Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Той эволюциясы: Қазақтың тойы қалай өзгеріп жатыр?

Той эволюциясы: Қазақтың тойы қалай өзгеріп жатыр?

Фото: pixabay.com
Салт-дәстүр бір орында қатып қалған дүние емес. Ол үнемі түрлі факторлардың әсерінен өзгеріске ұшырап, толығып, кейбірі заман талабына орай ұмытылып отырады.
Соның ішінде екі жастың үйленіп, неке қию дәстүрі де түрлі кезеңді бастан өткеріп, әр уақыт сайын өзгерістерге ұшырап келеді. Саяси режимнің ауысуы, орталықтан басқарылатын экономикадан нарықтық экономикаға көшу халықтың күнделікті өмірі мен тұрмыс-салтына айтарлықтай әсер етеді.
Қазақ халқының неке құру дәстүрі де ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, заман талабына қарай бейімделіп отырды. 
Бүгінде үлкен мейремханаларда дүркіреп өтетін жастар тойын көргенде жүз жыл бұрын қазақтың неке қию дәстүрі қандай болды екен деген ой келеді. 
Caravan.kz
Мәселен, қазақ даласындағы Қазан төңкерісіне дейінгі дәстүр мүлде бөлек еді. Бұл кезеңде неке қию жеке таңдаудан гөрі әулетаралық келісімнің нәтижесі көбірек болды. Жеті атаға дейін қыз алыспау ережесі қатаң сақталды. Жігіт пен қыздың некесі әке-шешелердің келісімімен жасалатын. Қалың мал — некенің басты шарты болды. Және қалың мал толық өтелмейінше, қыз берілмейтін. Жасаудың құрамында киіз үй, жиһаз, сәукеле, киім-кешек болды. Босаға аттаған қыз әкесінің үйінен сәукелесімен шығатын.
Сол заманда бесік құда, сүйек жаңғырту, күшік күйеу, әмеңгерлік секілді ерекше салттар да қатаң сақталатын. Мұның бәрі қазақ қоғамының отбасылық байланысқа қаншалықты мән бергенін көрсетеді.
Кейін Кеңес үкіметі орнағаннан кейін бұл бағыттағы көптеген салт-дәстүрлерге тыйым салынып, трансформация жасалды. Нақтыла айтқанда, 1917 жылғы Қазан төңкерісінен кейін дәстүрлі үйлену салты күрт өзгерді. Кеңес идеологиясы діни және дәстүрлі рәсімдерді «ескінің сарқыншағы» деп танып, олардың көбі заңмен тыйым салынды.
Қалыңдық, 1911-1913 жылдар/Getty Images
Енді екі жастың некесін молда емес, АХАЖ органдары арқылы тіркелетін болды. Қалың мал мен көп әйел алуға ресми тыйым салынды. Құдалық пен үйлену рәсімдері ықшамдалып, көзден тасада өтетін болды. Дегенмен бұл дәстүрлер толық жойылған жоқ. Мысалы, қалың малдың орнына «қоржын апару» салты пайда болды. Кеңестік тойлар үйде, комсомол стилінде өтетін. Ақ көйлек пен фата кең тарай бастады. Құдаларға арналған рәсімдер (құйрық-бауыр жеу, төс тарту, т.б.) кеңестік дәуірдің соңына дейін сақталып келді.
Ал 1980-жылдардан кейін келісімсіз алып қашу жағдайлары жиілеп, қыз келісімінсіз некелер де жиі кездесіп жатты. Бұл кезеңде діни неке сирек қиылды, бірақ ел ішінде жасырын түрде молда шақырып, неке қию жалғаса берді. Кеңес үкіметінің соңына қарай үйдің жанына тігілетін палаткадағы тойлардың дәурені жүрді. Тек кейбір ауылдарда ғана арнайы жиын өткізуге арналған орындар болатын. 1990-жылдардың ортасына дейін кейбір елді-мекендерде мектептің спорт залы той өткізуге жалға берілетін. Ал той дастарқанына қойылатын тағамдардың дені тапшылыққа байланысты қолдан пісірілетін.
1991 жылдан кейін дәстүрлі үйлену салттары қайта жаңғырып, нарық заңына бағынған жаңа формаға өтті. Той мәдениетімен бірге "той-бизнес" ұғымы пайда болды. Бұл кезеңде некенің көрінісі мүлде жаңа сипат алды. Тойлар палаткадан мейрамханаға ауысты. Қыз жасауына тұрмыстық техника мен жиһаз қосылды.
Қонақтар енді зат емес, конверттегі ақша сыйлайтын болды. Қалың мал ақшалай, кейде доллармен беріледі. Әр өңір өзіндік қалың мал мөлшерін қалыптастырған, кей жерде нақты сома айтылады. Төсек-орын, жасау жинау салттары да бизнеске айналды. Арнайы жасау тігетін шеберханалар, төсек-орын көрсету рәсімдері қалыптасты. Тіпті кейде дайын жиһаз бен техника жасау ретінде жіберіледі.
Соңғы отыз жыл ішінде бұдан да басқа өзгерістерді бастан кешірдік, тіпті қазақтың неке құру салты әлі де трансформациядан өтіп жатыр деуге болады. 
04 тамыз 2025 ж. 133 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031