Қазақстанда жаңа банк ашылды
KMF микроқаржы ұйымы банк ретінде қайта құрылды

Фото: istockphoto.com

Фото: istockphoto.com
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі «KMF Банк» АҚ-ға банк операцияларын жүргізуге лицензия берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Банктердің саны 23-ке жетті
Агенттік төрағасы Мәдина Әбілқасымова лицензияны «KMF Банк» АҚ басқарма төрағасы Шалқар Жүсіповке тапсырды. Жаңа банк Қазақстандағы екінші деңгейдегі 23-ші банк болды және еліміздегі ірі KMF микроқаржы ұйымын қайта құру жолымен ашылды.
«KMF – 1997 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан қаржы секторының ең көне және ең орнықты қатысушыларының бірі. 2024 жылдың қорытындысы бойынша ұйым активтер, портфель көлемі және клиенттер саны бойынша Қазақстанның микроқаржы ұйымдары арасында бірінші орынды иеленді», - деп жазылған агенттік хабарламасында.
Жұмыс істеген жылдары KMF ауқымды өңірлік желі құрды және өзін әлеуметтік бағыттағы және қаржылық тұрғыдан тұрақты институт ретінде көрсетті.
Аграрлық секторға қарыз берген
2025 жылдың 1 тамызындағы жағдай бойынша KMF активтері 395 млрд теңгені құрады. Кредит портфелі 315 млрд теңгеге жетті, бұл ретте қаражаттың 90%-дан астамы аграрлық сектордағы 100 мыңнан астам қарыз алушыны қоса алғанда, шағын және орта бизнесті қаржыландыруға жұмсалды.
«Кәсіпкер әйелдерге қолдау көрсету желісі бойынша жобалар экономиканың нақты секторы субъектілеріне KMF берген кредиттердің 55%-ын құрады. Клиенттерінің жалпы саны 275 мыңнан асты, олардың 70%-нан астамы өңірлерде тұрады», - деп жазылған хабарламада.
90 күннен астам мерзімі өткен берешек деңгейі 6%-дан төмен деңгейде қалды, ал капитал жеткіліктілігі 22%-дан жоғары, бұл қаржылық орнықтылығының жоғары екенін білдіреді. Филиал желісінде тұтастай еліміз бойынша 17 филиал мен 123 құрылымдық бөлімше болды. Қызметкерлердің жалпы саны 2 500 адамнан асты, олардың ішінде шамамен 70%-ы өңірлік бөлімшелерде жұмыс істейді.
Банк ретінде қандай қызмет көрсетеді?
Берілген лицензия банкке заңды тұлғалардың депозиттерін қабылдау, банктік шоттар ашуды және жүргізу, кассалық және аударым операцияларын, кредиттер беру және шетел валютасымен айырбастау операцияларын жүргізу, банктік кепілдіктер беру, банк операцияларын жүзеге асыру құқығын береді. Жеке тұлғаларға депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесіне қосылғаннан кейін қызмет көрсете бастайды.
Айта кетері, KMF Банк 2025 жылы банктік лицензия алған екінші жаңа банк болды. Осының алдында 25 маусымда «БиЭнКей» коммерциялық банкі» АҚ-ға лицензия берілген болатын. Бүгінгі таңда елімізде 23 екінші деңгейлі банк жұмыс істейді, оның 11-іне шетелдік қаржы топтары қатысады.