Қазақстандықтар жаңа көлікті әлемдік көрсеткіштен 6 есе көп сатып алады
Қазақстанда жаңа автокөліктер сатылымының өсімі әлемдік орташа көрсеткіштен 6 есе жоғары, деп хабарлайды inform.kz.
Finprom.kz порталының мәліметінше, осы жылдың алғашқы бес айының қорытындысы әлемдік автоөнеркәсіп іс жүзінде қалпына келгенін сенімді түрде көрсетіп отыр. 2023 жылдың қаңтар-мамырында әлем бойынша 34,8 млн жаңа автокөлік сатылған. Бұл 2022 жылдың қаңтар-мамырымен салыстырғанда 10,5 пайызға жоғары. Әлемде әрбір үшінші жаңа көлік Қытайда сатылған – 10,4 млн автокөлік, бір жылда 10,5 пайызға артқан. Одан кейін АҚШ (6,3 млн автокөлік) және Батыс Еуропа (5,4 млн автокөлік) елдері тұр.
Былтырғымен салыстырғанда Жапонияда жаңа көлік сатылымы айтарлықтай өсті: 17,5 пайызға артып, 2023 жылдың қаңтар-мамыр айларында 2 млн болды. Одан кейінгі орында Шығыс Еуропа, оның ішінде Түркия (16,4%) және Батыс Еуропа (16,3%) тұр. Бұл ретте көршілес Ресейде биыл қаңтар-мамырда бар болғаны 225,5 мың жаңа көлік сатылғанын атап өткен жөн. Бұл былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 26 пайызға аз.
Әлем бойынша алғанда Қазақстанда ахуал жақсырақ. Биыл қаңтар-мамырда сатылым 66,3 мың жаңа автокөлікке жетті. Көрсеткіш 2022 жылдың қаңтар–мамыр айларымен салыстырғанда бірден 65,8 пайызға көтерілді. Сонымен қатар екінші ай қатарынан бір айдағы рекордтық көрсеткіш тіркеліп отыр. Биыл мамырда 14,7 мың жаңа көлік сатылды. Бұл қазақстандықтардың автосалондардағы кезекпен қоштасқанын көрсетеді.