Саңлақтарға серпін берген спартакиада

Спартакиаданың ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Зинабдинұлы, облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының басшысы Бахтияр Ғарифоллаұлы, еңбек ардагері, ауыл шаруашылығы ардагерлер кеңесінің төрағасы Нұрлыбай Ұлықпанұлы қатысып, жарыс қатысушыларына сәттілік тіледі.
– Биыл дәстүрлі «Алтын күз» спартакиадасының ұйымдастырылып келе жатқанына 38 жыл толып отыр. Бұл жарыс ауылдық жердегі талай талантты спортшының шыңдалып, үлкен жетістіктерге жетуіне жол ашты. Алғаш рет Сырдария ауданы Тереңөзек кентінде өткен дода қазір облыс көлемінде дәстүрге айналып, ауыл-аймақта бұқаралық спорттың дамуына ерекше серпін берді. Ең бастысы, жастардың спортқа қызығушылығын арттырып, жігерін шыңдауға ықпал етіп келеді. Бүгінгі жарыста шын мықтылардың топ жарарына сенемін. Баршаңызды берекелі «Алтын күз» мерекесімен құттықтаймын! – деді облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбетов.
Одан соң еңбек ардагері Нұрлыбай ақсақал спортшыларға ақ батасын беріп, ізгі тілегін жеткізді. Шара соңында жас спортшылар таеквондо және көркем гимнастикадан арнайы қойылым ұсынып, талантты өнерпаздардың гала-концертімен жалғасты.
Айта кететін жайт, 18-22 тамыз күндері Қызылорда қаласында «Ұлы Жеңістің 80 және Қызылорда қаласының астана болғанына 100 жыл» толуына орай ауыл спортшыларының ХХХVIII облыстық спартакиадасы және «Ақ бидай» республикалық VIII ауыл спорты ойындарына іріктеу жарыстары басталды.
Бұл дәстүрге айналған сайыс спортшылардың ынта-жігерін арттырып, саламатты өмір салтын насихаттауға, достық пен бірлікті нығайтуға үлкен үлес қосатыны сөзсіз. Облыстық спартакиадаға Қазалы ауданынан 190 спортшы 18 спорт түрінен қатысуда. Жарыстың бірінші күнгі нәтижесімен ұлттық спорт Жамбы атудан Қазалы ауданы жүлделі ІІІ орынды иеленді. Команда құрамында Рамазан Тұяқов, Дәурен Бекет бар. Жаттықтырушысы – Салмаев Бейбіт.
Айнұр ӘЛИ