Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Жаңарған жол халық игілігіне

Жаңарған жол халық игілігіне

Аймақ, оның ішінде аудан келбеті күн санап әсемденіп келе жатқанына куә болып жүрміз. Түрлі нысандар бой көтеріп, ерекше жерлер салынып жатыр. Жол жаңарып, тротуарлар түзелуде. Жол-көлік инфрақұрылымының игілігін бұқара көріп, күрмеуі шешілмей жүрген жол мәселесінің түйіні тарқауда. Көшелер құрылыс алаңына айналған. Бірінен соң бірі жалғасып жатқан құмырсқа тірлік.
«Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жо­басында елдің транзиттік-көліктік әлеуетін дамытудың негізгі көрсеткіштері нақтыланған. Теміржол және авто­мобиль жолдарының инфрақұрылымын салу, жылжымалы құрамды жаңарту, жүктерді кон­тейнерлендіру, балама бағыттар мен халықаралық дәліздерді дамыту бойынша түрлі шаралар қолға алынып, жүйелі жұмыстардың легі қарқын алып келеді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жол­да­уында стратегиялық маңызы бар міндеттің бірі көлік-логистика саласының әлеуетін толық пайдалану екенін атап өтті. Осы бағытта Мемлекет басшысының қолдауымен атқарылып жатқан байыпты бастамалар аз емес. Жарқын жобалар жүзеге асып, же­мі­сін беруде. Нәтижесінде мыңдаған шақырымға созылған автомагистральдар салынды. Елден ұш­қан ұшақтар әр елге әуе жолдарын ашты. Теміржол желілері тар­тылып, мыңдаған шақырымды жалғап жатыр. Су жолдары жаңғырды.
Жалпы жол-көлік инфрақұрылымы қоғам арасында жиі талқыланып жүрген мәселелердің бірі.
– Автокөлік жолдары – елдің экономикалық және әлеуметтік тыныс-тіршілігінің күретамыры. Негізгі қалаларымыз бен аймақтарымыздың арасын сапалыжолдармен жалғау маңызды, – деген еді Мемлекет басшысы.
Ел президентінің Үкіметтің тұрақты қолдауы негізінде және аймақ басшысының үйлес­тіруімен, аудан әкімдігінің атсалысуымен өңірдің жол-көлік инфрақұрылымы тұрақты дамуда. Ел ішіндегі аймақаралық коммуни­кацияны қамтамасыз ету мақсатында да тың жобалар жүзеге асып, облыста жол-көлік саласы қарқынды алды.

АУДАНДАҒЫ ТЫНЫС
Ауыл арасындағы және елді мекенішілік жолдарды жақсарту жұмыстары қалай жүзеге асуда? Жалпы ауданның коммуналдық меншігінде 375 шақырым аудандық маңыздағы автомобиль жолы бар. Оның 259,1 шақырымы асфальт, 82,4 шақырымы қиыршық тас және 33,5 шақырымы топырақ. Жолдардың жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесі – 91 пайызды құрайды.
Өткен жылы аудандық маңызы бар автомобиль жолдары мен елді мекен көшелерін қайта жаңғыртуға, күрделі және орташа жөндеуге бюджеттен 1 633,9 миллион теңге көлемінде қаражат бөлінген. Оған 20,6 шақырым болатын «Бозкөл-Тасарық», «Бекарыстан би-Шөмішкөл» және тағы 224 метр жол, 4,9 шақырымдық 4 көше, Әйтеке би, Жанқожа батыр, Қазалы қаласының 15 көшесі, оған қоса 3,1 шақырым болатын Әбілқайыр хан, Бегім ана, Сырым батыр көшелері күрделі жөндеуден өтіп, 6,16 шақырым болатын 26 көшеге орташа және ағымдағы жөндеу жүргізілді.
