Шілдеде жаңа көліктердің сатылымы рекордтық көрсеткішке жетті

2025 жылдың шілдесінде қазақстандық автокөлік нарығы жыл басынан бергі ең жоғарғы көрсеткішке жетті – ресми дилерлер 20 165 жеңіл және коммерциялық көліктер сатқан, бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 10,6% және маусымдағы сатылымнан 3,9% жоғары. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қазақстан автокөлік одағы таратқан мәліметке сәйкес, жыл басынан бері 125 034 жаңа көлік сатылған, бұл былтырғы осы кезеңге қарағанда 23,4% көп.
Қазақстан автокөлік одағының президенті Анар Мақашева қазір нарық тұтынушылардың түрлі сұранысына сай келетін, әртүрлі көліктің кең ассортиментін ұсынып отырғанын атап өтті.
"Шілдеде ең көп өткен 10 көліктің 8-і отандық өнім екенін айта кеткен жөн. Қазақстандықтар сапасы жоғары әрі заманауи қауіпсіздік талаптарына сәйкес келетіндіктен жаңа көлік таңдайды. Десе де автопаркті жаңарту шараларын қолдануды жалғастыру қажет", – дейді ол.
Шілдеде Chevrolet (4 048 тал; былтырғы шілдемен салыстырғанда +70,4%) көш бастап, Hyundai екінші сатыға түсіп қалды (3 713 тал; -14,4%). Үшінші орынды Kia (2 170 тал; +11,9%) еншіледі. Одан кейінгі орындарға Jetour (1 321 тал.; +26,7%), Chery (1 138 тал.; -17%) брендтері жайғасқан.
Шілдеде аса танымал болған 10 модель арасында Chevrolet Cobalt (3 417 тал), Hyundai Tucson (1 211 тал) және Kia Sportage (955 тал) алдыңғы орындарды иеленді. Одан кейінгі орындар Hyundai Elantra (695 тал) мен Hyundai Mufasa-ға (666 тал) тиесілі болған.
Жеті ай қорытындысы бойынша Hyundai (27 931 тал; +23,7%), Chevrolet (17 354 тал; +67,7%), Kia (13 489 тал; +0,2%) көш басында тұр. Төртінші және бесінші орындарды Jetour (8 563 бірл.; +73,7%) мен Chery (8 453 бірл.; +5,5%) өзара бөліскен.