Қазақстан жастар құрамасы Англияға жеңілді
Ақтөбеде 2027 жылғы жастар арасындағы Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңі аясында Қазақстан мен Англия жастар құрамалары кездесіп, матч 0:2 есебімен қонақтардың жеңісімен аяқталды.

Құрлық біріншілігінің қазіргі чемпионы ағылшындар ойынды қарқынды бастап, небәрі алғашқы жарты сағатта екі гол соғып үлгерді. 18-минутта – Нванери, ал 23-минутта "Реал Мадрид" жартылай қорғаушысы Джуд Беллингемнің інісі Джоб Беллингем Қазақстан қақпасын дәл көздеді.
Бұл – жас ойыншының Англия жастар құрамасы сапындағы алғашқы голы болды. Бұған дейін ол Испания, Нидерланды, Франция және Португалияға қарсы матчтарда нәтижелі әрекет жасай алмаған еді.
Алғашқы таймда ағылшындар басымдық танытқанымен, екінші кезеңде алаң иелері ойынды теңестіруге тырысып, бірнеше қауіпті сәт ұйымдастырды. Алайда есеп өзгермей, Қазақстан құрамасы жеңіліс тапты.
Айта кетейік, Англия жастар құрамасы Еуро-2027 іріктеуінде Қазақстаннан бөлек, Молдова, Андорра, Словакия және Ирландиямен бір топта өнер көрсетеді.