Сауда және интеграция вице-министрі өңірге жұмыс сапармен келді

Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция вице-министрі
Айдар Әбілдабеков сауда базарларын жаңғырту жөніндегі жол картасына сәйкес бірқатар базарлардың жай-күйімен, экспортқа бағытталған өндіріс орындарының жұмыс барысымен танысу, халық және бизнес өкілдерімен кездесу өткізу мақсатында Қызылорда облысына жұмыс сапарымен келді.
Сапар барысында вице-министр облыс әкімінің орынбасары Ардақ Зебешев және тиісті мемлекеттік орган өкілдерімен бірге облыс орталығындағы «Сыбаға», «Сұлтан-2» сауда базарлары мен экспортқа бағдарланған өндірістік кәсіпорындарды аралап, жұмыс барысымен танысты.
Қызметін 2004 жылдан бастаған «Сыбаға» сауда базарында бүгінде 600-ден аса кәсіпкер жұмыс жасауда. Базарды заманауи талапқа сай жаңғырту жұмыстарын жүргізу үшін базар басшылығымен тиісті жобалық-құжаттамалары және эскизі әзірленген. Базар әкімшілігі бұл базарды жаңғырту жұмыстарын «Сұлтан-2» базарын пайдалануға бергеннен кейін қолға алуды жоспарлауда. Ал, ~жалпы сауда алаңы 1 125 шаршы метрді құрайтын «Сұлтан-2» сауда базарының бүгінде құрылысы 85%-ға аяқталған.
Облыста күріш, балық өнімдері, ас тұзы, цемент, шыны, уран шала тотығы және аммоний метаванадатын экспорттайтын
30-ға жуық кәсіпорындар жұмыс жасайды. Вице-министр облыстың сыртқы сауда айналымының дамуына үлес қосып отырған күріш және ас тұзын өндіруші «Абай Дәулет» және Алтын Орда» компанияларының жұмыс барысын көрді.
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мәселесі аясында «Байқоңыр» ӘКК» АҚ тұрақтандыру қорының қоймасының жай-күйі, “Қызылорда оптомаркет” сауда желісінде тауарлық интервенцияның жүзеге асырылу барысы қаралды.
Сонымен қатар, өңірде жергілікті тауар өндірушілердің ауыл шаруашылығы және азық-түлік өнімдерін делдалсыз тікелей нарықта өткізуге, сондай-ақ әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыруға мүмкіндік беретін замануи форматта салынған коммуналдық базар және шағын өнеркәсіптік парк ғимараттарымен танысты, оң бағасын берді.
Вице-министр Айдар Ахметбекұлы Қызылорда облысының халқы және бизнес өкілдерімен кездесуін өткізіп, аймақтағы сауда саласының даму барысына тоқталды және кәсіпкерлердің ұсыныс-пікірлерін тыңдады.
Облыс экономикасы құрылымының 31% үлесін сауда саласы құрайды.
Биыл 7 айда сауда саласында тауарлар мен қызметтерді өткізу көлемі 6,1%-ға артты, ал инвестиция көлемі 3 есеге ұлғайып,
27 млрд теңгеден асты.
Кездесу барысында Айдар Әбілдабеков Қызылорда өңірінде кәсіпкерлердің белсенділігі жоғары екенін, кәсіпкерлер үшін қолайлы жағдай жасауды, сауда инфрақұрылымын жаңғыртуды және тұтынушыларға сапалы қызмет көрсетуді басты назарда ұстайтынын атап өтті.
Кездесуден кейін вице-министр БАҚ өкілдеріне брифинг өткізіп, одан әрі бірқатар сауда субъектілерін жеке қабылдады.