Қазақстандағы мектеп медбикелері оқушылардың тамақтану сапасын қадағалайтын болды

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Қазақстанда мектеп медбикелері оқушыларға дайындалатын тамақтың сапасын бақылайтынын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бұл міндетті медбикелер жаңа оқу жылының басынан бастап күн сайын орындайды.
"Бұған дейін олар бұл жұмысқа тартылмаған еді, мектептегі тамақтануды бақылау жауапкершілігі болмады. Бұл – жақсы шара, себебі маман бақылап отырады", – деді Бейсембаев үкімет кулуарында.
Сондай-ақ биылғы 1 қыркүйектен бастап мектептерде жаңа тамақтану стандарты енгізіледі. Онда көкөністер, жемістер мен сүт өнімдерінің көлемін арттыру қарастырылған. Стандарт бойынша тағамдағы қант мөлшері үш жарым есе, ал тұз мөлшері бес есе азаяды.
"Алғаш рет "Жемей тастау индексі" деген ұғым енгізілді. Бұл – балалардың тамаққа қанағаттану деңгейін анықтап, соған сәйкес мектептегі тамақтану жүйесінің тиімділігін бағалау үшін қажет", – деп нақтылады денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова.
Стандартта шағын жинақты мектептерде, буфеттерде және арнайы диеталық қажеттіліктері бар балалардың тамақтануын ұйымдастыру талаптары да қамтылған.
Еске салайық, бұған дейін 1 қыркүйектен бастап Қазақстан мектептерінде қант пен тұз тұтыну азаятынын жаздық. Тамақтанудың жаңа стандарты дұрыс тамақтануға бағытталған. Атап айтқанда семіздік, қант диабеті, жүрек-қан тамырлары және басқа аурулардың даму қаупін азайту мақсатында қантты 3,6 есе, тұзды 5 есеге дейін азайтуды көздейді.