Елімізде астық пен ұн экспорты 12 млн тоннадан асты

Жаңа өнімнің астығы мен ұнының экспорты оң динамика көрсетіп отыр, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
«ҚТЖ» деректері бойынша, 2024-2025 жылдардың қыркүйек–шілде айлары аралығында астық пен ұнның астық эквивалентіндегі экспорты 12,4 млн тоннаны құраған. Бұл 2023/2024 жылғы осындай кезеңмен салыстырғанда 34%-ға жоғары (9,3 млн тонна) болып отыр.
Жаңа өнімнің астық және ұн жеткізілімі айтарлықтай өсті. Оның ішінде Өзбекстанға – 28,2%-ға (3 384 мың тоннадан 4 338 мың тоннаға дейін), Тәжікстанға – 39,2%-ға (1 039 мың тоннадан 1 446 мың тоннаға дейін), Қырғызстанға – 2,5 есеге (156 мың тоннадан 398 мың тоннаға дейін), Иранға – 17,3 есеге (56 мың тоннадан 974 мың тоннаға дейін), Әзербайжанға – 120 есеге (6 мың тоннадан 723 мың тоннаға дейін).
2024-2025 жылдардағы маусымның негізгі жетістігі – экспорт географиясының кеңеюі және жаңа нарықтарға шығу болып отыр.
Қазақстан алғаш рет бұрын астық импорттаушылар тізімінде болмаған Бельгия, Польша, Португалия, Норвегия және Ұлыбританияға жеткізілімдерді бастады. Қазақстандық өнімге БАӘ, Вьетнам және Солтүстік Африка елдерінің сатып алушылары да белсенді қызығушылық танытуда. Тек «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» АҚ ұлттық астық операторы желісі бойынша Солтүстік Африкаға (Марокко) және Вьетнамға тиісінше шамамен 60 мың тонна және 15 мың тонна бидай экспортталды, - деп жазылған ауыл шаруашылығы министрлігінің хабарламасында.
Бұдан бөлек, қазақстандық астық жөнелтушілер соңғы бес жылда тоқтап қалған Әзірбайжан, Грузия және Түркияға жеткізілімдерді қайта жаңғыртқан. Сондай-ақ, Италияға қатты бидай экспорты едәуір артты.