теңге тартып алынды
Қайтарылған активтер есебінен елде 375 млрд теңгеге 400-ден аса мектеп, балабақша, аурухана, емхана, ауызсу нысаны салынып жатыр.

Қазақстанда активтерді қайтару жөніндегі ведомство таратылды. Енді Активтерді қайтару жөніндегі комитет Инвесторлардың құқығын қорғау комитетіне трансформацияланды және қудалаушы емес, керісінше, қорғаушы функцияларға ие болады.
Бас прокурор Берік Асылов арнайы постын жариялады. Елдің басты қадағалаушы органы басшысының бағалауынша, осынша қысқа мерзім ішінде сонша көп көлемде қаражатты қайтару бұған дейін Қазақстанның тарихында болмаған жайт.
"Президент өз жолдауында заңсыз шығарылған активтерді қайтару жұмысын оң бағалады. Прокуратура органдары қысқа мерзімде ауқымды жұмыс атқарды, мұндай көлемдегі қаражат осындай қысқа уақытта бұрын-соңды қайтарылған емес! "Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы" заңы 2023 жылғы 12 шiлдеде өмірге жолдама алды. Содан бері оны іске асыру аясында олигополия субъектілерінен 1,3 триллион теңгеден астам қаржы өндірілді, оның шамамен 850 миллиарды мемлекет кірісіне түсті", – деді Берік Асылов.
Оның дерегінше, ондаған жыл бойы қазақстандық қазынаны қарпып-асап келген алпауыттардан кері алынған қаражат есебінен 375 млрд теңгеге:
• 207 су құбыры нысанының,
• 177 медициналық мекеменің,
• 14 білім беру және спорт нысанының құрылысы басталды.
Олигополия субъектілерімен келісімдер жасалып, олар елге 5,2 триллион теңге инвестиция салу жөнінде өз мойнына міндеттеме қабылдады. Атап айтқанда, Алматыда жаңа туристік кешен, басқа өңірлерде – көлік-логистикалық орталықтар мен зауыттар салынады.
"Мысалы, 3 мыңнан астам жұмыс орны құрылатын тау-кен байыту комбинаты тұрғызылады. Бұл өндіріс көлемін ұлғайтып, ресурстарды өңдеу деңгейін арттырады, елдің экспорттық әлеуетін нығайтып, салық түсімдерін көбейтеді. Бұдан бөлек, субъектілермен 16 мектеп пен балабақша, 8 дәрігерлік амбулатория мен аурухана, 13 спорт кешені, 16 мәдени-демалыс нысаны салынады. Жалпы құны – 122 млрд теңге. Бұл 8 мыңнан астам қосымша жұмыс орнын ашады. Барлық жобаға біз қатаң бақылау орнатамыз!", – деді Бас прокурор.
Асылов екі жылдай жұмыс істеген Бас прокуратураның Заңсыз активтерді қайтару жөніндегі комитеті Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитетіне айналатынын жариялады.
Бұрынғы комитеттің құзыретіне активтерді қайтару жөніндегі қызметті мемлекет атынан жүзеге асыру, активтерді қайтару мәселелері бойынша мемлекеттік, құқық қорғау және арнаулы меморгандардың ведомствоаралық өзара іс-қимылын үйлестіру, заңсыз сатып алынған активтерді елде және шетелде іздеп, табу, заңсыз дүниесін жасырғандарды қылмыстық қудалау кіретін.
Жаңарған комитеттің құзырет қоржыны мүлдем басқаша: жазалауға емес, ынталандыруға екпін түсіреді. Асыловтың түсіндіруінше, негізгі мақсат – экономикаға (бұрын шетелге заңсыз шығарылғанды да қоса алғанда) қаражат құюды ынталандыратын жүйе құру.
"Жалпы, бұл бағытта біз жүйелі жұмыс жүргізудеміз. Халықаралық құқықтық байланыстар кеңейтіліп, цифрлық құралдар жетілдірілуде. Жақында мен Сингапурмен құқықтық келісімдерге қол қойдым. Сондай-ақ, әлемнің ірі қаржы орталықтарымен тағы бірнеше жоба пысықталуда. Инвестицияларды қорғау прокуратура жұмысының негізгі бағытына айналды. Бүгінде прокурорлар жалпы сомасы 87 триллион теңге болатын 1,5 мыңнан астам инвестициялық жобаны сүйемелдеп жатыр", – деді Бас прокурор Асылов.