Биыл «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында барлығы 23 жоба, оның ішінде Әйтеке би кентінен 19 көшені, елді мекендерден 4 көшені орташа және күрделі жөндеу, Қазалы қаласының 10 көшесін қайта жаңғырту, Жанқожа батыр ауылының кіреберіс жолы мен «Әлсейіт» көпірінен бастап Бекарыстан би ауылына дейінгі аралықты күрделі жөндеу жұмыстары қолға алынды.
Аудан орталығының көшелеріндегі жаяу жүргіншілер жолы да тұрғындар жиі көтеретін мәселенің бірі еді. Өткен жылдан бері Жанқожа батыр көшесі мен Т.Бөріқұлақов және Қ.Пірімов көшелерінің қиылыстарына жол айрықтары салынып, Жанқожа батыр көшесінің бойындағы жаяу жүргіншілер жолы жаңарды. Қ.Пірімов көшесінен «Қазалы» мәдени-демалыс кешеніне дейін және Р.Бағланова көшесіне жаяу жүргіншілер жолы салынса, Ақарық каналынан аудандық емханаға дейінгі жаяу жүргіншілер жолының құрылысы қарқынды жүргізілуде.
Аудандағы инфра­құрылымдық нысанның бірі – Бекарыстан би мен Жаңақұрылыс ауылдарын жалғайтын аудандық маңыздағы автомобиль жолы. Аталған учаскеде жөндеу жұмыстары қарқын алып, құрылыс қызған. Жалпы ұзындығы 6,5 шақырымды құрайтын жолды жөндеуге облыстық бюджеттен 855 мил­лион теңге бөлінген. Жоба аясында бұл бағытта 18 см қалыңдықта үшқабатты асфальт төсеу жоспарлануда.
Қазіргі уақытта мердігер мекеме – «Қаза­лы жолшы» ЖШС тарапынан жолдың 5 шақы­рымына екіқабатты асфальт төселіп, құры­лыс жұмыстары белсенді түрде жалғасуда. Жолды жөндеу жұмыстары осы айдың соңына дейін толық аяқталады деп күтілуде. Ал жалпы құрылыс мерзімі жеті айға жоспарланған. Әрине, бұл бағытта бұрыннан жол болғанымен, ол уақыт өте келе тозып, жарамсыз күйге түскен. Қазіргі жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу – ауыл халқы үшін өте маңыз­ды. Себебі бұл жаңа жол тұрғындардың аудан орталығына қатынауын жеңілдетіп қана қоймай, көлік қозғалысының қауіпсіздігін де арттырмақ.
Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауын іске асыру мақсатында Үкімет авиация және теміржол саласының инфрақұрылымын жаңғыртуда. 2023 жылы «Қазақстан Темір Жолы» ҰК» АҚ және жергілікті кәсіпкерлердің демеушілігімен Қызылорда теміржол вокзалы мен аумағы күрделі жөндеуден өтіп, абаттандырылды. Көлік министрлігі, «Қазақстан Темір Жолы» ҰК» АҚ қолдауымен Жаңақорған, Шиелі, Жосалы, Төретам, Қазалы, Арал, Сексеуіл станцияларындағы 7 теміржол вокзалы, сондай-ақ Жалағаш пен Тереңөзектегі қызмет көрсету пункттері, «Талап» бекетіндегі жолаушылар платформасы күрделі жөндеуден өтеді. Аталған жобаларды жүзеге асыруға 4 мердігер мекеме бекітілді. Қазіргі таңда жөндеу жұмыстары бастау алып, құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Сондай-ақ 2 қызмет көрсету пунктін кеңейту немесе заман талабына сай жаңа ғимарат салу мәселесі қарастырылуда.
