Республикалық ат бәйгесі өтті

Бұл күнгі бәйге төрт кезең бойынша өтті: тай жарысы, құнан бәйге, ошақ бәйге және аламан бәйге. Дода басталмас бұрын ел ағалары мен ардагерлер сөз сөйлеп, атбегілерге ақ батасын беріп, жарысқа сәттілік тіледі.
Алғашқы сайыс – тай жарысы. 6 шақырымдық қашықтықта 32 жүйрік тайдың тұяғын дүбірлетіп өтті. Бұл сыннан Жамбыл облысының шабандозы Қуат Дамир «Зымыран» атты торы тайымен топ жарып, мәреге бірінші болып жетті. Екінші орынды Қармақшы ауданының Дүроңғар ауылынан келген Нұржан Шөмекейдің «Карамель» атты күрең-қасқасы иеленсе, үшінші орын Бекарыстан би ауылының шабандозы Нұрболаттың «Ұлытау» атты жүйрігіне бұйырды.
Келесі кезекте құнан бәйге ұйымдастырылып, 12 шақырымдық төрт айналымда 18 құнан бақ сынады. Қызықты додада Жамбыл облысынан келген Мирас тізгіндеген «Лафиза» жүйрігі алдына жан салмай бірінші келді. Созақ ауданынан Мейір шабандоздың «Алтынқасқа» атты торы аты екінші болып жетсе, Қызылорда қаласынан келген Нұртастың «Пономеро» атты тұлпары үшінші орынға ілікті.
Жарыстың нағыз сыны – ошақ бәйге. 21 шақырымға созылған 7 айналымда 16 тұлпар бақ сынасты. Бұл бәйгеде Қазалы ауданының намысын қорғаған Нұрым шабандоздың «Бақторы» атты тұлпары алдына қара салмай мәреге бірінші болып жетті. Екінші орын да ауданымыздан қатысқан Абылайдың «Секрет» атты жүйрігіне бұйырды. Ал үшінші орынды «Тұмар» тұлпарымен Ерасыл есімді шабандоз иеленіп, қалың елдің қошеметіне бөленді.
Көпшіліктің асыға күткен ең үлкен дода – аламан бәйге. 24 шақырымдық 8 айналымға 17 тұлпар қосылып, нағыз дүлдүлдер сынға түсті. Жүздеген жанкүйердің делебесін қоздырған жарыста Алматы облысының Амир атты шабандозы «Мажор» жүйрігімен бірінші орынды жеңіп алды. Екіні орын Арал ауданынан Рауан тізгіндеген «Қозыкүрең» тұлпарына бұйырса, үшінші орынды Жамбыл облысының Қуатов Дамир есімді шабандозы «Талмас» атты торы атымен қанжығасына байлады.
Салтанатты шара соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлерге қомақты сыйлықтар табысталды.