Нақтылауынша, 2023 жылдан бері:
• 937 проблемалық кейс шешілді, 1 732 инвесторға көмек көрсетілді;
• "прокурорлық сүзгі" енгізілді, ол прокурордың келісімінсіз тексерулер мен санкцияларды жүргізуге жол бермейді;
• 370 заңсыз тексеру, 438 әкімшілік іс, 200 шектеу шарасы тоқтатылды;
• бизнесті шектейтін мыңнан аса шешімді келісуден бас тартылды;
• 307 лауазымды тұлға жазаланды.
Бұл шаралар нәтижесін берді: меморгандардың инвесторларға қарсы талап-арыздары, яғни, қуғын-сүргінге салуы 60%-ға азайды. Оларға қарсы қозғалған әкімшілік істер 12%-ға қысқарды. Біраз жағдайда рейдерлік шабуылға тірек болатын бизнеске қатысты қылмыстық істер саны 10 есе – 1 553-тен 154-ке дейін азайыпты.
Бас прокурор бір мысал келтірді: Алматыда Haval, Chery, Changan брендтеріндегі жеңіл автомобильдерді шығаратын зауыттың жобасын іске асыру барысында инвестор қиындықтарға тап болды. Бірақ 2022 жылдан бері Алматы әкімдігі оның газға қосылуына рұқсат бермей қойған. 2023 жылы құрылысқа архитектуралық-жоспарлау тапсырмасы да берілмеді. 2024 жылы электр желілеріне қосылуға техникалық шарттар бермей, бөгесін болған. Мегаполис шенеуніктері объектіні пайдалануға беру актісі де кешіктіріпті. Прокуратураның араласуының арқасында бұл мәселенің барлығы инвестор пайдасына шешілді. Қазіргі кезде жоба іске қосылды. Жалпы инвестиция көлемі – 182 млрд теңге. 3 мыңнан астам жұмыс орны құрылды.
"Сондай-ақ, вагон паркін жаңартқан 3 көлік компанияларының ісі бойынша оң шешім қабылданғанын атап өткім келеді. Бас прокуратура наразылығынан кейін 1,7 млрд теңге субсидияны қайтару туралы уәкілетті органның талабын Жоғарғы сот жойды. Жаңа комитет жұмысты жаңа деңгейге шығарады. Ол экономиканы нақты ақшамен, инвестициямен толтыруға бағытталған барлық процесті жеделдетеді, бизнеске сенімді қолдау көрсетеді", – деп сендірді Асылов.
Ал, Үкіметтің мәлімдеуінше, жегені желкесінен шыққан жемқорлардан "құстырылған" қаражатты жұмсауда басымдық әлеуметтік маңызды инфрақұрылымға беріледі. Айта кететін жайт, қайтқан қаражат Қаржы министрлігінің жанынан құрылған Арнаулы мемлекеттік қорға түседі.
Үкімет 2025 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысында, 2023 жылдан бері жалпы құны 318 млрд теңгені құрайтын 406 жобаны қаржыландыру мақұлданғаны туралы құлағдар етті. Бірақ оның бәрі бірдей қолға алынбапты. Соның ішінен бүгінде:
• 162 денсаулық сақтау саласындағы жобаны,
• 159 сумен жабдықтау саласындағы жобаны,
• 9 білім беру нысанын,
• 3 спорт нысанын қоса алғанда, 333 жоба іске асырылуда.
"Барлық жоба Мемлекет басшысының әлеуметтік маңызы бар инфрақұрылымды дамыту тапсырмасын орындауға бағытталған. Білім беру нысандары сапалы білімнің қолжетімділігін арттыруға ықпал етеді. Спорт нысандары бұқаралық спортты дамытады және салауатты өмір салтын қалыптастырады", – деп түсініктеме берді Үкімет.
Оның сендіруінше, шалғайдағы елді мекендерде медкөмек көрсету үшін "Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту" бағдарламасы аясында медициналық мекемелер құрылады. Су құбыры желілерінің құрылысы 2025 жылға дейін еліміздің барлық қаласы мен ауылын 100% таза ауыз сумен қамтамасыз етудің стратегиялық мақсатына сәйкес келеді, бұл – халықтың тұрмыс сапасын жақсарту жолындағы маңызды қадам.
Қайтарылған актив есебінен қандай нысан салынады?
Қарағанды облысы қайтарылған активтердің игілігін ең көп көрген өңірге айналды: 62 жоба мақұлданған. Оның 52-сі – медициналық, 10-ы – ауызсумен қамту жобалары. 7 ауданда 51 денсаулық сақтау объектісін – дәрігерлік амбулаторияларды, сондай-ақ фельдшерлік-акушерлік және медициналық пункттерді салу жоспарлануда.