Айта кеткен жөн, биыл сәуір айында аудан орталығындағы 120 жылдық тарихы бар Қазалы теміржол вокзалына күрделі жөндеу жұмыстары басталған болатын. Сондай-ақ вокзал маңындағы теміржол үстінен өтетін жаяу жүргіншілер көпіріде қайта салынып, құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Теміржол вокзалындағы күрделі жөндеу жұмыстарын «Қазақстан Темір Жолы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының қаржыландыруымен мердігер мекеме «Бақ Береке» ЖШС жүргізуде. Вокзал ғимаратына соңғы рет 2013 жылы жөндеу жұмыстары жүргізілген. Ендігі кезекте эскиздік жобаға сәйкес, ғимараттың іргетасы мен қабырғаларын нығайту, шатырын ауыстыру, есік-терезелерді жаңарту, жолаушыларға арналған күту залдарын заманауи талаптарға сай жабдықтау, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолайлы жағдай жасау, қауіпсіздік жүйелерін орнату, сондай-ақ вокзал аумағын көгалдандыру және брусчатка төсеу секілді ауқымды жұмыстар атқарылатын болады. Бүгінде бұл жұмыстардың бірқатары басталып аяқталуға жақын. Ал вокзал маңындағы теміржол үстінен өтетін жаяу жүргіншілер көпірінің құрылысына «Қазақстан Темір жолы» компаниясы тарапынан қаржы бөлініп, бүгінгі таңда көпірдің құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Мердігер мекеме – «ҚазТеміржол Engineering» ЖШС.
Теміржол вокзалын күрделі жөндеуден өткізу – бұл уақыт талабы және стратегиялық маңызды қадам. Бұл жоба көлік қатынасының тиімділігін арттырып қана қоймай, аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына да оң әсерін тигізетін болады. Ал тұрғындар күніне жаппай қатынайтын көпір – жаңартылуы ұзақ күткен стратегиялық нысанның бірі. Екі жобаның да іске асуы ауданның инфрақұрылымын жаңғыр­ту бағытындағы маңызды қадам.
«Бақ береке» ЖШС – қайта жандандыру жұмыстарын қолға алған мердігер компания. Құрылыс сәуір-мамыр айларында басталған. Құрылыс барысында ғимараттың шатыры толы­ғымен жаңартылмақ. Сондай-ақ, сырты толығымен заманауи материалдармен қапталуда. Вокзал сыртын абаттандыру жұмыстары да осы жоба төңірегінде жүзеге асырылады. Сонымен қатар, аудан орталығының 5-ші квартал аумағында 13 мыңға жуық тұрғын бар. 40-50 жыл бұрынғы жаяу жүргіншілер көпірі қазіргі күні тиімсіз. Соған сәйкес ҚЖТ акционерлік қоғамының қолдауымен заманауи үлгіде көпір салынып жатыр. Жоба құны 1,3 миллиард теңгені құрайды.

АЙМАҚТАҒЫ АХУАЛ
Жақында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Парламент Сенатының депутаттары Наурызбай Байқадамов пен Руслан Рүстемовпен бірге Қызылорда қаласындағы жол құрылысы мен жөндеу жұмыстарының барысын көріп шықты. Алдымен Жанқожа батыр көшесіндегі теміржол өткелінің құрылыс алаңына барды. Өткел қаланың орталық бөлігін Шанхай, Коммунизм, Гагарин шағын аудандарымен қауіпсіз байланыстыруға, көлік қатынасын жақсартуға, қалаішілік жүк және жолаушылар тасымалын арттыруға, азық-түлік айналымын ұлғайту арқылы өңір экономикасының тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған. Жалпы құны 4 650,9 миллион теңге, бас мердігер «СМК Аманат», техникалық қадағалаушы «МСК Инжиниринг», авторлық қадағалаушы «Инженерный Центр Алматы» серіктестіктері.
Қазіргі таңда айналма теміржолдар салынып, инженерлік желілердің орны ауыстырылуда. Сонымен қатар, 940 тонна арматура жеткізіліп, свай каркастарын тоқу, тіреу қабырғаларына арматура орнату және бетондау жұмыстары жүргізілуде. «Қызылорда-Құмкөл» бағытындағы 9,76 шақырымдық автожолдың орташа жөндеу жұмыстарының жалпы құны 2 483,9 миллион теңге, мердігер «Дорстрой», техникалық қадағалаушы «АрхиДизайнСтройИнжиниринг» серіктестіктері. Өткен жылы 1 желтоқсанда басталған, осы жылғы 30 қыркүйекте аяқталмақ. Бүгінде ресайклинг әдісімен 7,4 шақырым, ірі түйіршікті асфальтпен 6,5 шақырым, мастикалық асфальтбетонмен 4 шақырым жол жабындысы төселді.
«Қызылорда-Құмкөл» автожолының көлік жолайрығындағы күрделі жөндеу жұмыстары жобасының жалпы құны 1,4 миллиард теңге, мердігер «Қыран» ЖШС. Қазіргі таңда көпірдің 5 кіреберіс қанаты асфальтталды. Негізгі үстіңгі бөлігіне қиыршық тас, 800 метріне асфальт төселді.
Мұнан бөлек, аймақ басшысы Тәуелсіздікке 25 жыл даңғылының жалғасы болып табылатын жол құрылысын көрді. Сырдария өзенінің қорғаныс бөгетін нығайту және Әбілқайыр хан көшесінен Саламатов көшесіне дейінгі 2,9 шақырым жол құрылысының барысын тексерді. Жобаның құны 5,3 млрд теңге. Мұнда 4 жолақты автожолмен қатар, ені 6 метр жаяу жүргіншілер және велосипед жолдары салынады. Құрылыс жұмыстарын «УАД» ЖШС атқаруда.
Әрине, көлік жолдарының жағдайы өңірдің әлеуметтік-экономикалық көрсеткішін бағамдайды. Аймақ автомобиль жолдары саласы бойынша қарқынды даму үстінде. Мұны атқарылып жатқан жұмыстарға қарап бағамдауға болады. Облыс аумағында жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 3545 шақырым. Оның 1024-і республикалық, 555-і облыстық, 1965,5 шақырымы аудандық маңызы бар жол.
Биыл жол инфрақұрылымын дамытуға республикалық, облыстық және аудандық бюджеттен 42,1 миллиард теңге қаралып, ұзындығы 330 шақырым жол, көше мен көпір өткелдері жөнделіп жатыр. Қаладағы әуежайға кіреберіс жолы мен Шіркейлі, Сыздық, Жаңадария каналдарындағы көпірлер жаңғыртылды. Ал қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің мәліметінше, қала және шет аймақтағы көшелер де күрделі жөндеуден өтіп, қайта жаңғыруда. Шаһардың басты көшелері кеңейтіліп, тегіс жолға айналды. Мәселен, қаладағы ескі базар аумағындағы Әйтеке би, И.Тоқтыбаев, Училищная көшелеріне, И.Журба тұйығына жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жоба толық аяқталса, ескі базар аумағындағы көлік кептелісі мәселесі шешімін табады. Сондай-ақ Бейбарыс сұлтан көшесі мен Жаппасбай батыр көшесінің қиылысындағы көлік жолайрығына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланды. Нәтижесінде «Қыран» ЖШС-мен келісімшарт жасалып, құрылысы басталды. Қаланың шет аймақтарындағы 11 көшеге күрделі жөндеу жүргізілуде. Бұдан бөлек, 49 шақырым болатын 77 көшеге күрделі және 16 көшеге орташа жөндеу жұмыстарының жобасы әзірленіп, қаржыға өтінім ұсынылды. Сондай-ақ қаланың солтүстік бөлігінен кіреберіс саналатын Сағымбаев көшесін 4 жолақты етіп кеңейту жоспарлануда.