Солтүстік Қазақстан облысы екінші орынға шықты: жалпы саны 49 жоба қаржыландырылады. Оның біреуі – білім, қалған 48-і – сумен жабдықтау саласындағы жоба. Соколов, Булаев және Преснов топтық су құбырларын қайта жаңарту, Көкшетау топтық су құбырына қосылған Айыртау ауданы мен Шал ақын ауылдық елді мекендеріне жаңа су құбырлары мен бұрмалар салу жүріп жатыр.
Түркістан облысы үштікті тұйықтайды: 36 жоба. Мұнда қайтарылған активтерге 1 білім беру объектісін салу, сондай-ақ өңір тұрғындарын сумен қамтамасыз ету бойынша 35 жобаны іске асыру жоспарланған.
Астанада бір ғана жоба қолға алынды: Кенесары көшесінде орналасқан ескі стадионның орнына "Қ.Мұңайтпасов атындағы жаңа стадион" салынуда. Жабық спорт ғимараты мүгедектігі бар азаматтарға арналған орындарды қосқанда, 3598 орынға ғана есептелген.
Шымкентте де әзірге тек жалғыз жоба: "Сайрам көмекші мектеп-интернат-колледжі" кешенінің тәрбиеленушілері үшін қайтарылған қаражатқа 300 орындық жатақхана салынады.
Алматыда қайтарылған қаражат есебінен сумен жабдықтау жүйесі бойынша 9 жоба салынады.
Шығыс Қазақстан облысында қайтарылған активтер қаражатынан 9 ауқымды жоба жүзеге асырылуда. Оның алтауы – сумен жабдықтауға, қалған үшеуі – денсаулық сақтау ұйымдарына қатысты. Мәселен, Арнаулы мемлекеттік қордан Гематология орталығының құрылысын аяқтауға қаражат бөлінді. Бас ғимаратта заманауи меджабдықтары бар зертханалар, радиациялық диагностика, кардиология, кардиохирургия, гематология, сүйек кемігін трансплантациялау және күрделі соматика бөлімшелері жабдықталады.
Ақмола облысында денсаулық сақтау, сумен жабдықтау және спорт саласында 38 жоба құрылысы басталды. Қайтарылған актив есебінен 2 медициналық нысан ашылды. Арнасай ауылында 2 мыңнан астам адамға қызмет көрсететін дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілді. Алтынды ауылында ФАП салынды. 1 мыңнан астам азаматы бар үш елді мекеннің тұрғындары уақтылы медициналық көмекке жүгіне алады.
Ақтөбе облысында 12 әлеуметтік маңызды жоба жүзеге асырылуда. Бірі – Ақтөбедегі ерекше балаларға арналған арнайы балабақша.
Абай облысында 24 әлеуметтік маңызды нысанға қаржы бөлінді. Өңірде сумен жабдықтау желілері, медмекемелер бой көтереді.
Атырау облысында денсаулық сақтау, білім беру және сумен жабдықтау салаларында бір-бір нысаннан тұрғызылады.
Жетісу облысында білім беру, денсаулық сақтау және сумен жабдықтау салаларында 22 жоба жоспарланған.
Алматы облысында жаңа спорт нысандары, сумен жабдықтау желілері мен медициналық мекемелер салынады. Қайтқан қаражат Кеген ауданының Жалағаш ауылында спорт кешенін салуға бағытталды.
Жамбыл облысында 19 жоба ел игілігіне тапсырылуға тиіс. 4 жоба денсаулық сақтау жүйесі желісі бойынша, тағы 15 жоба сумен жабдықтау желілерін салу бойынша.
БҚО-да жыл соңына дейін 25 жобаны тапсыру жоспарланған. Бұл медициналық және фельдшерлік-акушерлік пункттер, дәрігерлік амбулаториялар, сондай-ақ су құбырларын салу бойынша жобалар.
Маңғыстау облысын 1 денсаулық сақтау нысанын еншіледі.
Қостанай облысында елге оралған қаржыға сумен жабдықтау желілері түбегейлі жаңартылады. Сондай-ақ өңірде бір-бірден денсаулық сақтау және білім беру нысандарын салу жоспарлануда.
Павлодар облысында – 13 және Қызылор облысында – 14 сумен жабдықтау желілері мен медициналық мекемелердің құрылысы бойынша жобаларды іске асыру Үкіметтуің жоспарында тұр.
Ұлытау облысында жалпы саны 12 жаңа білім беру, денсаулық сақтау және сумен жабдықтау нысандары салынады.