Жасалып жатқан жұмыстардың нәтижелі болуы – сапалы салынған құрылыста. Мердігерлерге қойылған басты талап та осы. Мәліметтерге сүйенсек, «Жол активтері сапа орталығының» қызметіне 141 миллион теңге бағытталып, сараптама жүргізу үшін толықтай қамтылған. Былтыр облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының жақсы және қанағаттанарлық индикаторлық көрсеткішінің үлесі 92,5 пайыз болыпты. Биыл бұл көрсеткішті 95 пайызға жеткізу көзделген. Аймақтағы республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын дамытуда жұмыстар жүйелі жалғасуда. Мәселен, 424 шақырымдық республикалық маңызы бар «Қызылорда-Жезқазған» автомобиль жолының облыстағы 216 шақырымы қайта жаңғыртылуда. Құрылыс-монтаж жұмыстары 6 лотқа бөлінген. Жоба құны 108,5 миллиард теңге, жұмысқа 5 мердігер мекеме тартылды. Былтыр жол құрылысы 80 пайызға орындалып, 153 шақырым асфальт төселсе, биыл 100 пайыз аяқталмақ.
Мемлекет басшысының және Үкіметтің ерекше қолдауымен республикалық маңызы бар М-32 «Самара-Шымкент» 1806-1337 шақырым автомобиль жолының Қызылорда қаласынан Сексеуіл кентіне дейінгі аралықты ІІ техникалық санаттан І техникалық санатқа ауыстыру жобасы қолға алынған. Қазір аталған жобаның техника-экономикалық негіздемесі әзірленуде. Жоба «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы» АҚ тапсырысы негізінде жүзеге асуда. Сүйемелдеу жұмыстарын облыстық филиалы жүргізеді. Техника-экономикалық негіздеме 2 учаскеге бөлінді. Бірінші учаске қаланың айналма жолын салуға ТЭН әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды. Жоба құны – 46,3 млрд теңге. Қазір «Ислам даму банкінен» қаражат көзін тарту жұмыстары жүргізіліп, бірқатар келісімге қол қойылды. Екінші учаске 464 шақырымның ТЭН-і мемлекеттік сараптаманың қарауында. Жыл соңына дейін халықаралық қаржы институттарымен келіссөздер жүргізіліп, қаржыландыру көзі қарастырылады. Облыстан өтетін магистральды теміржол желісінің жалпы ұзындығы 1051,7 шақырым, 8 теміржол вокзалы, 2 қызмет көрсету пункті бар, 14 жұп жолаушы пойызы өтеді. Қызылордадан Петропавловск, Павлодар, Көкшетау, Семей және Түркістан қалаларына 5 жұп жолаушы пойызы ұйымдастырылған. Ал әлеуметтік маңызы бар «Қызылорда-Бесарық-Түркістан» жолаушылар пойызы облыстың оңтүстік бағытында 26 елді мекенді көлік қызметімен қамтиды. Биыл қаңтар-мамыр айларында 8,7 мың жолаушы тасымалданып, 80,4 миллион теңге субсидия игерілген.
ТҮЙІН: Өзге өңірлер секілді емес, Сыр еліндегі жол мәселесі шешімін тауып келеді. Біраз уақыттан бері түйіні тарқамаған, іркілген, шұңқыр жолдар тұрғындардың наразылығын тудырғаны рас. Бүгінде жұртшылықтың мұңы аяқасты қалмады. Бюджеттен қаржы бөлініп, өңірдегі кей көшелерге жаңа жол салынды. Жөндеуді талап ететіндері қайта жөнделді. Оның ішінде Қазалы ауданы мәдениеті мен өркениеті қатар дамып келе жатқан мекен. Мұндағы Қазалы қаласы мен Әйтеке би кентінде әрқашан жұмыс қызу. Тынымсыз тірлік...
Қош. Өңірде көлік логистика, әуежай, сапаржай, шойын жол мен жол саласында атқарылған жұмыстар легі ауқымды. Әсем келбеті көзтартар, сапасы да жылдан-жылға жақсаруда. Бастысы, жақсарған жол жұртшылыққа жасалған игі бастама екенін ұмытпағанымыз жөн.
Айнұр ӘЛИ
16 тамыз 2025 ж. 38 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031